Ең бастысы, біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының доктриналық әлеуетке ие Астана декларациясының қабылданғанына куә болдық. Бұл құжаттың саяси салмағы өте ауыр әрі ұйым үшін аса маңызды. Өйткені осы құжатқа қол қою арқылы мемлекеттер алғаш рет «үлкен Еуразия» ұғымын дүниеге әкеліп отыр. Сонымен қатар байтақ Еуразияның қауіпсіздік ауқымын кеңейтті. Бұл ШЫҰ-ның тұтас континент тұрақтылығының, оның бейбітшілік бағытындағы бастамалары құрылысының орталығына айналуға деген шынайы талпынысын көрсетеді.
Бұл тарихи құжат Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуға деген жаңа бетбұрысына жол бастайды деп білемін. Ұйымның осы деңгейге дейін өсетін уақыты болды, оған барлық алғышарттары бар.
Қазақстанның бітімгершілік, араағайындық бастамаларына тоқталатын болсақ, мұның бәрі Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жүзеге асады. Әрине, БҰҰ – әлемдік ауқымдағы жалғыз әрі оның орнын ешкім баса алмайтын әмбебап ұйым. Осы орайда ШЫҰ-ның әр әрекетін, қабылданып жатқан барлық құжаты мен декларациясын, мәлімдемесін БҰҰ-ға қандай да бір деңгейдегі бәсекелес, қарсылас ретінде жасалып жатқан іс-шаралар деп қабылдауға болмайды. Керісінше оны БҰҰ-ға қолұшын созып, бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы бастамаларын толықтырушы үлкен күш ретінде қарастыру керек. ШЫҰ тек Еуразия аумағындағы мәселелермен айналысады. Яғни ең алдымен ұйым жұмысына өз «отбасының» қамқорлығы тұрғысынан қарайды. Жалпы, менің ойымша, алдағы уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымы БҰҰ келісімімен өңірде қандай да бір бітімгершілік құралын, институтын құруы мүмкін. Өз басым Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуразиядан өзінің бір ядролық құрылымын, мәселен шартты түрде алатын болсақ, Еуразияның қауіпсіздік кеңесі, ядролық мемлекеттер кеңесі сынды қауіпсіздікке қатысты бөлімшелерін құрып, оның құрамына ШЫҰ-ға кіретін төрт ядролық елді қосуын қолдар едім. Яғни біз мұнда планетадағы үлкен аймақтық ұйымның құрылып келе жатқанын көріп отырмыз. Еуразиядағы бұл қадам – дұрыс жолдағы үдеріс.
Қазақстан белсенді әрекет етіп отырған «үш зұлым күшпен» күреске келер болсақ, қазір ШЫҰ-ның әзірге мұндай күштермен тікелей күресетін құралы, институты жоқ. Ұйым мемлекет басшыларының басын осы Астана саммиті сияқты форумдарда қосып, осындай күрделі ахуалды талқылайтын алаң қызметін ғана атқарып отыр. Яғни бізде лаңкестік әрекеттермен күресте арнайы күштік құрылымдардың жұмысын үйлестіру жағы ғана бар.
Менің пайымдауымша, осы саммиттен кейін сол «үш зұлым күшпен» күресті үйлестіру іс-шаралары күшейтіледі.Алдағы уақытта ШЫҰ аясында бірлескен бір институттың құрылатынына сенімдімін. Одан бөлек, Батыс Еуропаның полициялық құрылымдарын бір мүддеге тоғыстырған Еуропол сияқты да бір құрылымның жасақталатыны анық. Сондықтан ұйым жұмысының жаңа кезеңін көрсететін жаңа құрылымдар пайда болатыны сөзсіз. Әзірге көшбасшылар өздерінің ұлттық күштік құрылымдары бұл тұрғыда қалай әрекет етуі керектігін талқылай беруін тоқтатпайды.
Сергей СТАНКЕВИЧ,
тарихшы, саясаттанушы
(Ресей Федерациясы)