Құқық • 04 Шілде, 2024

«Цифрлық полиция» жемқорлықты тыяды

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жай қылмыскерлермен емес, цифрлы қылмыскерлермен күресуге тура келіп тұр. Сондықтан полицияның қыз­ме­тін цифрландыру мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы цифрландыруды қолға алынған реформалардың ең басты базалық элементі деп айрықша атап өтті.

«Цифрлық полиция» жемқорлықты тыяды

Ішкі істер саласына енгі­зіліп жатқан цифр­лық үдерістер поли­ция қыз­метін ең бірінші бюро­кратиядан арылтуға сеп­те­седі. Себебі цифрлық тех­но­логиямен атқарылатын жұ­мыс­­­тар айқын және ашық жүр­гізіледі. Полицияның барлық қызметі көз алдарында ашық жүргеннен кейін халықтың да біртіндеп полицияға деген сенімі арта түсетіні сөзсіз.

Полиция қызметінде 2022 жы­лы хабарларды қабылдау­дың көп арналы жүйесі іске қосыл­ған болатын. Бұл жүйе «102» қосымшасы, мессенджер, әлеу­­­меттік желі (Telegram, Facebook, Вконтакте, ІІМ сайты) арқы­лы шағымданушылармен бір­лесіп әрекет етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ түрлі тәсілмен жө­нел­­­­тілген хабарламаларды, бей­не­­­­қоңырауларды қабыл­дайды.

Жүйе іске қосылғаннан бері бүгінге дейін полицияға осын­­­дай тәсілмен 302,1 мың қоңы­рау мен хабарлама келіп түскен. Соның ішінде аталған қосым­шаға 221 мың хабарлама тіркелсе, оның 7839-ы аудио­ хабарлама, 128083-і бей­не­­қоңырау. Ал мессенджер арқылы 80 мыңнан астам хабарлама қабылданған.

Орайы келгенде атал­­ған қосымшаның артық­шы­лық­тарына да тоқтала кетейік. Бұл мобильді қосымшадағы «шақырту» батырмасын басқан кезде 102 операторы абонентпен тікелей байланыс орнатады, картадан қоңырау шалушының тұрған орнын көреді және сол бойда телефондағы бейне­камераның көмегімен айналасын шолып, жағдайды тез бағамдап, жақын маңдағы полиция жасағын жөнелтеді.

Азаматтардың шағымдарын дер кезінде қабылдап, қарас­тыру үшін еліміз бойынша ­2 мың жұмыс орны құрылған. Бүгінге дейін 102 қосымшасы арқылы азаматтардың мил­лион­нан астам шағымы қарал­ған. Бұ­ған қоса, аталған қосым­ша­да автокөліктің тарихын қа­рас­тыратын сервис те бар. Ұялы телефонның ұрлан­ған мүліктер тізімінде бар-жо­ғын да тексеруге болады. Ол үшін сатып алар кезде ұялы теле­фон­ның IMEI-кодын енгізсеңіз жет­кі­­лік­ті, осы­лайша оның жоғал­ған немесе ұрланған заттардың ті­зі­мінде бар-жоғын біле аласыз.

Осындай жүйенің іске қосы­луы – тұрғындар мен полиция қыз­­­­меткерлеріне қылмысқа қар­сы күресте жаңа форматта бір­­ле­сіп әрекет етуге қолайлы жағ­дай жасағанын атап өткен жөн.

Полиция қызметіндегі тағы бір тиімді цифрлы шешім – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі «Қорғау» қосым­шасы. Қосымша көшедегі көлік ағыны ішінен жалған нөмірлі көлік құралдарын, сондай-ақ іздестіруде жүрген немесе жол ережесін жиі бұзатын және айыппұлы төленбеген көліктерді өзі іздеп анықтайды.

Бұрын осындай көліктерді анықтау үшін полиция қызмет­кер­леріне барлық автокөлікті тоқтатып, құжаттарын тексе­руіне тура келетін. Бұл өз кезе­гінде заңды сыйлайтын азамат­тарға түрлі қолайсыздық туды­рып, полицейлер арасын­дағы жем­қор­лықтың өршуіне септес­кені белгілі.

Ал қазір барлық көлікті тоқ­татып, тексерудің қажеті жоқ. «Қорғау» қосымшасы кө­ше­­­дегі бейнекамералардағы мәлі­меттерді өзі-ақ сұрыптап, көлік ағыны ішінен тексері­лу­ге тиіс көлікті анықтаған бойда жақын маңда жүрген полиция қызметкерінің планшетіне «қауіпті» жүргізуші қасынан өтіп бара жатқаны жөнінде хабарлама жөнелтеді. Одан әрі Жедел басқару орталығындағы операторлар «жаппай бейне­бақылау» көмегімен полиция қызметкері қауіпті көлікті қалай тоқтатқанын көргеннен кейін, полицейдің бейнежетоны арқылы онлайн-режімде барлық жағдайды толық ба­қылауға алады. Полиция қыз­меткері жүргізушіні қалай тексергенін, не туралы сөй­лескенін бәрін көріп, естіп отыра­ды. Осылайша, қосымша тек жол ережесін бұзушыларды анықтауға ғана емес, полиция қызметкерлері арасындағы жемқорлықтың алдын алуға да мүмкіндік беріп отыр. Жазадан құтылып кетушілердің жолын кесуге де септігі мол.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қар­сы күрес­­те ақпараттық тех­но­ло­гия­­ларды белсенді қолдану ма­ңызды. Бүгінде полиция қыз­меткерлерінің көпшілігі қыз­мет барысында жеке план­­шеттер қолданады. Осы план­шеттің көмегімен олар ведомстволық ақпараттық жүйе­лерге және басқа да дерек қор­ларына қауіпсіз байланыс арнасы арқылы кіріп, өзіне қажетті мәліметті тез ала алады. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 22 мыңнан астам планшет қолданылады.

Цифрлық жобалар полиция қызметкерлеріне құқық­тық тәртіп пен қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуге көп көмегін тигізіп жатыр. Соның арқасында полицияның өзі «Цифрлы полицияға» айналып келеді. «Цифрлы полиция» жобасы қызметкерлерді қолайлы әрі жеңіл смарт-жетондармен қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай жетондар нақты уақыт жағдайында бейнекөрсетілім жасайды, сонымен бір мезгілде бейнежазба да жүргізеді.

Қазіргі уақытта 11 аумақтық полиция департаментінде осын­дай смарт-жетондар қол­данылады. Болашақта смарт-жетондарды кезең-кезеңімен еліміздің барлық өңірінде енгізу жоспарланған. Бұл смарт-жетон­дардың қандай артық­шылықтары бар? Бірін­шіден, смарт-жетонға жазылған бейнежазбаларды өшіріп не­месе редакциялап өңдеу мүмкін емес. Сондықтан ол тек полиция қызметкерінің ғана әре­кетін қадағаламайды, сонымен бірге құқық бұзушыны да тәртіпке шақыруда үлкен рөл атқарады. Смарт-жетонда полицияның тұрған орны анық көрсетіледі. Жасақ басшысы да жағдайды сол арқылы онлайн бақылай алады. Смарт-жетон қолды болған жағдайда немесе жоғалтып алған кезде оның ішіндегі бейнежазбаларды арнайы бағдарлама арқылы қашықтан жоюға болады. Осындай артықшылықтары нәтижесінде бүгінде тәртіп сақшылары арасындағы жем­қорлық анағұрлым азайды. Полиция қызметіне цифр­лық өнімдерді енгізу алдағы уақытта да тоқтаусыз жалғаса береді.