Саясат • 02 Шілде, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің елдеріміз ұлы жетістіктердің бастауында тұр»

226 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» ақпараттық агенттігіне сұхбат берді. Egemen.kz сұхбаттың қазақ тіліндегі нұсқасын ұсынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің елдеріміз ұлы жетістіктердің бастауында тұр»

Мемлекеттер басшыларының дипломатиясы қытай-қазақ қарым-қатынасының сенімді даму бағытын айқындайды. 2022 жылғы қыркүйек айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Covid-19 пандемиясынан кейінгі алғашқы шетелдік сапарында ең алдымен Қазақстанға ат басын тіреді.

Кейінгі жылдары Қытайға бірнеше рет сапар шегіп, маңызды іс-шараларға қатыстыңыз. Сіз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен қытай тілінде талай рет емін-еркін сөйлестіңіз. Екі арада қандай тақырыптар жиі қозғалғанын айта аласыз ба?

Си Цзиньпинмен байланыс аясында қандай сәттер ерекше есіңізде қалды?

Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың даму перспективаларын қалай бағалайсыз?

– Қазақстан Қытай Халық Республикасымен тығыз серіктестікті жоғары бағалайды. Біздің қарым-қатынасымыз берік достық, ортақ тарих пен тату көршілік байланыстарға негізделген.

2022 жылғы қыркүйекте қадірлі досым – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде біз екіжақты ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басқанымызды атап өттік.

Қытай көшбасшысы пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын Астанаға жасағаны қуантады. Бұл сыртқы саясатта Бейжіңнің Қазақстанмен қарым-қатынасқа басымдық беретінін тағы бір мәрте растады.

Кейінгі жылдары мен «Орталық Азия – Қытай» саммитіне (2023 жылғы мамыр, Сиань қ.), «Бір белдеу, бір жол» атты үшінші жоғары деңгейдегі форумға (2023 жылғы қазан, Бейжің) және Боао Азия форумына (2024 жылғы наурыз, Хайнань провинциясы) қатысу үшін Қытайға үш рет бардым.

Жеке қарым-қатынасты дамыту біздің ынтымақтастығымызды тереңдетуге және екі ел арасындағы байланыстардың көкжиегін кеңейтуге тың серпін беретіні сөзсіз.

Осы жылдар ішінде арамызда қалыптасқан шынайы достық пен сенімді қарым-қатынас жаңа әрі биік мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.

Мен құрметті Төраға Си Цзиньпинмен өткізген кездесулерімді әрдайым ерекше ықыласпен еске аламын. Біз ашық әрі өзара сенімге негізделген мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылаймыз, жаһандық ахуал жөнінде пікір алмасамыз.

Шын мәнінде, кейде әңгімелесу кезінде мен әріптесіме ерекше маңызды сәттерді барынша дәл жеткізу немесе күнделікті өмірдің қызықты тақырыптарын талқылау үшін қытай тілінде сөйлеймін.

Мені Қытаймен студенттік өмірім мен дипломатиялық мансабымның басталған кезі туралы өте жарқын естеліктер байланыстырады. Жалпы, Қытайда 8 жыл тұрдым. Осы уақыт ішінде қытай мәдениетін, тарихын, тілі мен әдет-ғұрпын терең зерттедім, қытай тағамдарының байлығы мен алуан түрлілігін таныдым.

Білім беру жүйесіндегі нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған прагматикалық тәсіл және үлкенді құрметтеу, ыждағаттылық пен еңбекқорлық сияқты дәстүрлі құндылықтар мені ерекше қызықтырады. Мұның бәрі қазіргі Қытайда қалыптасқан қоғамдық қатынастардан анық көрінеді.

Осы тәжірибе маған қытай қоғамының бірегейлігін тереңірек тануға және мәдениетаралық ықпалдастық дағдыларын меңгеруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ қытай менталитеті мен өркениетін білу қазіргі геосаяси жағдайдағы қазақ-қытай қатынастарының маңыздылығын түсінуде белгілі бір дәрежеде артықшылық саналады.

Әлемде және Қытайда тез өзгеріп жатқан үрдістерді ескере отырып, тілді білу деңгейін сақтау, сондай-ақ Қытайдың саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты соңғы жаңалықтардан хабардар болу үшін үнемі қытай тіліндегі кітаптарды оқимын.

