Инвесторлар мемлекеттік қолдауды, атап айтсақ, инвестициялық келісімшарт негізінде берілетін инвестициялық преференцияларды, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамаға сәйкес берілетін АЭА жеңілдіктерін пайдаланып келеді.
«Бір терезе» қағидаты бойынша инвестиция тарту және сүйемелдеу бойынша жұмыс жүргізетін «Астананың даму орталығы», сондай-ақ елорданың арнайы экономикалық аймақтарын басқаратын «Astana Invest» фронт-офистері инвесторлармен тұрақты байланыста. Екіншіден, инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде қала бюджеті салық түсімдерін алады. Тұрақты жұмыс орындары құрылатыны тағы белгілі. Бұл бас қаланың болашағын одан әрі бекемдеуге үлкен септігін тигізетіні анық», дейді Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бөлімінің басшысы Нұржан Әшімов.
Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер салатын ішкі инвестициядан басқа, Астана экономикасына қаржы құюға шетелдік кәсіпкерлер де мүдделі. Тағы бір айта кететін жайт, елордаға инвестор тартуда көбіне-көп өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, білім, денсаулық сақтау және туризм салалары басым бағытқа ие болып отыр.
Жаңа жоба – жаңа жұмыс
Жақында Астанада өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтіп, бірқатар инвестициялық жоба талқыланды. Түркиялық «YDAholding», америкалық «GE HealthCare» компаниясы сияқты шетелдік инвесторлармен қатар, отандық «TOKK Kazakhstan» ЖШС, «Land Invest Group» ЖШС қатысқан жиында жүзеге асып және енді басталғалы жатқан жобалардың маңызды мәселелері мен өзектілігі сөз болды.
Мысалы, «YDA» түрік компаниясы өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 32,6 млрд теңгені құрайтын 2 және денсаулық сақтау саласында сомасы 165 млрд теңгеге жуық 2 жобаны жүзеге асырып жатыр. «Астана-Технополис» АЭА аумағында «GE HealthCare» америкалық компаниясының медициналық құрал-жабдықтар шығару жөніндегі инвестициялық жобасын жүзеге асыру үшін жер учаскесі белгіленіпті.
«TOKK Kazakhstan» ЖШС елордада жалпы инвестиция көлемі 55 млрд теңгені құрайтын тамақ өнімдеріне арналған қалайы (алюминий) банкалар мен металл қақпақтарды шығаруды көздейтін екінші ірі инвестициялық жобасын бастап кетті. Зауыттың өндірістік қуаты – 1 млрд дана өнім. Сонымен қатар отандық инвесторлар Астананың үш ауданында, яғни Алматы, Есіл, Нұра аудандарында 3 500 шаршы метрлік 3 мектеп салуды жоспарлап отыр.
Отырыста бас қаладағы кейбір тозығы жеткен нысандарды жаңарту аясында «Лэнд Инвест Групп» ЖШС-ның апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді жөндеу орындарында коммерциялық инфрақұрылым құру туралы ұсынысы да қаралды. Мұндағы басты мақсат – қалаға жеке инвестиция тарту, соған орай тұрғын үйлерді жаңарту арқылы елорданың сыртқы келбетін жақсарту болып отыр.
Тағы бір ірі инвестициялық жоба – №1 Индустриялық парк аумағында «Темірсервис Астана» ЖШС және «Центральный ИндустриалПарк» ЖШС қатысуымен теміржол жүктерін қамтитын логистикалық хаб салу.
Отандық өнімге сұраныс көп
Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық парктен 1 гектар жер алып, зауыт көтерген кәсіпкер Мақсат Сәдуақасов басқаратын өндіріс орны «Metal Former» деп аталады. Серіктестік құрылыс көркін ашатын шатыр мен үйдің сыртқы және ішкі қабатына әр беретін қаптау материалдарын шығарады. Жоба былтыр желтоқсанда іске қосылып, Мемлекет басшысының өзі келіп, сәттілік тілеген еді.
6 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған өндіріс ошағында 56 адам жұмыс істейді. Мақсаттың айтуынша, жаңа зауыт үшін инвестиция құюға «Samruk-Kazyna Construction» 80 пайыз үлес қосса, қалғанын кәсіпкердің өзі жобаға бағыттаған. «CT KZ» сертификаты (жергілікті өнім екенін дәлелдейтін құжат) бар өндіріс ошағы қазір елде «Жайлы мектеп» жобасына қатысып жатыр. Негізінен өнімдерге тапсырыс ірі құрылыс компанияларынан түседі. Негізгі сатып алушылары – «BI-Group», «Mabco», «Bazis-A» құрылыс компаниялары. Одан бөлек, 56 түрлі құрылыс материалы Астана, Алматы, Қостанай, Шымкент, Түркістан, Ақтау және Атырау қалаларына жіберіліп жатыр.
«Шатыр және қаптау материалдарын шығаратын «Metal Former» зауытын арнайы экономикалық аймақтың (АЭС) басқарушы компаниясы – «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы көмегімен іске асқан жоба десек болады. Жобаны жүзеге асыруда жаңа заманауи жабдықтар арқылы өнім сапасы мен қуаттылығын арттыру, ауқымын кеңейту, қосымша жұмысшыларды тарту жұмыстары жүргізілді. Әзірге әртүрлі өнеркәсіптік және азаматтық нысан салатын мұндай ірі компаниялардың отандық өнімге деген сұранысы жақсы», дейді «Astana Invest» басқарма төрағасы Асхат Бекеев.
Төрағаның айтуынша, қазір елордада екі арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді. Бірі – «Астана – жаңа қала» деп аталса, екіншісі «Астана-Технополис» экономикалық аймағы. Осы АЭА-ның басқарушы компаниясы – «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы. Былтыр осы екі аймақта барлық құны 8,59 млрд теңгеге 7 жоба пайдалануға берілген. Олардың қатарында біз айтқан зауыттан бөлек, пластикалық терезелер өндірісі («Астанапластстрой»), инновациялық энергия үнемдейтін материалдар («3i Materials»), полимерлі құбырлар мен фитингтер («АТЗ Арыстан»), термосталған кварц генераторларын өндіру (ArtXtal»), құрылыс материалдары («ҚТКСС») және жиілікті реттейтін электр жетектерінің өндірісі («Power Conversion Systems») бойынша серіктестер бар. Ал биыл құны 19,8 млрд теңге болатын 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Іске асса, 260-қа жуық жұмыс орны ашылмақ.