фото: aikyn.kz
Биыл 1-тоқсанда экономиканың түрлі саласында 9,2 млн адам еңбек етсе, оның 7 млн-ын жалдамалы жұмысшылар құрады (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,2%-ы). 2,2 млн адам өз бетімен кіріс көзін тапты (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,8%-ы).
Өткен жылдың сәйкес мерзімімен қатар қойғанда елде жұмыспен қамту 134,6 мың адамға, негізінен жалдамалы жұмысшылар есебінен артқан. Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (16,8%), білім беру (13,1%), өнеркәсіп (12,3%) және ауыл шаруашылығы (11,1%) салаларында байқалды. Сонымен бірге еңбек ресурстары нарығында негізінен кәсіби дағдыны ғана қажет ететін орта және төмен білікті қызметкерлерге сұраныс көбейді. Биылғы сәуірде Enbek электронды биржасында басым бөлігі осындай 90 мыңнан астам ұсыныс орналастырылған. Жұмыстың бұл бағыты қызметкердің білімі мен еңбек өтіліне арнайы талап қоймайтынымен ерекшеленеді. Бұл жас маманның немесе жаңа салада өзін сынап көруді ұйғарған адамның еңбек жолын жеңілдетіп, кәсіпті қысқа мерзімде игеруіне жағдай жасайды.
OLX хабарландырулар сервисі мен Еnbek электронды биржасының дерегінше, қазір өнеркәсіп, құрылыс және ТКШ саласында жұмыс күшіне қажеттілік тұрақты түрде өсіп келеді. Ең танымал өндіріс позициясына (523 ұсыныс) дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, қоймашы, өндіріс менеджері және кәсіпорындағы жұмыс үдерісінің басқа да өкілдері айналысатын мамандықтар кіреді. Нақты мамандық пен жұмыс берушіге байланысты жалақы орташа есеппен 255 000 теңге көлемінде. Құрылыс алаңдарында және жөндеу бригадаларында кадрларға тұрақты қажеттілікті орташа жалақысы 250 000 теңгені ұсынатын 580 бос жұмыс орны бойынша атап өтуге болады. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен құрылыс-жөндеу компанияларында электр-газбен дәнекерлеушіге жоғары сұраныс 562 бос жұмыс орны бойынша байқалады. Еңбекақы төлеу деңгейіне әсер жұмыс тәжірибесіне, біліктілігіне және дәнекерлеу түріне сәйкес өзгеріп, орташа есеппен 250 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарының жөндеу шеберханаларына қажет слесарь үшін осындай еңбекақымен 530 бос жұмыс орны бар.
Ешқашан ескірмейтін жүргізуші (такси, жүк тасымалдау, логистика) мамандығы бойынша жаңа қызметкерлерге 300 000 теңге орташа жалақымен OLX-те 505, Еnbek-те 617 бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ қызмет көрсету де – әрдайым қажет, көкжиегі кең сала. Сатушы, даяшы және әкімші сияқты мамандықтарды қамтитын сектор 200 000 теңге медианды жалақы төлеуге әзір. Кез келген мекеменің ережесі мен тәртібін реттейтін әкімшілер үшін орташа 240 000 теңге жалақымен 155 бос жұмыс орны бар. Ал аспаздар 264 жаңа жұмыс орнын толықтыра алады (орташа жалақы – 260 000 теңге). Әрине, жұмысшы жалақысының деңгейі әр өңір бойынша, біліктілікке және жұмыс ерекшелігіне байланысты ауытқиды.
Экономиканың тепе-теңдігі мен тиімділігін сақтай отырып, «көгілдір жағалылар» маңызды әлеуметтік рөл атқарады. Олардың міндетіне тауар өндіру мен жеткізу, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу сияқты қол еңбегі мен арнайы дағдыларға негізделген әртүрлі күнделікті тапсырмалар кіреді. Маман еңбегінің өндіріс үдерісіне және әртүрлі саланың жұмысына айтарлықтай әсер ететінін ескерсек, оның қоғам дамуындағы үлесін салмақтау қиын емес.