Төраға Си Цзиньпин аса көрнекті көшбасшы және дана саясаткер екені даусыз. Ол қытай халқының кең қолдауына ие болып отыр. Оның көреген саясатының арқасында ел экономикасы орасан зор өсімге қол жеткізіп, халықаралық аренадағы беделін айтарлықтай нығайтатынына сенімдімін. Қазақ халқында «ел ағасыз болмайды, су сағасыз болмайды» деген нақыл сөз бар.

ҚХР өз көшбасшысының дана басшылығымен қытай ұлтын өркендету және мемлекетті әлемдегі аса ірі державаға айналдыру жөніндегі ұзақмерзімді мақсаттарына дәйекті түрде қол жеткізіп келеді. Сіздің еліңіз өз даму жолында бұдан да биік белестерді бағындыратынына және «қытай арманын» толығымен жүзеге асыратынына сенімдімін.

Жоғары деңгейдегі өзара жиі сапарлар – елдеріміз арасында тығыз саяси диалог орнағанының айқын дәлелі. Соңғы бір жылдың өзінде біз өзара визасыз режимді енгізу, үшінші теміржол өткізу бекетін салу, екі елде мәдени орталықтар құру, 2024 жылды Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жариялау, Қазақстанда «Лу Бань шеберханасы» мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу сияқты бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік.

ҚХР Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктесі ретіндегі ұстанымын бұлжытпай сақтап келеді. Екіжақты қарым-қатынас орнаған 30 жылдан астам уақыт ішінде елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 100 есе өсіп, 2023 жылы 41 миллиард долларға жетті. Бұл –  тарихи рекорд.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстанның ең ірі шетелдік инвесторларының алғашқы төрттігіне еніп, 2 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция салды. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 16,4 пайызға көп. Жалпы, Қазақстан экономикасына құйылған Қытай инвестициясының жиынтық көлемі 25 миллиард доллардан асты.

Біздің елімізде 4700-ге жуық қазақ-қытай кәсіпорны жұмыс істейді. Бұған қоса, біз «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қаржы секторындағы бірлескен қызметімізді кеңейтуге мүдделіміз. Бүгінде орталықта 78 елдің 2800-ге жуық компаниясы тіркелген, олардың оннан бір бөлігі – қытайлық мекеме.

БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия – Қытай» форматында және басқа да халықаралық құрылымдар аясында өзара тығыз ықпалдастық жолға қойылды. Жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас.

Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толық қолдайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі ұштастыруды белсенді жалғастыруға дайын.

Қытаймен жан-жақты қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдету үшін біз алдымызға өте маңызды мақсат қойып отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін қажетті алғышарттар мен жағдайлардың барлығы жасалып жатыр. Қазіргі уақытта біздің қарым-қатынасымыздың қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, өзара тауар айналымын 100 миллиард долларға дейін арттыру міндетін толық жүзеге асыра алатынымызға сенімдімін.

Осылайша, пандемиядан кейінгі қысқа мерзім ішінде біз қарым-қатынасымызды қалпына келтіріп қана қоймай, оны барлық бағыт бойынша тиімді ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне сәтті шығара алдық. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қытай халқында «Келесі ғасырдың бақ-берекесі осы ғасырда жасалады» деген даналық бар.

Біз Төраға Си Цзиньпиннің Астанаға мемлекеттік сапарын асыға күтіп жүрміз. Алдағы келіссөздер біздің халықтарымыздың игілігіне арналатынына, ал қол жеткізілетін уағдаластықтар мемлекетаралық қарым-қатынасқа тың серпін беретініне, қарым-қатынастың жаңа перспективаларын айқындап, қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін.

– Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік ең жоғары деңгейде деп бағаланып отыр. Іс жүзіндегі ынтымақтастық экономика мен сауда салаларын қоса алғанда, түрлі бағытта жүргізіліп жатыр. «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ілгерілету ісі қарқынды дамып келеді. Сіз екі ел арасындағы өзара тиімді практикалық ынтымақтастықты үздіксіз тереңдету мәселесін қалай бағалайсыз?

