Балалар • 03 Шілде, 2024

Этнолагерь тәлімі

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия жанында жазғы «Сарыжайлау» этнолагері жұмыс істеп жатыр. Бұл демалыс орнының ерекшелігі – мұнда оқушылар әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді тереңірек меңгеріп, ұмытылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын өздері жасап үйренеді.

Этнолагерь тәлімі

Этнолагерьдің негізгі мақсаты – балалар­дың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыра отырып, ұлт­тық сана-сезімі қалып­тас­қан, жал­пыадамзаттық құнды­лық­тарды өзара ұштастыра алатын ұлт­жанды тұлға тәрбиелеу. Мау­сымда жұмысын бастаған этно­лагерь шілденің соңына дейін төрт ауысым бойы жұмыс
істейді.

«Тілімізді, дінімізді, өнері­міз­ді оқушылар бала күнінен бастап бойына сіңіруі керек. Сонда біз нағыз ұлтжанды азаматты, елімізді көркейтетін қыз бен ұл тәрбиелейміз. Шебер мұғалімдеріміз, әжелер қауымы өскелең ұрпаққа киіз басуды, жүн түтуді, қамшы өруді, басқа да қол­өнерді, терімен жұмыс істеуді, ұлттық тағамдар дайындауды үй­ретеді», деді М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия дирек­торы Гүлмира Оралқызы.

«Сарыжайлау» этнолагерінде бірінші маусымда 300-ге жуық оқу­шы демалды. Ал қазір екін­ші маусымда 200-ге тарта оқушы қамтылған. Бұған дейін қалып­тасқан, таптаурын лагерьлік жү­йе­ге тың жаңашылдық енгізіп, ұлттық болмысты тану тұрғы­сын­да ұйымдастырылған осындай лагерьді бабадан қалған мұра­лар­ды келешек ұрпаққа жалғау­дың алтын көпірі деуге толық негіз бар.

Бұл жақта күн тәртібі «Қара жорға» биімен басталады. Одан кейін «Салт-дәстүрлерді үйрену», «Қолөнер», «Ұлттық тағамдар», «Қыш өнері» сияқты шеберлік сабақтары өтеді. Бұған қоса, «Ұлт­тық дәстүрін ұлықтаған ұрпақ» тақы­рыбында «Әжелер мектебі­нің» сабақтары, тоғызқұмалақ, бес асық сияқты ұлттық ойындар, роботтехника және STEM сабақ­тары, домбыра мен ән сабақтары ұйымдастырылады.

Аталған этнолагерьде оқу­шы­­лар жазғы демалысын тиімді әрі пайдалы өткізетіні анық. Он күн бойы бір үйірмеге қатысып, өзі қызыққан істі немесе өнерді толық үйренбесе де, әліппесін меңгеріп, таным іргетасын қалып­тастырып шығады. Айта кете­йік, Астана қа­ласы білім ұйымдарының базасында 97 мектеп жанындағы лагерь, оқу­­шы­лардың қызығушылықтары бо­йын­ша 75 бейіндік лагерь және 21 этнолагерь бар.