№1 қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қазбек Адайбековтің айтуынша, полиция жасағының рейдтік шаралар жүргізуіне қарамастан, Ақтөбе су қоймасы, Елек және Қарғалы өзендерінің жағасындағы рұқсат етілмеген орындарда қоқыс үйіп кетушілер қатары азаяр емес. Қазіргі кезде өзендер бойына қоқыс тастамау туралы ескертулерді елеместен қоршаған ортаны бүлдірушілердің қарасы өте көп.
Мұнымен қоса «Жасыл ел» отряды, облыстық жастар ресурстық орталығының 150 мүшесі Ақтөбе су қоймасы жағасын тазалауға келіп, «Jasyl cross 2024» плоггинг-жүгіру марафонын өткізді. Плоггинг – қашықтыққа жүгіруді қоқыс жинаумен алмастыратын жаңа экологиялық қозғалыс. Марафонға қатысушылар бес топқа бөлініп, бір-бірімен жарыса жүгіріп, қолдарындағы қапшықтарын қоқысқа толтырды. Көңілді музыка ырғағымен билеп жүріп қоқыс жинаған жастарға демалушылар да қосылды. «Жасыл ел» студенттік құрылыс отряды облыстық штабының жетекшісі Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, жастар аз уақытта су қоймасы төңірегінен 18 тонна қалдық жинап, демалушылар тастаған қағаз, пластик және шыны құтыларды, пластик пакеттерді сұрыптап бөліп, көлікке тиеп, қоқыс полигонына жіберді.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы қала көшелері мен өзен жағалаулары, тоғай арасы біраз тазаланды. Үш айдан бері «Таза Қазақстан» акциясына Ақтөбе облысынан 213 мың 954 тұрғын қатысқан. Олар 18 мың 982 аула, 276 саябақ пен гүлбақты тазалап, 285 мың 910 түп көшет отырғызды.
Ақтөбе облысы