Саясат • 06 Шілде, 2024

Ұйымның болашағы зор

98 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздің ШЫҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болуы әлемдік аренадағы рөлімізді айқындайды. Өйткені мұндай беделді қауымдастықтарға мүше болу саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Еліміз ұйымға мүше бола отырып, терроризм, экстремизм, трансұлттық қылмыстарға қарсы күресте ұжымдық шаралар мен ынтымақтастық орнату арқылы өзінің ұлттық қауіпсіздігін, өңірлік тұрақтылығын нығайта алады.

Ұйымның болашағы зор

Еліміздің Ұйымға төраға­лығы тұсында жүз­ден аса лаңкестің әрекеті тоқта­тылып, сондай-ақ транс­ұлт­тық қыл­мыстарға байланыс­ты аймақ­тық антитеррорлық бөлімше жұмысының нәти­жесінде 80-нен астам осындай қылмыстың алды алынды. Мемлекет басшысы қазір ұлт­тық өңірлік қауіп­сіздік мә­се­ле­лері туралы биік мін­берден ұсыны­сын батыл айтып келеді. Әсіресе Қауіп­сіз­дік Кеңесінде Орталық Азия өңіріне қауіп тудырып отыр­ған Ауғанстандағы саяси тұрақты­лықты қамтамасыз ету, елді дамыту, гумани­тар­лық көмек көрсету мәселелерін күн тәр­ті­біне шығарып жүр.

Екіншіден, халықаралық ұйымдарға қатысу арқылы Қазақ­стан әлемдік экономикаға кіруге, жекеленген инвестиция­ларды тартуға, ең бастысы, сау­да байланыстарын нығайтуға мүмкіндік алды. Соның ішінде ШЫҰ-ны жекелеп айтар болсақ, «Бір белдеу, бір жол» аясында инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға өз ықпалын тигізіп отыр. Қазақстан Қытай үшін басты серіктестікке айналды, ал Қытай Қазақстанға инвестиция тартуда ал­дыңғы орында келе жатыр. Мысалы, 41 млрд доллардан аса қаржы бөлінгеннің өзі көп нәр­сені білдіреді.

Үшіншіден, мәдени-гумани­тар­лық саладағы ынтымақтас­тықтың рөлі жоғары. Қазақстан ШЫҰ аясында мәдени, білім беру бағдарламаларына, ғылы­ми-зерттеулерге ықпал етеді. Нәти­жесінде, мәдени ықпал­дастық пен өзара түсіністік нығаяды.

Жалпы, биылғы саммиттің дәстүрлі форматтан ерекшелігі бар. Алдымен қауіпсіздік мәсе­ле­сіне қатысты нақты ұсы­ныстар жасалды. Күн са­йын мың құбылып отырған гео­сая­си тұрақсыздық жағдайында ай­мақ­тық қауіпсіздік, терроризм мен экстремизм мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазір әлем елдеріндегі жағдайды қарасақ, терроризм үлкен қауіп тудырып отырғанын көрсетіп отыр. 2025–2027 жылдарға ар­нал­ған «Терроризм, экстремизм мен сепаратизмге қарсы күрес» бағдарламасы да саммитте қаралды. Одан бөлек, саммит барысында экономикалық ынтымақтастық мәселелері, әсіресе «Бір белдеу, бір жол» аясында жаңа жобалар, оның ішінде, сауда-инвестициялық жобаларды дамыту талқыланды. Себебі қазір экономикалық тұрғыда ШЫҰ-ның әлеуеті өте жоғары. Қытай, Үндістан, Пәкістан секілді мемлекеттердің болуы­ның өзі ұйымда үлкен нарық бар екенін көрсетіп отыр.

Экологиялық мәселелер де басты назарда. Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен осы жыл «Экология жылы» деп аталды. Бұл бекерден-бекер айтылған ұсыныс емес. Алапат қарғын судың басуы, басқа елдердегі табиғи апаттардың болуы, климаттың өзгеруі, экологияның ластануы ғаламдық көкейкесті мәселеге айналды. Ол өз кезегінде тұрақ­ты даму мен экологиялық мәселе­лерді шешудегі түрлі ұсыныс­тарға алып келді. Сондықтан басқосудағы басым бағыттың бірі – экология мен климаттық өзгеруге арналды.

