
Озат оқушы көпбалалы отбасынан шыққан. Айымның анасы Айгерім Манатқызы перзентінің мектепті «Алтын белгіге» бітіргенін, білімге ерекше құштар екенін айтты.
– Қосшы қаласында тұрамыз. 6 балам бар. Айым – тұңғышым. Ол әжесінің меншігінде. Мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, осыған қоса 100 мың теңге сыйақы алған болатын. Кішкентайынан өте алғыр, қажырлы, оқуға ынталы болды. Бізде ата-ана ретінде мүмкіндігімізше оған қолдау білдіріп келеміз, – деді анасы.
Ал Айымның өзі екі шет тілін таңдап отырғанын жеткізді. Ол осы жетістікке қол жеткізу үшін ұялы телефоннан алшақтап, кітапқа көбірек көңіл бөліпті.
– Білімге құштар жақсы орта таптым, бірге дайындалдым. Телефоннан алшақтап, кітапқа көңіл бөлдім. Уақытымды тиімді пайдалануға тырыстым. Ата-анамның үмітін ақтағаныма қуанып тұрмын. Осы орталыққа 10-сыныптан бастап келіп, дайындалып жүрмін. Дүниежүзі тарихы және ағылшын тілі пәндерін таңдадым. Осы орайда ата-анама және ұстаздарыма алғыс айтамын. Алла қаласа, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен екі шет тілі мамандығын таңдап отырмын, – деді А.Ержанова.
ҰБТ үздігі «Zerdeli» ақыл-ойды дамыту орталығында тестілеуге дайындалған екен. Осыған орай оған аталған орталық директоры Ырысбек Мәуітұлы 5 миллион теңге және iPhone 15 телефонын сыйлады. Өткен аптада 140 балл алған Жаннұр Еңсебекті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, бағалы техника сыйлап, ата-анасына алғыс білдірді. Сондай-ақ түлекті дайындаған ұстаздардың рөліне де тоқталып өтті.
– Жаннұрдың ҰБТ-да жоғары көрсеткіш көрсетуі – еңбекқорлықтың, шыдамдылық пен ынтаның нәтижесі. Бұл ретте ата-ананың қолдауы, қамқорлығы мен балаға деген сенімін де айту керек. Сондай-ақ мұғалімдердің де кәсібилігі мен жұмыстарына деген адалдығының жемісі. Бұл қуанышты сәт өмірдегі жаңа жетістіктер мен жеңістердің бастамасы болсын! – деді министр С.Нұрбек.