Кеңес отырысында көп құжатқа қол қойылды. Соның ішіндегі екеуі біздің елге қатысты. Олар – Беларусь Республикасын Ұйымға мүшелікке қабылдау рәсімінің аяқталуы және оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру туралы кеңестің шешімдері. Сонымен қатар Беларусь Республикасына Ұйымға мүше мемлекет мәртебесі берілуіне байланысты Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлестік жарнасы туралы шешім шығарылды.
Осылайша, Қазақстан төрағалығының қорытындысында Астана саммитінде біздің ел ұйымның толыққанды мүшесі атанып отыр. Беларусь Республикасы 2015 жылдан бері ШЫҰ жұмысына бақылаушы мәртебесінде ғана қатысып келген. Оған дейін диалог негізіндегі серіктес мәртебеміз болған.
Әрине, үш жылға созылған үдерісті аса ұзақ уақыт деуге келмес. Дегенмен осы аз ғана уақыттың ішінде процедуралық көп жұмыс атқарылып, Беларусь өзіне міндеттелген барлық жүктемені абыроймен атқарды. Оның үстіне ұйымның серіктесі болған 2015 жылдан бері біз барлық отырысқа, түрлі талқылауға қатысып, жалпы алғанда, Ұйымның негізгі бағыттарымен, барлық мәселесімен таныспыз.
Жалпы, Беларусьтің Ұйымға қабылданғанын Бас хатшы Чжан Мин «тарихи жетістік» деп бағалап отыр. Расында, Еуразия континентінде бастапқыда «бестік» құраммен құрылған іргелі ұйымның «ондығын» түйіндеп жатқанымыз – рәміздік тұрғыдан айрықша жаңалық. Ең бастысы, ұйым елдерінің қатарын көбейтіп, әлеуетін арттыру өңірдегі сауда-экономикалық байланыстарды, қауіпсіздік шараларын жандандыру үшін аса қажет. Әсіресе біздің елге жеткізілетін тауарлардың 70 пайызы бүгінде осы ұйымға мүше мемлекеттерге тиесілі. Алдымен осы ұйымның аясында Беларусьтен Пәкістанға дейінгі көлік-логистиканы барынша дамытуды көздеп отырмыз.
Жалпы алғанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымы – маңызды келіссөздерге қол жеткізіп, ауқымды саяси шешімдер қабылдайтын алаң. Біз өз тарапымыздан технология жағынан тәжірибе алмасып, ақпараттық қауіпсіздікті бірлесіп жетілдіру, көлік-логистикалық дәліздерді көбейту бастамаларына басымдық бермекпіз.
Максим РЫЖЕНКОВ,
Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі