Қоғам • 03 Шілде, 2024

Қоғам дерті ойландырады

163 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде букмекерлік кеңселер саны жыл санап артып келеді. Жарна­масын жарқыратып беріп, менмұндалап тұратын букмекерлік, компьютерлік клубтардың да қарасы азаяр емес. Салдарынан оңай жолмен ақша табамын деп, құмаройынға құныққан, бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізіп жүрген жас­тар көбейді.

Қоғам дерті ойландырады

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жарнамасы жер жарып, заңдық тұрғыда ешқандай тосқауыл болмаған соң елдегі ересектер ғана емес, балалар да құмаройынға тәуелділердің қатарын көбейтіп келеді. Елі­мізде қазір 700 мыңнан аса оқушы құмар­ойынға тәуел­ді ретінде тіркелген. Статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, компьютерлік және букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымы өткен жылы 500 миллиард теңгеге жеткен. Елдегі букмекерлік кеңселер, ком­пьютерлік клубтар мен кази­нолардың біркүндік қаржы­лық айналымы 3,5 миллиард теңге болса, жылдық қаржы­лық айналымы 1 триллион тең­гені құрайды. Онлайн құ­мар ойынды жарнамалаған екі мыңға жуық интернет ресурс бұғатталған. Құмар­ойынға құныққан бір адамды емдеуге кемінде 5 ай уақыт кетеді екен. Еміне айына 600 мың теңге жұмсалатын көрінеді. Қарап отырсаңыз, құмар­ойындардың көрігін қыздырып отыр­ған­дар қаншама адамның тағдырына балта шауып, өмірмен қош айтысуына себеп болып жатыр.

Ойынның жетегінде кетіп, қарыздан көз ашпайтын адам кез келген уақытта қылмысқа барады немесе оның өз-өзі­не қол салмауына кепілдік жоқ. Себебі ойынқұмарлық – пси­хологиялық ауру. Тәуелділікке ұшыраған адамдар көп жағдай­да өз әрекетіне есеп бере алмайды. Мұндай адамдар қоғамға қауіпті.

Түркістан қалалық емхана­сы­ның психологі Бағила Би­мен­диева ойын­құмарлық та нашақорлық пен ішімдік­ке құмар­лық секілді тәуел­діліктің бір түрі екенін айтады. Психо­логтің сөзіне қарағанда, лудоманиядан емделген адамның толықтай сауыққанына 100 пайыз кепілдік берілмейді. Өйткені құмаройынға құмарлық – дауасы жоқ дерт. Маманның сөзіне сенсек, емделушілердің көбі бір рет ойнап көрген соң әрі қарай ойынды тоқтата алатынына өз-өзіне сенімді болғандар. Алайда алғашқы бәс тігуден кейін өз әрекетіне есеп бере алмай, соңында несие алып, қарызға батып, бастарын жоғалтып алады екен. Психологтің көмегіне жүгінетіндердің басым бөлігі 25-35 жас аралығындағы нау­қас­­тар болса, оның ішінде 15-18 жастан бас­тап құмар­ойынға құмартқандар да жиі кез­деседі. Себебі елімізде құ­мар ойындардың нарығына бақылау жоқтың қасы.

– Елімізде 21 жастан бастап заңды түрде бәс тігіп, ойнауға шектеу қойылмаған. Ал әлемдік тәжірибеде бәс тігуге белгілі бір деңгейде шектеу қоятын елдер бар. Мәселен, экономикасы көш ілгері кеткен Ұлыбританияның өзінде 25 жастан бастап қана бәс тігуге рұқсат береді. Бұл жас­та адамның физиологиялық және психологиялық тұрғыда дамуы толық жетілген болып есеп­теледі. Жиырма бес жасқа дейін­гі жастарға кез келген нәрсе қы­зық. Олар өмірдің оң-терісін то­лық бағамдап үлгермеген жаста болғандықтан, жастықтың буымен шалыс басуға бейім тұрады. Яғни өз әрекетін толық тежей алмайды. Жалпы, кез келген жастағы ойынқұмарлармен жұмыс істеу – өте қиын және өте ұзақ үдеріс. Олармен те­рең әрі үздіксіз жұмыс істеу керек. Қауіптің бетін қай­тарға­нымызбен, емделуші кез келген уақытта сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен қай­тадан ойынға салынып кетуі мүмкін, – дейді Бағила Рахманбердіқызы.

Яғни жарнамасы жарқырап тұрған ойынды тағы бір ойнап көрейін деп, бұрынғы әдеті­не қайта басады. Өйткені әлгін­де айтқандай, елімізде құма­р­ойындарға қарсы күрес пәрменді емес. Жарнама жа­сау­ға кедергі жоқ, кез келген спорттық ойындарда бук­ме­кер­лік кеңселердің өкілдері келушілерді құрығына іліндіріп, арбап алады. Бұл науқастардың ойынқұмарлықтан арылуына мүмкіндік бермейді. Керек десеңіз, әлеуметтік желі арқылы рулетка ойынын ойнатқызып, ақша тауып жүрген пысықай­лар да бар. Интернет арқылы ақылы ойын ойнап, ата-анасы­ның картасындағы ақшасын ұтыс­қа салып жіберген бала­лар да кездеседі. Ақылы ойын­ға құмартатын 10-15 жас ара­лығындағы балалар. Ал Түр­кістан облысында лудомандарды емдейтін орталық та жоқ.

Егер лудоман үлкен сомаға ұтылып қалса, ол тоқтамайды, керісінше, қай­тарып аламын деп, қосымша ақша іздей бас­тайды. Жалпы, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі ора­сан зор. Сондықтан жас ұрпақ­ты құмар­ойынның зиянды ық­палынан қалай да қорғау керек. Қазақ жастарының құма­ройындарды емес, спортты серік ететін жігерлі, жалынды азамат болуы­на қайткенде ықпал етуіміз қажет.

Раушан НАРБЕК,
журналист