Экология • 05 Шілде, 2024

Кітапхана және экомәдениет

102 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балқаш қаласының «Жастар» саябағында «Таза Қазақстан – Экологиялық мәдениет» атты көшпелі жазғы кітапхана өз жұмысын бастады.

Кітапхана және экомәдениет

Қала халқы көп жиналатын орынға киіз үйдегі кітапхана құрылып, оқыр­ман қауым табиғат туралы кітап-журнал оқиды. Викторинарлық ойындарына қатысып, тіпті өсімдікті өздері егуге болады. Көшпелі кітапхананың үйлестіру­шісі – С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана. Жылжымалы кітапхананың тұрақты оқырманы күн санап артып келеді. Бұған қоса туристердің де арнайы ат басын бұрып, кітап оқып кететіні бар. Әсіресе киіз үйдегі кітапханадан балалар бір елі кетпейді. Өйткені табиғатқа қатысты кітаптар мен жаңа басылымдар көп. Жазғы демалысын таңнан кешке дейін ойынмен өткізетін балқаштық балалар кітап оқып, зейіндерін ашып жүр.

– Жылжымалы кітапхананың басты міндеті – мәдениетті, экологиялық ой-өрісті, экологиялық сауаттылықты насихаттау. Адамдар келіп, туған өлкенің табиғаты туралы кітаптар, газеттер, жур­налдар оқи алады. Викториналар, байқау­лар өткізіледі. Тіпті көгалданды­ру бұрышы бар. Ең белсенді тұрғындар­ға сыйлықтар беріледі. Қазірдің өзінде оң әсер бар деп айта аламын. Күн сайын кітапханаға барамын. Айналамыздағы қоқыс азайды. Тұрғындар жиналған қоқыс сұрыпталуы үшін біздің жәшік­терді толтыруға тырысады, – дейді жобаны ұйымдастырушы Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова.

Жоба кітап оқу мәдениетін қайта жаң­ғыртуды, тұрғындарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеуді көздейді. Көш­­пелі кітапхана оқырмандарды 1 қыр­күйек­ке дейін қабылдайды.

Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы