фото: irkutskoil.ru
Энергетика саласының көшбасшыларын біріктіретін кәсіби халықаралық платформа аймақтағы негізгі өндіруші кәсіпорындар басшыларының, бақылаушы органдар өкілдерінің, инвесторлардың, жетекші құрал-жабдық компанияларының, технология лицензиарларының, сондай-ақ инженерлік-конструкторлық, құрылыс кәсіпорындарының назарын аударды. Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Энерго» АҚ стратегиялық әріптестігімен «Vostock Capital» компаниясы ұйымдастырған іс-шараға өз еліміздің, Қырғызстанның, Өзбекстанның және Тәжікстанның энергетика саласының мамандарымен қатар Еуропа, БАӘ, Қытай, Жапония, Түркия және басқа да мүдделі елдерден келген технология мен жабдық жеткізушілер жиналды.
Аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін жиында жылу энергетикасы саласындағы сын-қатерлер мен стратегияларға ден қойылды. Ортақ диалог өңірдегі энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік, жұмыс істеп тұрған жылу стансаларының сенімділігі, жылу электр орталықтарының көмірден газға ауысуының практикалық жобаларында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін ескере отырып, тозығы жеткен стансаларды техникалық қайта жарақтандыруды, оларды жаңғырту барысындағы заманауи инновациялық шешімдерді талқылауға негізделді.
ЖЭО тиімділігін арттыру бағытындағы тәжірибемен алмасу барысында жобаларды іске асыру мақсатында қабылданып жатқан тәсілдермен танысуға деген қызығушылығын ескере отырып, қатысушыларға Алматыдағы ең ірі А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ға экскурсия ұйымдастырылды. «АлЭС» АҚ құрамына кіретін бұл станса отынды көмірден газға ауыстырумен жаңғыртудың бастапқы күрделі кезеңінен өтіп жатқаны мәлім. Яғни көптеген қаржылық, техникалық-технологиялық, цифрлық, экономикалық, логистикалық міндеттерді шешу керек. ЖЭО-2-дегі қайнаған жұмыс энергетиканың парниктік газ шығарындыларын біртіндеп төмендетуге және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге көшуінің көпқырлы аспектілері мен қиындықтарын айқын көрсетті.
2-ЖЭО мамандары нысанның тарихымен таныстырып, жабдықтар мен басқа да маңызды қондырғылардың ерекшеліктерін кәсіби тұрғыда әңгімелеп берді. Қатысушылар негізгі қалқан басқармасын, турбиналық цехты, №1 басқару қалқан блогін, ашық тарату құрылғысының трансформаторларын және салынып жатқан жаңа станса нысанын аралап көрді.
Сонымен қатар 2-ЖЭО-да бекітілген кестеге сәйкес жабдықтардың сенімділігін арттыруға және алдағы жылыту маусымында стансаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жөндеу жұмыстары кең қарқын алды. Бұл ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын қоса алғанда, стансаның турбиналық, қазандық агрегаттарын қалыпқа келтірудің едәуір көлемін қамтиды. Қазіргі кезде «Энергожөндеу» ӨЖК мамандарының күшімен 2 қазандық агрегат, 3 турбиналық агрегат және 5 трансформатор жөндеуден өтті. Орталықты жаңғырту мен газға ауыстыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ойдағыдай аяқталып, қала экологиясын жақсартуға ықпал етуі Алматы энергетиктерінің игі мақсатқа жетудегі аршынды қадамы болмақ.