«Ұлттық домбыра күні деген үлкен идеялардың бастауы, дәстүрлі өнерге бетбұрыс жасаудың көзі десе болғандай. Бұдан былай ол арналы ойларды ортаға салатындай ұлттық мереке болуға тиіс», дейді мәдениет саласының үздігі Қ.Айтбай.
Шындығында қазақ үшін домбырадан асқан құндылық жоқ. Домбыра күні әзірге ірілі-ұсақты мерекелік концерттер ұйымдастырылып жүргенін бәріміз білеміз. «Бірақ болашақта бұлай бола бермейді деп ойлаймын. Келешекте мұндай жақсы бастамалар ғылыми сипат алуға тиіс. Ұлттық өнер мен таным көкжиегі ашыла түсуі үшін, даму үшін соған қарай ойыспай қоймаймыз. Мысалы, мерекелік концерттер аясында конференциялар өткізу дегендей нәрселер қолға алына бастаса қандай керемет?
Қазір, мысалы, ел ішінде домбыра қаншалықты қадірлі? Ауылдарда домбыра тартыла ма, жоқ па? Салыстырмалы түрде қарағанда, осыдан 40-50 жыл бұрынғы жағдай мен домбыраға деген бүгінгі көзқарас сәйкес келе ме? Яғни ұлттық өнерді өрістетуге бетбұрыс үшін мұндай датаның маңызы зор. Қазақ мәдениетінде орны бар тұлға Дүйсен Қасейіновтің мына сөзі есімнен кетпейді. Әзербайжан елінде тек қана дәстүрлі өнер консерваториясы бар. Біздің консерваторияда классикалық музыка мен дәстүрлі музыканы қоса оқытады ғой. Әзербайжандарда тек қана ұлттық музыкасы мен ән-күй өнерін, аспаптарын оқытады. Сонымен қатар оларда Мұғам орталығы қалыптасқан. Бұл дәстүрлі музыкаларының ең үлкен жанры, бізде ол – күй өнері. Бұлар – болашақта біздің елге де қажет дүниелер. Мұндай жобалар үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Неге десеңіз, ұлттық өнер мен мәдениет құруға айналғанда, шындығында ұлт өлуге айналғанда, Ахмет Жұбанов әуелі консерваторияға домбырамызды енгізді. Еркеғали Рахмадиев қылқобызды әкелді. Нағыз қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевты жұмысқа қабылдатты, дипломы жоқтығына қарамастан. Ерлік деуге тұратын іс. Бұлардан кейін дәстүрлі өнердің тынысы ашылып, арнасы кеңи бастады. 80-жылдардың соңына қарай халық әндері кафедрасын ашқан Дүйсен Қасейінов ағамыз. Сол заманның өзінде. Сондықтан осы асыл мұраттың бәрі қазір пісіп-жетіліп, дәстүрлі өнер академиясы сияқты ғылыми орталық ашуға сұранып тұрғанын байқаймыз», дейді.
Иә, бетбұрыстың басы осы Домбыра күні дер едік. Бес жүз немесе мың домбырашының Адай күйін тартқаны, әр жерде домбыраға ескерткіштер тұрғызылғаны халықтың назарын бұру, махаббатын ояту дәстүрлі құндылықтарға. Соның бір кілті – қазақ сүйген қасиетті аспап. Енді осы бастаманы сатылап дамытып, ілгерілетпесек, біздің елдігіміз қайсысы?