Сіздің ойыңызша, Қазақстан мен Қытай болашақта қандай салаларда өзара ынтымақтастықты тереңдете алады?

– Біз 30 жыл бойы табысты екіжақты ынтымақтастықтың берік іргетасын қаладық. Осыны ескере отырып, Қазақстан тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі нығайту, өзара алмасуларды жандандыру, практикалық ықпалдастықты тереңдету үшін барлық күш-жігерін салуға дайын. Сондықтан осы кезеңде мынадай бес бағыт бойынша бірлескен жұмыстарды атқару өте маңызды:

Бірінші.  Инвестициялық саладағы ынтымақтастықты тереңдету. Ауыл шаруашылығы, жаңа энергетика, автомобиль жасау сияқты салаларға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ индустрияландыруға және қосылған құны жоғары өнімдерді өндіруге мән беру қажет.

Екінші. Елдеріміз арасындағы тауар айналымын ұлғайту, соның ішінде сауда құрылымын әртараптандыру және тауарлар номенклатурасын көбейту. Заманауи құралдарды, атап айтқанда, электрондық коммерцияны және электрондық сауда алаңдарын пайдалану керек.

Үшінші. 2024 жыл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын одан әрі ілгерілету жолындағы маңызды жыл. Бұл аталған бастаманың кезекті 10 жылдығының басталғанын білдіреді. Біз үшін Қазақстанның осы мегабастамадағы шешуші және таптырмас қатысушы, сондай-ақ сенімді еуразиялық көлік хабы және «Бір белдеу, бір жолдың» орталық логистикалық торабы ретіндегі рөлін күшейту айрықша маңызды.

Бұл ретте біз Ляньюньган портының, Сиань қаласындағы құрғақ порттың және «Қорғас – Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға баса назар аударатын боламыз.

Төртінші. Екі елдің көлік саласындағы ынтымақтастығын кеңейту. Бүгінде Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, біздің ортақ шекарамызда 3-ші теміржол өткізу бекетінің құрылысын бастау көзделген.

Бесінші. Мәдени-гуманитарлық саладағы сан қырлы ықпалдастықты жандандыру. Біз орнатқан визасыз режим практикасы, өзара мәдени орталықтарды, «Лу Бань шеберханаларын», ЖОО филиалдарын ашу, сондай-ақ әуе рейстерін көбейту жөніндегі тұрақты жұмыс халықтарымыз арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болатынына сенімдімін.

Елдеріміз ұлы жетістіктер мен жеңістердің бастауында тұр деп сеніммен айтуға болады. Бұл Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын 30 жылдығы» аясында жарқын болашаққа бастайтын ұйыстырушы жол екені сөзсіз.

ш

Жақында Сіз Боао Азия форумына қатысу үшін Қытайға бардыңыз және Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылу рәсіміне қатысушыларға үндеу жолдадыңыз. Біздің елдеріміз ғасырлар бойы тату көрші болып отыр. Екі ел арасындағы туристік ынтымақтастықтың нығаюына қандай үміт артасыз?

Тату көршілік, достық және екіжақты қатынастарды нығайту үшін гуманитарлық алмасулар маңызды деп ойлайсыз ба?

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық халықтарымыз арасындағы екіжақты байланыстар мен достықты нығайтуда маңызды рөл атқаратыны күмәнсіз. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым белсенді жүргізілгенін атап өткім келеді. Білім, мәдениет, туризм, ғылым және технология сияқты салалардағы өзара серіктестік ұдайы дамып келеді.

Биыл наурыз айында Бейжіңде Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылу рәсімі өтті. Елдеріміз арасындағы туристік байланыстарды ілгерілетуге қадам бастық. Осы рәсім қарсаңында Қытай астанасында туризм және инвестициялар жөнінде форум өткізілді, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірі қатысқан туристік жәрмеңке ұйымдастырылды.

Жалпы, Туризм жылы аясында ҚХР қалалары мен провинцияларында біздің еліміздің көрікті жерлерімен, бай мәдениетімен және әдет-ғұрыптарымен танысуға бағытталған 35-тен астам әртүрлі іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Біз Қытаймен бірлесіп, осы қарқынды жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Келесі жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жарияланбақ.

Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарын өзара ашу екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастыққа тың серпін береді. Бұл тартымды мәдени орындар халықтарымыз арасындағы достықтың алтын көпіріне айналатынына сенімдімін.

Биыл ақпан айында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ашылған алғашқы «Лу Бань шеберханасына» бардым. Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік кадрларды даярлауға арналған заманауи зертханаларды көріп, тәнті болдым.

Біз елімізде осындай зертханаларды көбейтуге аса мүдделіміз. Мұнда оқыған мамандар бірлескен жобаларды тиімді іске асыруға ықпал етеді деп ойлаймын.

Төраға Си Цзиньпиннің алдағы мемлекеттік сапары аясында «Астана» халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің қытай тілі мен мәдениетін оқытатын филиалын, сондай-ақ қытай тілін білу деңгейін тестілеу – HSK орталығын ашу жоспарланып отыр.

Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университеті филиалының ашылуы – жоғары білім саласындағы табысты ынтымақтастығымыздың тағы бір айқын дәлелі.

Елімізде Қытайдың жетекші техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу үшін қолайлы жағдай жасауға әзірміз.

– ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығын қалыптастыру жөніндегі бастамасы туралы не ойлайсыз? Аталған бастама аясында қытай-қазақ ынтымақтастығы бойынша қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– Айта кетерлігі, бұл ретте тым терең трансформация кезеңіне енген қазіргі әлем тұрақсыздықтың күшеюімен және қайшылықтардың шиеленісуімен сипатталады. Өкінішке қарай, халықаралық қауіпсіздіктің дәстүрлі архитектурасы елеулі өзгерістерге ұшырап, елдер арасындағы сенім деңгейі төмендеп барады. Осындай жағдайда адамзат жаһандық қауіпсіздік пен әлемдік экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін біріктірілген, тиімді әрі ойға қонымды әрекет ету шараларын әзірлеу қажет.

Қазіргі халықаралық жағдайда Төраға Си Цзиньпиннің тең құқықты және көпполярлы әлемнің қалыптасуына жәрдемдесуді көздейтін «Адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығы» туралы идеясының өзектілігі арта түседі. Қазақстан бұл бастаманы жоғары бағалайды. Қытайдың жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік және жаһандық өркениет жөніндегі бастамалары жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және орнықты даму мақсаттарын іске асыруға зор үлес қосатынына сенімдімін.

– Қазақстан ШЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде осы ұйым ішіндегі ынтымақтастықты әртүрлі салаларда ілгерілету үшін қандай жұмыс атқарып жатқаны туралы, сондай-ақ төрағалық кезіндегі басымдықтар мен жоспарлар туралы айтып бере аласыз ба?

ШЫҰ-ның қазіргі халықаралық жағдайдағы оң және бірегей рөлі туралы не ойлайсыз? «Шанхай рухын» одан әрі дамытуға және Ұйымның біртұтас тағдыры қоғамдастығын құруға қалай атсалысуға болады?

– Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысты көзқарасым ерекше. Ең алдымен, жауабымды осыдан бастайын. Өйткені, 1996 жылдың сәуірінде Ұйымды құру кезінде тиісті келіссөздерге, құжаттарды дайындауға қатыстым. «Шанхай бестігі» құрылған сәттен өзінің өршілдігін көрсетті және осы күнге дейінгі негізгі мақсаты – өзара сенім шараларын арттыру төңірегінде қалыптасты.

Ширек ғасырдан астам уақыттан кейін биылғы 3 шілдеде үлкен отбасы іспетті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. Мұның символдық мәні зор. Осы жылдар ішінде «Шанхай бестігінің» құрамы екі есе өсті және Астанадағы саммиттен бастап ұйым толық «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істей бастайды.

ШЫҰ-ға төрағалық ету өте маңызды әрі өте жауапты миссия екенін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Ұйымның құрылтайшысы және көпжақты диалогты дамытудың белсенді жақтаушысы бола отырып, Ұйымды өзінің теңгерімді сыртқы саясатында тұрақты басымдық ретінде қарастырады.

