Суретті түсірген - автор
Саяхаттап Катонқарағайға барған ел Рахман мен Қаракөл, Ирек пен Көккөл секілді көпшілік білетін бағыттарды ғана маңдайға алады. Одан басқа да киелі жерлер аз емес-ті. Соның бірі – күнгей беттегі тау қуысындағы Бес саусақ еді. Іздеп барар болсаңыз, жол талғамайтын көлікпен Жамбыл аулының тұсынан тау арасымен Маралды аулына қарай тартасыз. Бұралаңы мен өрі көп жолды басып өтіп, ауылға екі шақырым жетпей, жолдан оңға қарай бұрылсаңыз, қоршау ішіндегі соқпақпен Бес саусаққа тура барасыз. Ол дегеніміз – дәудің саусақ іздері қалғандай алып тас. Жергілікті жұрттың аузында жүрген аңыз-әңгімелерге сенсек, ертеде, тым ертеде дәу осынау тасқа саусақ іздерін қалдырса, енді бірі «пайғамбардың саусағы» деген де болжам айтады. Кейбіреулер неолит дәуірінде қашалған деген де нұсқа айтқан. Ортаңғы саусақтың ізі үш метрге таяу. Тасқа біткен саусақ ізіне мұқият қарасаңыз, кәдімгі адам саусағы іспетті. Буындарына дейін байқалады. Бәлкім қандай да тылсым күш бар ма? Ал Катонқарағай ұлттық мемлекеттік парк қызметкерлері табиғаттың жаратылысы деп есептейді.
«Қариялар аңызға балап, Бес саусақты ерте кезден айтып жүретіндері есімізде. Бірақ бұл алып тас судың әсерінен мүжілген секілді. Жалпы, Катонқарағай аумағында таста қалған тылсым іздер көп. Аяқтың ізі қалғандай да жартас бар. Оның бәрін арнайы ғылыми орталық зерттеуі керек шығар», дейді жергілікті журналист Тимур Смағұлов.
Иә, Алтайдың қойнауы тылсымға толы. Ашылмаған жұмбағы, айтылмаған сырлары көп. Әдемілік тұрғысынан ғана емес, ғылыми жағынан да зерттелсе, талай жұмбақтың жауабы табылар ма еді?
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы