Қоғам • 06 Шілде, 2024

Жаңартылған балалар ауруханасы

78 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында «Respublica» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Динара Наумова облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен облыстық мектеп-интернатқа барды.

Жаңартылған балалар ауруханасы

2023 жылдың 1 маусымынан бастап облыстық көпсалалы балалар ауруханасының заманауи жаңа ғимараты бой көтерген. Мекеме жаңа КТ және МРТ аппараттарымен, заманауи рентген және ультрадыбыстық құрылғылармен, сондай-ақ жапондық күйікке қарсы төсек­тері бар озық медициналық жабдықтармен жабдықталған. Операция жасайтын бөлімдер 4K деңгейіндегі бейне-эндос­копиялық кешендермен, автономды желдеткішпен және ең күрделі операцияларды жүр­гізуге мүмкіндік беретін НЕРА-фильтрлері бар ламинарлы төбелермен жабдықталған.

«Қамқорлық» оңалту орта­лығының ашылуы ең кішкентай науқастарды қолдау үшін маңызды қадам деуге болады. Бұл жерде балалар туғаннан үш жасқа дейін оңалту көмегін ала алады. Сондай-ақ 2023 жылдың қазан айында нейрохирургиялық және травматологиялық жаңа бөлімшелердің ашылуы елдің түкпір-түкпірінен келетін түрлі жарақаты бар балаларға қажетті көмекті кедергісіз алуға мүмкіндік береді.

– Әріптестеріммен 18 жас­тан кейін оңалту мәселелеріне қатысты өзекті сұрақтарды тал­қыладық. Өйткені осы жас­қа дейінгі жағдай бойынша біз айтарлықтай жетістікке қол жет­кіздік. Алайда жүйе 18 жас­тан кейінгі жағдайды пысықтауды қажет етеді. Біз алдағы жұмысымызда ескеретін көптеген жағымды тұстарды атап өттік. Қарым-қатынасымыз мұнымен аяқталмайды. Біз жастардың тұрмыс жағдайы мен өмір сапасын жақсартуға көмектесетін заңнамалық бастамаларды, басқа да мәселелелерді бірлесіп талқылауды жалғасты­рамыз, – деді Динара Наумова.

Сонымен қатар депутат Қа­рағанды облыстық мектеп-интернатында болып, об­лыс бойын­ша 160 баланы қам­титын мектеп кабинеттерінің жұмысымен танысты. Депутат мүгедек балаларға қызмет көр­сету бағы­тында мемлекет-жеке­­шелік әріптестікті реттеу туралы интернат басшылығының ұсыныстарына назар аударды.