Біздің төрағалығымыз кезіндегі қағидаттар мен кең ауқымды күн тәртібін айқындаған кезде дәл осы уәжді басшылыққа алдық. Біздің күш-жігеріміз қауіпсіздік проблемаларын шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологияны сақтауға және халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды нығайту мәселелерін ілгерілетуге бағытталады.

Сонымен қатар ірі халықаралық және өңірлік құрылымдармен байланысты кеңейту арқылы Ұйымның халықаралық беделін одан әрі нығайту – маңызды міндет. Қазірдің өзінде Нью-Йорктен Бейжіңге, Найробиден Мәскеуге дейін 150-ден астам іс-шара өткізілді. Осылайша ШЫҰ әріптестерінің ауқымы кеңейді, ал шарттық-құқықтық база 60-тан астам құжатпен толықтырылады.

Төрағалықтың шарықтау шегі – Астанада өтетін саммит. Біз оған баса мән беріп отырмыз. ШЫҰ-ны одан әрі жетілдіру үшін стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады деп үміттенеміз. Ықпалдастықтың орта мерзімді перспективаға арналған негізгі бағыттары айқындалып, қазіргі сын-қатерлерге лайықты төтеп беру және дер кезінде ден қою жөнінде бастамалар әзірленеді.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына Қазақстан төрағалығының бастамаларын қолдағаны, ұсыныстарымызды мақұлдағаны және біз ұсынған басымдықтарды ілгерілетуде бірлесе жұмыс істегені үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.

Саммиттің қорытынды шешімдерінде «Шанхай рухының» өзара сенім, достық, өзара пайда және бір-біріміздің мүдделерімізді ескеру сияқты негізгі қағидаттары толық іске асырылады деп ойлаймыз.

Біздің пікірімізше, ШЫҰ жалпыәлемдік үдерістерден тыс қалмауы керек. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама лайықты бағаланып, барлық мүше мемлекеттердің қолдауына ие болғанына ризашылық білдіремін. Астанадағы саммитке қатысушылар адал әрі ашық жаһандық диалогті бастау, қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын қабылдау, әділ экономикалық орта құру және планетаның тазалығын сақтау үшін қажетті күш-жігер жұмсау жөнінде әлемдік қоғамдастыққа үндеу жолдайды.

2024 жыл Қазақстанның бастамасымен ШЫҰ-ның Экология жылы болып жарияланды. Экология, табиғи аумақтарды қорғау, экотуризм, климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларында халықаралық құжаттар әзірленіп, оларды қабылдау жоспарланып отыр.

Биыл ақпан айында БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі Ассамблеясының 6-шы сессиясы алаңында өткен ШЫҰ – БҰҰ-ның «Бір планета, бір болашақ: экологиялық орнықтылық үшін күш-жігерді біріктіру» атты жоғары деңгейдегі арнайы іс-шара көпшілік назарын аударды. Бұған Қазақстан бастамашы болды. Оның қорытындысы бойынша ШЫҰ мен ЮНЕП (БҰҰ-ның қоршаған орта саласындағы бас органы) арасында байланыс орнады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланды. ШЫҰ экология және климаттық өзгерістер проблемаларына пәрменді түрде ден қоя алатынына сенімдімін.

Адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығы туралы айтар болсақ, бұл инновациялық тұжырымдама бүкіл әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып, халықаралық қатынастардың жаңа моделін қалыптастыруға негіз болғанын атап өткім келеді. Оның мақсаты – қазіргі мемлекетаралық қарым-қатынастарда кемшін болып тұрған өзара тиімді ынтымақтастық пен сенімді диалогті жолға қою.

Осы орайда адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығы идеясы мен «Шанхай рухының» қағидаттары үндес және бір-бірін үйлесімді түрде толықтыра алады. Бұл, әсіресе екі тұжырымдаманың орнықты дамуға, бірлесіп өркендеуге, ашықтық пен инклюзивтілікке бағытталғанына қатысты. Аталған тағдыршешті тұжырымдарды көпжақты құрылымдар аясында және екіжақты деңгейде ілгерілете отырып, әлемдік қоғамдастық оларды халықаралық қатынастарда нормаға айналдыра алатынына сенімдімін.