Саясат • 06 Шілде, 2024

Басым бағыты – экономиканы өркендету

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш рет Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының саммиті екі форматта ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі және «ШЫҰ+» форматында өтті. «ШЫҰ+» құрамында диалог бойынша серіктес 14 ел мен бақылаушы мем­ле­кет­­­тер (Моңғолия, Ауғанстан) бар. Одан бөлек, ір­гелі ха­­лық­­­аралық ұйымдардың өкілдері де қатысты.

Басым бағыты – экономиканы өркендету

Мұның бәрі әлемде ұйымның рөлі ұлғайып келе жатқанын білдіреді. Мұны жиынның күн тәртібінде түрлі келелі мәселенің көтерілуінен де көруге болады. Қазақстан тарапы ШЫҰ ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынып жатыр. Одан бөлек «ШЫҰ-ның энергетикалық стратегиясы» қабылданады. Сонымен қатар еліміз 2024 жылды ШЫҰ аясында «Экология жылы» деп жариялау­ды ұсынды. Қоршаған ортаны қорғау бойынша мүше мемлекеттер басшылары мәмілеге қол қоймақ.

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мын одан әрі дамытудың басым бағытының бірі – экономикалық өркендеу, сауда байланыстарын нығайту. Біздің тараптан ШЫҰ инвестиция­лық қорын құру идеясы жасалды. Оның аясында кең көлемді экономикалық жобаларға инвес­тиция салынбақ.

Сонымен бірге еліміз Ұйым аясында экономиканы дамытуға септігін тигізетін фактордың негізгісі – көлік-логистика саласын жетілдіруге екпін беріп отыр. ШЫҰ-ға кіретін елдердің жалпы экономикасы әлемде жетекші орын алады, нақты айтқанда, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 25 пайы­зын құрайды. Дүниежүзі халқының жартысы осы аймақта тұрады. Бұл – үлкен әлеует. Сон­дықтан елдеріміз арасын­да және әлемнің басқа да бөлік­терімен көлік байланысын нығайтудың маңызы орасан.

Бұл қатынас желілерін жетіл­ді­руде Қазақ елінің алатын ор­ны ерекше. Өйткені Батыс пен Шығыстың арасындағы кең аумақты алып жатырмыз. Жаңғырған Жібек жолының күре­тамыры аумағымыздан өтеді. Соның қатарында Транскаспий көлік дәлізін ерекше атауға болады. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режімінде қатысқаны белгілі.

Аймақ қауіпсіздігі, соның ішінде терроризм мен экстремизмге, сепаратизмге қарсы күрес бағдарламасын жаңарту – ШЫҰ аясында қолға алынатын маңызды шара. Қазір мұны жаңғырту қолға алынып жатыр. Терроризмге, есірткі тасымалына, киберқылмысқа қарсы күресу – соның басты бағыттары.

Жанар ТӨЛЕНДИНОВА,
Парламентаризм институтының қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі атқарушы директоры

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше