13 мыңнан астам адам жұмыс істейтін «Qarmet»-тегі өзекті мәселенің бірі – зиянды және қауіпті жағдайдағы өндіріс орындарында жұмыс істейтіндердің ертерек зейнетке шығу мәселесі.
– Жыл басында зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң күшіне енді. Зейнетке шығатындар зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатуға міндеттеледі. Бірақ олар арнайы әлеуметтік төлемдер алады. 63 жасқа жеткенде, зейнетақы қорынан төлемдерге базалық және ынтымақты зейнетақы қосылады, ал республикалық бюджеттен, жұмыс берушілер мен сақтандыру компанияларынан төлемдер тоқтатылады, – деді депутат Арман Қалықов.
Еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Қарағандыда қоғамдық және кәсіптік денсаулық сақтау институты қайта құрылған. Мәжілісте еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша бірнеше заң қаралып жатыр.
«Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин өндірісті газдандыру бойынша ауқымды жобаның басталғанын айтты. Жоба кәсіпорыннан 25 шақырым жердегі «Сарыарқа» газ құбырына қосылу арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, кәсіпорын жылына 1,2 млрд текше метр табиғи газ көлемімен қамтамасыз етілмек.