Қоғам • 03 Шілде, 2024

Құқықтық нормалар түсіндірілді

54 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мен Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбе облы­сы­ның депутаттармен және әйелдер қауымымен кездес­ті. Отырыста соңғы заңнамалық өзгерістер талқыланды.

Құқықтық нормалар түсіндірілді

фото: tolqyn.kz

Дания Еспаева өткен сессияда Мәжіліс әйелдер мен балалар­ды әлеуметтік, экономи­ка­лық және құқықтық қорғауға ба­ғытт­алған бірқатар заң қабылдағанын айтты. Ең негізгілері – тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балалар­ға қарсы қылмыспен күресуге қатысты түзетулер, кредит беру кезін­дегі қатерлерді азайту және қа­рыз алушылардың құқық­тарын қорғауға бағытталған түзету­лер мен «Ұлттық қор балалар­ға» заңы.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлей­менова елімізде әйелдер құқығын қорғау шаралары тек осы заңмен шектелмейтінін атап өтті. Алдағы уақытта еңбек кодексіне қудалау ұғы­мын енгізу жоспарланып отыр. Жы­ныстық қудалауға қатысты жауап­кер­шілік те қарастырылады. Сон­дай-ақ депутат алимент өндіруге көмектесу шаралары қарастырылып жатқанын айтты.

– Қазір бізде екі шешім бар. Біріншісі – алимент төлемей жүрген азаматтар үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін қарастыру. Екіншісі – жалпы алимент төлеу жөніндегі мемлекеттік қор құру, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Жиында Ақтөбе облысында белсенді әйелдердің рөлі артып келе жатқаны айтылды. Қазіргі таңда облыста компанияларды басқаратын әйелдердің үлесі 51,1 пайызға жеткен. Жалпы, облыс бойынша кәсіпкерлердің 56,5 пайызы – әйелдер. Басшы әйелдердің басым бөлігі, яғни 70 пайыздан астамы білім беру саласында жұмыс істейді. Облыстың барлық деңгейдегі мәслихатындағы 205 мандаттың 46-сы немесе 22,8 пайызы әйел.

Жиынға қатысушылар білім беру ұйымдарына лицензия беру, гендерлік теңдікті қолдау, ажырасу кезінде мүлікті бөлу, мектеп оқушылары арасындағы бұзақылық, балабақшадағы маман тапшылығына қатысты және басқа да мәселелерді көтерді.

Соңғы жаңалықтар