«Қазақ даласында домбырашылық, қобызшылық, сыбызғышылық өнерлер жеке орындаушылық, солистік тұрғыда дамыған», дейді Қайрат Айтбаев. Мәселен, Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты әйгілі еңбектері бар ғой. Сонда ол қазақтың бір әнін он әнші он түрлі орындап шығатынын айтыпты. Әр әнші орындаған әні туралы өз пікірін білдіретін көрінеді. Бір жағынан бұл – сана еркіндігінің белгісі. Демек дәстүрлі өнерде жеке орындаушылықтың алатын орны ерекше. Әуезовтің «Абай жолынан» бастап, Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші» поэмаларын, Мағауиннің «Көкбалағын» немесе Әбіш Кекілбайдың «Күйші» повесін оқыған адам бірден түсінеді мұны. Ілияс Жансүгіров «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Елде Тойтан атты күйші болып еді. Сол Тойтан дүние салды. Тойтанмен бірге қырық күй өлді. Адам өлсе, орнына адам туады, күй өлсе, орнына күй тумайды» деп жазыпты. «Сол сияқты», дейді Қайрат Айтбай: «Қазір қазақта Шәміл Әбілтайдай тамаша күйші бар. Тыңдарман сүйіп тыңдайды. Сол ағамыздың соңынан ерген шәкірті бар ма? Оның домбырадағы мәнерін, қағысын алып қалуға ұмтылған кім бар? Мен жалғыз-ақ күйшіні мысалға келтіріп отырмын. Қазақ даласында осындай ескі сарынды ұстап, жетілдірген дәстүрлі күйшілер аз емес қой. Күйдің үзілуінің бір себебі – соңында шәкірт қалмауында. Шәкірт қалдыратындай мүмкіндік тудыру керек. Біз қылқобыз, қылқобыз деп зарлаймыз. Оны жеткізуші Сматайдың артында мен білетін екі-ақ шәкірт қалды. Саян Ақмолда мен Сәрсенғали Жүзбай. Саянның консерваторияға жұмысқа тұрғанына екі-үш-ақ жыл болды, Сәрсенғали Қазақ радиосында журналист ретінде істеп жүр», дейді. Дәстүрлі өнерде мектеп үзілмеуін барынша қадағалау да домбыраға деген құрметтен алыс емес, ендеше. Филармонияларға әр өңірдің күйшілігін ұстап жүрген дәстүрлі күйшілерден солист алу кезек күттірмес мәселе делік онда. Қайрекең былтыр қасиетті қара домбырасының арқасында Түркияға барып күй тартып келе жатқанда, «Қазақконцерт» ұйымының бір бөлімінің меңгерушісі, белгілі әнші Ерлан Рысқалидың айтуымен аталған ұйымға жеке орындаушы ретінде орналасқанын айтады.
Әзербайжандарда Мұғам залы барын еске ала отырып, домбыра мен қобызға арнайы зал салынса да артық етпейтінін айтады күйші. Қазір сахнада жүрген дәстүрлі өнерпаздардан сауалнама алса, бұл сұрақтың жауабы белгілі болып шыға келеді. Қайбір жылдары ауылға бір музыкант жігіт қонақ болып келгенде, жайлауға апарғанымыз есімде. Өзі консерваторияда күйді оқып бітірген домбырашы еді. Кешкілік күн тынық болған соң, төбенің басында домбыра тартып отырды да, мен ағамның айтуымен аттарды шідерлеп жіберуге төменге түссем, Тәттімбеттің «Саржайлауы» дыңылдап келіп, құлақтан өтіп, бірден жүрекке жетіп жатқандай әсер алдым. Сонадайдан жеткен дауыс толқынының сіңімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-ті. Дыңылдап келіп құлаққа ұрғанда, тебіренбей тыңдамау мүмкін емес. Бұл да – дәстүрлі өнерге арнайы сахна керегінен алыс кете қоймайтын әңгіме. Не де болса, ғылыми зерттеуді қажет ететін іс. Өйткені театр салғанда адамның дауыс күші мен қойылған орындықтардың ағашына дейін зерттеледі, арақашықтық пен төбенің биіктігі бәрі дыбыс жететін дәлдікке құрылады. Тура солай домбыра мен қобыздың да үнін саралап, камералық зал ашылса құба-құп.
Домбыра ұстап, дәстүрлі өнерді аялаған адамды осылардың өзі тәрбиелейтіні біздің кейіпкердің де бойынан білінеді. Қастерлеген сайын қасиеті жұғады ғой. Талғам биіктеп, таным өседі. Сөйткен сайын кірпияз тартады кісі. «Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң», артық ауыз әсірелеуді ұнатпайды. Суық ақыл емес, іштегі өнердің тазалығы төрелік ететінге ұқсайды. Содан шығар, «үлкен сахна мен той-томалақтағы мәдениеттің арасы тым жақындап кетті. Әйтеуір домбыра ұстаса, дәулескер немесе даңғайыр күйші ептеп ән сала бастаса, көмейіне бұлбұл ұя салған деп шақыра береді. Бұл той жүргізуші тамадаға жарасатын шығар, үлкен сахналарға келіңкірей бермейді. Әншіге әнші, күйшіге күйші дегеннен асқан не атақ керек? Мәселен, Ахмет Жұбановтан «Әміренің көзін көрдіңіз, қандай әнші еді?» деп сұраса, «жақсы әнші» деп жауап беріп алады да, «біз жиі тыңдап жүрген Семейдің әндерін салғанда, Әміре жұтындырып жібереді екен. Адамды ұмтылдырып қояды» деп оның жақсы әнші екенін дәлелдейді. Ал бізде келсін, келмесін артық әсірелеуден аяқ алып жүре алмайсыз. Одан арылмайтын болсақ, ел арасында азғантай қалған ойлы құлақтарды құртып тынамыз», дейді күйші.
Айтылмай жүрген сөз, тыңдалмай жүрген әңгіме емес, бірақ күй тартып отырып жеткізгенде, жан дүниең ашылып, тереңнен тыныс тарта ма екен, түрлі ағыс пен толғам кеулейді көкейді. Мүмкін домбыраның бір құдіреті осы шығар.