Саясат • 05 Шілде, 2024

Батыс өңірлерді дамыту шаралары

27 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуының шұғыл шаралар топтамасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында вице-премьер Қанат Бозымбаев аталған төрт өңір әкімдерінің және барлық министрлік өкілінің қатысуымен кеңес өткізді.

Батыс өңірлерді дамыту шаралары

фото: primeminister.kz

Ұлттық экономика министрлігінің ағымдағы ахуалды талдау деректері бойынша батыстағы өңірлер үшін сын-тегеурін – мұнай өндірудің төмендеуі жағдайында экономиканы әртараптандыру.

Дегенмен батыста халық санының тұ­рақты өсуі байқалады. Болжамдарға сәйкес 2030 жылға дейін ондағы халық саны 10%-ға – 3,1 млн-нан 3,4 млн адамға дейін өседі. Бұл үрдіс жаңа жұмыс орындарын құру қажеттілігін туғызады. ­2024–2030 жылдар кезеңінде еңбек нарығына шамамен 138 мың адам шығады деп күтіліп отыр. Премьер-министрдің орынбасары олар­ды жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде ­тиісті тапсырмалар берді.

Сонымен қатар кеңес барысында бейін­ді министрліктер өз бағыттары бойын­ша, оның ішінде өңірлік инфрақұры­лым­ды дамыту бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыс туралы есеп берді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша 2025 жылға дейін өңірлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешіледі. Қазіргі таңда кәріз-тазарту құры­лыстары бойынша жобалар іске асырылып жатыр.

Салалық министрліктер мен әкімдіктер қабылдап жатқан шараларға қарамастан, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігі байқалады.

Вице-премьер атап өткендей, сумен қамтамасыз етуді, су бұруды, электрмен және жылумен жабдықтауды қаржы­ландыру, сондай-ақ өңірлерде жол салу мәселелері басым сипатқа ие болуға тиіс.

«Бізге Орал және Атырау қалаларының әуежайлары үшін ашық аспан мәртебе­сін кеңейте отырып, рейстер санын ұлғайту қажет. Ең жоғары жүктеме кезеңінде вагондардың маусымдық тапшылы­ғын жою, халықаралық әуежайларды, теміржол вокзалдары мен стансаларды жаңғырту қажет. Ал ауылдық жолдардың сапа деңгейін 90%-ға дейін жеткізу керек», деп тапсырды вице-премьер.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев батыс өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешуге ерекше назар аударуды тапсырды. Денсаулық сақтау саласында сұранысқа ие мамандар үшін тұрғын үйге жеңілдікпен несие берудің өңірлік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

«Мемлекеттік органдар мен әкім­дік­терге проблемаларды жедел және сапалы шешу үшін жүйелі шаралар мен жаңа бастамалар бойынша нақты ұсыныстар беруді тапсырамын. Біз еліміздің батыс өңірінің тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін бір ай ішінде шұғыл шаралар топтамасын әзірлеуіміз керек», деді Қ.Бозымбаев.