Қоғам • 09 Шілде, 2024

Ринат Зайытовтың депутаттық сауалынан жалған ақпарат шықты

253 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2024 жылдың 29 мамырында Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкіметке депутаттық сауал жолдап,  бұл мәлімдеме қоғамдық талқылауға ұласқан. Сөз барысында депутат Қорғаныс министрлігін айыптап, бірқатар сандық дерек ұсынған, деп жазады Egemen.kz.

Ринат Зайытовтың депутаттық сауалынан жалған ақпарат шықты

Фото: parlam.kz

Ринат Зайытов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында отандық өнімді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар бергенін атап өтіп, өкінішке қарай, ұлттық өнім өндірушілерін қолдау бағытында нақты шаралар қабылданбағанын тілге тиек етті.

«Керісінше, отандық өндірушілерді барынша аяқтан шалып, ілгері бастырмай жатқан бюрократия мен заңсыздықтарға жиі куә болып жүрміз! Атап айтар болсақ, солардың бірі – қазіргі таңда банкрот болуға шақ қалып отырған «BSB Trade» кәсіпорны. Тарқатып айтсам, 2022 жылы тапсырыс беруші ретінде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі өнім беруші ретінде «BSB Trade» компаниясымен компьютерлермен қамтамасыз ету жөнінде 724 миллион теңгеге жуық қаражат көлемінде шарт жасасқан», деді депутат.

Оның айтуынша, тапсырыс аясында компания министрлікке 2 368 арнайы компьютер берген.

«Бірақ тапсырыс беруші «BSB Trade» компаниясына талапты күшейтіп, тауарды қабылдаудан бас тартқан. Шарт «Алматы қаласының Сот сараптамасы институты» және «Атамекен» ҰКП-ның оң қорытындысына қарамастан, тапсырыс беруші тарапынан бұзылған. Бұл жағдайдың ең қиыны, тапсырыс берілген 2 368 компьютер арнайы ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жабдықталғандықтан, көптеген ерекшелігіне байланысты жалпы қолданысқа жарамсыз. Ал бұл дегеніміз – оларды басқа жаққа сату мүмкін емес деген сөз. Ерекше тапсырысты орындап, далада қалған «BSB Trade» компаниясы заңды құқығын қорғауда әділдік таба алмай, меморгандардың босағасын тоздырып жүр. Салдарынан компанияның жұмысы тоқтап, 150 адам жұмыссыз қалды», деді мәжілісмен.

Бұл мәлімдеме Үкімет басшылығын дүрліктірген еді. Мәжіліс депутаты көтерген «компьютер дауын» бірнеше құзырлы орган тексерген. Ақыры депутат келтірген дерек жалған болып шыққан.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров  Мәжіліске жолдаған жауабында мәлім етті.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратына сүйенсек, «BSB Trade» компаниясында 150 жұмыскер жоқ, тек 7 жалдамалы жұмыскер тіркелген. Сондай-ақ онда мүліктің бары да анықталмаған.

«Қазақстанның Қарулы Күштерінің мұқтажы үшін компьютер сатып алу мәселесі туралы депутаттық сауал қаралды. Бұл ретте 2022 жылы 2 368 жиынтық компьютер мен қосалқы керек-жарақ сатып алынғаны да расталмады. Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша 2022 жылғы 30 қарашада «BSB Trade&Advertising» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қорғаныс минстрлігі арасында жалпы сомасы 729 344 000 теңгеге 2 368 жиынтық компьютер жеткізуге мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шарты жасалған. Сонда жеткізу мерзімі – Қазынашылық органында тіркелген сәттен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде деп белгіленген. Бірақ Қорғаныс министрлігі комиссиясының қабылдауы барысында техникалық ерекшелік талаптарына сәйкессіздік анықталды», деді вице-премьер.

Қорғаныс министрлігі бұл жағдай туралы компанияны 2022 жылдың 19 желтоқсанында белгіленген тәртіппен хабардар еткен. Хабарламаға сәйкессіздіктің анықталғанын растайтын акт қоса берілген.

«Осыған байланысты Қорғанысмині тауарды қабылдаудан бас тартты және 2022 жылғы 20 желтоқсанда серіктестікпен арадағы шарт біржақты тәртіппен бұзылды. Сондай-ақ ондай өнімді жеткізген «BSB Trade&Advertising» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушы деп тану және одан тұрақсыздық айыппұлын өндіріп алу үшін сотқа талап-арыз жіберілді. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 8 ақпандағы шешіміне сәйкес, ЖШС мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушы деп танылды. Сот компанияның қарсы талаптарын қабылдаған жоқ», деді Нұрлан Байбазаров.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, мәжілісменнің депутаттық сауалында айтылған дәлелдерді бұрын сот инстанциялары қарап және оған түбегейлі құқықтық баға берілген.

«Бұл мәселеге байланысты Астана қаласы сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2023 жылғы 14 шілдеде қаулы шығарды. Онда ол бірінші инстанциядағы соттың аталған ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушы деп тану және одан тұрақсыздық айыппұлын өндіріп алу бөлігіндегі шешімін жойды, бірақ қалған бөлігіндегі шешім өзгеріссіз қалдырылды. Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қазандағы қаулысымен ЖШС-нің кассациялық тәртіппен қарау үшін берген өтінішхаты қабылданған жоқ», деп нақтылады Нұрлан Байбазаров.

Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.