Мұның бәрі әлемде ұйымның рөлі ұлғайып келе жатқанын білдіреді. Мұны жиынның күн тәртібінде түрлі келелі мәселенің көтерілуінен де көруге болады. Қазақстан тарапы ШЫҰ ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынып жатыр. Одан бөлек «ШЫҰ-ның энергетикалық стратегиясы» қабылданады. Сонымен қатар еліміз 2024 жылды ШЫҰ аясында «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды. Қоршаған ортаны қорғау бойынша мүше мемлекеттер басшылары мәмілеге қол қоймақ.
Шанхай ынтымақтастық ұйымын одан әрі дамытудың басым бағытының бірі – экономикалық өркендеу, сауда байланыстарын нығайту. Біздің тараптан ШЫҰ инвестициялық қорын құру идеясы жасалды. Оның аясында кең көлемді экономикалық жобаларға инвестиция салынбақ.
Сонымен бірге еліміз Ұйым аясында экономиканы дамытуға септігін тигізетін фактордың негізгісі – көлік-логистика саласын жетілдіруге екпін беріп отыр. ШЫҰ-ға кіретін елдердің жалпы экономикасы әлемде жетекші орын алады, нақты айтқанда, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 25 пайызын құрайды. Дүниежүзі халқының жартысы осы аймақта тұрады. Бұл – үлкен әлеует. Сондықтан елдеріміз арасында және әлемнің басқа да бөліктерімен көлік байланысын нығайтудың маңызы орасан.
Бұл қатынас желілерін жетілдіруде Қазақ елінің алатын орны ерекше. Өйткені Батыс пен Шығыстың арасындағы кең аумақты алып жатырмыз. Жаңғырған Жібек жолының күретамыры аумағымыздан өтеді. Соның қатарында Транскаспий көлік дәлізін ерекше атауға болады. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режімінде қатысқаны белгілі.
Аймақ қауіпсіздігі, соның ішінде терроризм мен экстремизмге, сепаратизмге қарсы күрес бағдарламасын жаңарту – ШЫҰ аясында қолға алынатын маңызды шара. Қазір мұны жаңғырту қолға алынып жатыр. Терроризмге, есірткі тасымалына, киберқылмысқа қарсы күресу – соның басты бағыттары.
Жанар ТӨЛЕНДИНОВА,
Парламентаризм институтының қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі атқарушы директоры