Энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жөніндегі бірлескен жобаға ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар жобаның ағымдағы кезеңін талқылап, нысанды уақтылы пайдалануға беру үшін жаңғырту қарқынын жеделдету ниетін растады.
Шымкент МӨЗ-ін кеңейтуді ескере отырып, зауытты шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету және Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту шаралары қаралды. Қазіргі уақытта қазақстандық және қытайлық сарапшылар қажетті есептер жүргізді.
Кездесу барысында Олжас Бектенов пен Дай Хоулян «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бірінші желісін салу және іске қосуға табысты жүзеге асырылған бірлескен жобаны мысалға ала отырып, газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру перспективаларына тоқталды.
Үкімет басшысы бірлескен кәсіпорындар табысты әрі экономикалық жағынан тиімді екенін айтты. Сонымен қатар Премьер-министр жергілікті тауар өндірушілермен және қызмет көрсетушілермен тығыз өзара іс-қимыл жасау арқылы жергілікті қамту үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан да басқа елдер секілді, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық міндет қойып отыр. Ең алдымен, бұл – мұнай өңдеу қуаттарын құру және жаңғырту. Біз Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Біздің барлық жобаларымызды іске асырудағы басымдықтардың бірі – жергілікті қамту мәселелері. Егер елімізде қажетті тауарлар немесе жабдықтар өндірілмесе, онда оларды жақын арада Қазақстан аумағында локализациялау мәселесін бірлесіп пысықтауды ұсынамыз», деді О.Бектенов, Үкіметтің бірлескен жоспарларды іске асыруда ашық әрі сындарлы диалогке дайын екендігін растай отырып.
Айта кетейік, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) әлемдегі ең ірі ТОП-3 мұнай компаниясының қатарына кіреді. Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіне 45 млрд доллардан астам қаражат салынған. Ел бойынша CNPC кәсіпорындарында 30 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың 98,3%-ы – ел азаматтары.