Саясат • 06 Шілде, 2024

Астана декларациясының айтары мол

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем көз тігіп отырған бұл бірегей басқосу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Астана саммитін тарихи тұрғыдан айшықтай түсетін бірнеше факторды атап өтуге болады. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-отырысы Беларусь Республикасын ШЫҰ мүшелігіне қабылдаумен ашылды. Бұл – жүйелі жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың жемісі әрі аумақтағы қауіпсіздікті нығайта түсетін қадам.

Астана декларациясының айтары мол

Сонымен қатар жаңадан қабылданған Астана декларациясы ұйымның бұдан кейінгі жұмысына тың серпін беретіні сөзсіз. Қысқасы, саммит қорытындысынан күтер жақсылығымыз көп.

Тағы бір айта кетерлігі, құ­рыл­­ғанына ширек ғасырға жуық­таған ұйымның «бестік­тен» ұлғайып, «ондыққа» аяқ бас­қаны. Яғни ұйымның қатары артып, керегесі кеңейіп жатыр. Бұл өңірде қалыптасқан сын-қатер­лерге ортақ коалиция аясын­да тосқауыл қойып, алдын ал­уға барынша мүмкіндіктер аш­пақ. Себебі бүгінде ұйымға мүше елдер аумағында әлем халқын­ың 45 пайызы тұрып жатыр.

Сондай-ақ бұл аймақта әлемдік экономиканың да үлесі 25 пайызға жуық, сауда-сат­тықтың 15 пайызы осы ел­дер­дің айналымында жүр. Сон­дықтан осынша адами ресурс­тар мен саяси салмаққа ие, эконо­мика­лық әлеуеті зор Ұйымның жа­һан­дық ахуалдарға ықпал ету мүмкіндігі де аз емес, оң әсер етуге барынша мүдделі.

Бұл жерде мемлекет басшылары мен беделді халықаралық ұйымдар жетекшілерінің басын бір арнаға тоғыстырып, қауіпсіздік, шекара, экономи­ка, экологиялық мәселелер сын­ды салаларда өзекті де маңыз­ды келісімдерге Астанада қол жеткізу – сөзсіз Қазақстанның үлкен жетістігін айшықтап тұр. Ұйымға төрағалық еткен бір жыл ішінде Қазақстан бірқатар маңызды жарқын бастама ұсынып, елдер арасындағы ыдырап бара жатқан ынтымақ пен бірліктің күш алып, берік орнығуына септесе алды.

Жалпы алғанда жер-жаһан­да қақ­тығыстар өршіп, геосаяси ахуал әлсіреген тұста әлемге ықпалы бар көшбасшыларды бір дөңгелек үстел басына жинап, диалог орнату – жақсы­лық­тың нышаны. Бұл – бір мезетте бірнеше мемлекеттің бірлесе отырып, өзекті мәселелерді шеше алатынының жарқын көрінісі әрі үлгісі. Әлгінде айтып өткен дүниежүзі халқының 40 пайызын құрайтын ШЫҰ мүше елдерге әлемдік ішкі жалпы өнімнің 3/1-і тиесілі екені үлкен рөл ойнайды.

Былтыр Қазақстанның Астана дек­ларациясы мен ШЫҰ жұ­мысын жетілдіру туралы бас­тама көтергенін білеміз. Әри­не, мұндай қадам ұйымішілік өзара келісімнен бөлек, сырт елдер­мен де әріптестікті нығай­туға жол ашып, тиімді жағдай туғызбақ.

Ұйымның әлемдегі беделі зор. Әсіресе өзге халықаралық ұйымдар арасында да салмаққа ие. Оған қоса Қазақстан төр­аға­лығы тұсында осы бедел­ді ұстап қалуға жәрдем берер маңызы зор түрлі тақырып­тағы 100-ден астам іс-шара ұйымдас­тырып үлгерді. Атқарылған жұмыстар да нәтижелі. Әсіресе Қазақстан басшысының «Әді­летті әлем мен келісімді жақ­тай­тын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама халықаралық ауқымдағы тұрақ­сыздыққа тұсау салмақ.

Осама бин ДЖАВАЙД,
«Әл-Жазира»
телеарнасының тілшісі
(Пәкістан)