Технология • 02 Шілде, 2024

Жаңа технология жетістікке бастайды

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

28 маусымда Астанада өткен кеңейтілген басқосуда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) кен орындарында технологиялық сын-қатерлер бойынша Жол карталары іс-шараларының орындалу барысы талқыланды.

Жаңа технология жетістікке бастайды

ҚМГ кен орындарының түйткілді мәселелерінің бірі өндірілуі қиынға түсетін қорларды игерумен байланысты. Қазіргі уақытта жетілген кен орындарынан алынатын қалдық қорлар шамамен 450 млн тоннаны құрайды, бұл ретте өндірілуі қиынға түсетін қорлардың үлесі 50%-дан асады. Өндірілуі қиынға түсетін қорлардың басым бөлігі тұтқырлығы жоғары, мұнай өткізгіштігі төмен және карбонатты коллекторлары бар кен орын­дарына шоғырланған.

ҚМГ жетілген кен орындары үшін технологиялық сын-қатерлер Жол картасы бойынша (жалпы саны 70-тен астам) өндірудің 80%-дан астамын қамтамасыз ететін үздік 12 кен орны анықталды. Осы кен орындары бойынша мұнай өндіру коэффициентін (МӨК) ұлғайту жөніндегі іс-шаралар бекітіл-
ді.

Кеңесте өндіріс қарқынын ұлғайту мақсатында қолданылған техно­ло­гия­лардың нәтижелері қаралды (орта МӨК – 38%). Сондай-ақ ҚМГ әрбір өндіруші кәсіпорынның технологиялық сын-қатерлері бойынша 2028 жылға дейінгі нақты күнтізбелік жоспар ұсынылды. Бұл карталар дайындық жұмыстарын, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарды және кен орындарына тиімді технология­ларды енгізуді қамтиды.

ҚМГ басшысы өндірілуі қиынға түсетін мұнай қорларын игеру, рен­табельділігі төмен кен орындарынан мұнай өндіру қарқынын арттыру, жөндеуаралық кезеңді ұлғайту, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу үшін ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) жүргізу сияқты түйінді мәселелерді атап өтті.

«Жаңа технологиялар мұнай өнді­рудің ұлғаюына қол жеткізуге мүм­кіндік береді. Өндірілуі қиынға түсетін мұнай қорларының зор әлеуетін ескере отырып, жетілген кен орындарындағы өндірісті арттыру және МӨК ұлғайту үшін сыналған және ұсынылған технологияларды өнеркәсіптік енгізу тәжіри­бесін барынша ауқымды ету қажет», деп атап өтті кеңесте сөз сөйлеген А.Хасенов.

Кеңес нәтижесінде ҚМГ өндіруші компаниялардың алдына нақты мін­деттер қойылды.