Қазақстан қазір жасыл эконо­микаға көшу мәселесінде үлкен бас­тама көтеріп отыр. Бұдан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету төңірегінде түрлі ұсыныс тың­далды. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бойынша бірлескен күш-жігерді нығайту, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы еліміз ШЫҰ-ға төрағалығы барысында мәселе көтерді.

Энергетикалық ықпал­дас­тық­ты дамытудың мүм­кін­дігін қарастыруға да қызығу­шы­лық бар. Еліміз Транскаспий халықара­лық көлік бағытын, яғни орта дәлізді дамытуға басым­дық береді. Саммитке Әзер­бай­жан мен Түркия басшылары келді. Себебі көлік дәлізінің дамуы­на бұл елдер де мүдделі. Әзер­бай­жан «Бір белдеу, бір жол» бас­тамасы аясында халықаралық дәлізге қосылуды көздейді.

Гуманитарлық білім беру мен мәдени ықпалдастық, туризмді дамытудың да маңызы жоғары. Биыл Қазақстанның туризм жылы Қытайда аталып өтті. ШЫҰ аясында еліміз жоғары оқу орындары арасындағы байланыс­ты нығайтуға да басымдық беріп жатыр.

Биылғы саммит отырысы ерекше форматымен есте қал­ды. Беларусьтің мүшелікке кіруі ұйымның кеңеюіне, оның маңыздылығының артуына тіке­лей байланысты. «Шанхай бестігі» болып басталған Ұйым бүгінде «Шанхай ондығына» айналды. Енді Беларусь кірсе, өрісі кеңейе түседі. Жаңа мүшелердің қосылуы – еліміздің беделі. Себебі Қазақстан – осы ұйымының құрылуына ұйыт­қы болған мемлекеттің бірі. Жаңа мүшелерді интеграция­лау мәселесінде Қазақстан әрдайым серіктес мемлекеттерді тартуға мүдделі.

Қазақстан ШЫҰ-ны кеңейту­дегі белсенді рөлін 2023-2024 жылдардағы төрағалығы кезінде де көрсете білді. Бұл еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы ықпалы мен беделінің артып келе жатқанын көрсетті. Әсіресе Мемлекет басшысының «Орта державалардың даусы көбірек естілсін, олардың халықара­лық әлемдік мәселелерді шешуде, кикілжіңдер мен соғысты тоқтатуда, әлемдегі бейбітшілікті орнатудағы ұсыныстар берудегі рөлі артсын» деген бастамасы қолдау тауып келеді.

Жаһандық тұрақ­сыздық жағдайында ШЫҰ-ның өңір­лік және халықаралық қауіп­сіздікті нығайтуға, эконо­мика­лық ықпалдастықты дамы­туға, экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған маңызды шешімдер қабылдай алатын үлкен алаңға және бедел­ді ұйымға айналып отыр­­ғаны хақ. Осы тұрғыдан алғанда бұл ұйымның болашағы зор. Ұйым мүшелерінің арасындағы бай­ланыстардың берік нығаюы мен ықпалдастығын кеңейтудегі жұ­мыстар алдағы уақытта өз же­місін береді. Қазірдің өзінде «Бір белдеу, бір жол» жобасы аса ауқымды бастамаға айналып отырғанын ешкім жоққа шы­ғар­майды. Осындай зор мүм­кіндігі мен ресурсы бар ШЫҰ алдағы уақытта жаһандық мәсе­лелерді шешуде өзіндік орнын одан әрі бекіте түседі.

Биылғы саммиттің Қытай Халық Республикасы басшы­сының мемлекеттік сапары аясында өтуі де маңызды оқи­ға. Сапардың алғашқы күні Мемлекет басшысы «Қазақстан және Қытай – жетістіктердің бас­тауында тұр» деген тақырыпта сұхбат берді. Екінші күні ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Қазақстан мен Қытайдың жаңа көкжиектерге бірлесе ұмтылысы» атты мақаласы шықты. Мемле­кет басшылары мақалаларының қатар шығуы қос ел арасындағы достықтың жоғары деңгейде екенін аңғартады. Демек екі елдің бір-біріне деген ілтипаты мен ортақ мүдде­сі алдағы уақытта әлемдік үйлесімділікке әсер ететінін көрсетеді.

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше