Бұл – Құттыбек белсенді ізденісімен ерекшеленіп, қазақ бейнелеу өнеріне тың инновация алып келген шығармашыл тұлға. Құттыбек Жақыпқа тән жаңа әдістің бірі – «Екі жақты тері» технологиясы. Ол – Құттыбек жасаған инновация атауы. Терінің түкті жағына түктерді қыру мен ою арқылы композиция жасап, ал түксіз жағына майлы бояумен сәндік бейнелеу әдісімен кескіндеме салуды елімізде тұңғыш қолданған осы Құттыбек. Тері панноларындағы пішіндердің конструкциясы, түстік шешімдер, фон мен фигура қатынастары, бейнелеу үдерісіндегі безендіру элементтерінің тартымдылығы, формалардың майда бөлшектерінің жойылып, ықшамдалып берілуі, көріністердің өрнектермен сипатталуы – суретшінің қолданбалы-сәндік бейнелеу стилінің шеңберіне кіретін басым бағыттары.
Оның шығармашылығында технология табуға ұмтылыс, көркем образ сомдау, материал фактурасын композиция ұтымдылығымен біріктіру, тері түстерінің қасиеттерін композиция құрамымен ұштастыру шеберлігімен айқындалады. Құттыбек елімізге о басында гобелен шығармашылығымен танымал болғанымен, оның көркем өңдеу арқылы теріні станоктық картина деңгейіне дейін көтеру еңбегін көпшілік қауым қазіргі кездегі бейнелеудегі жаңашылдық ретінде біле бермейді. Құттыбектің соңғы кездегі шығармашылығына тән жаңашылдық – малдың терісін өнер материалы ретінде, бейнелеу мүмкіндігі ретінде тануы. Шебердің жиі қолданатын материалы – қара малдың тұтас терісі. Мұнда тері түктерінің өсімділігі, ұзындығы мен қысқалығы дәстүрлі композицияны құрайтын сызықтар мен формалардың рөлін атқаруымен ерекшеленеді. Композициясы сәндік өнерге тән болмысынан, симметриялық құрылымға жақындығынан байқалады.
Құттыбек композиция пішіндерін шығарма идеясына сай ұйыстыра біледі. Жүннің табиғи түсі мен сызықтарының бағыттары мен жіңішке, жуандығы табиғаттағы формалармен сәйкес келуін ұтымды пайдаланатын жоғары деңгейлі шебер. Оның өз туындысындағы ең көп қолданатын әрекеті – сәндік безендіру әдісі. Шығармаларында зат пен құбылыстарды жинақтау, форма бөлшектерін теңеу, ойды пішіндермен символдау, өрнектерді стильдеу әдістері кең көлемде көрініс табады. Шебердің қолынан шыққан дүниелерге тән кіші сценалар: дала табиғаты, ел тарихы, адамның жан дүниесі, болашақ пен салт-дәстүр. Құттыбек көркемдік бейнелеу дәстүрінде визуальдық өнер технологиясын көрерменнің заманауи талғамымен ұштастырады. Ол шығармашылығында теріні көркем өңдеу өнерін тың тәсілдермен дамытып, жаңа композициялық колориттік шешімдермен үнемі толықтырып отырады. Құттыбек Жақыптың басты бағыты – туынды идеясын ашу барысында тері материалының табиғи фактурасын барынша ұтымды пайдалану. Шебердің тақырып таңдаудағы ұстанымдары бабалар дәстүрі, дала тарихы, табиғат құбылыстары, адамның жан дүниесі, бейнелеудің ақпараттық қызметтік сипатымен ұштасып жатады. Ал ең маңызды нанымы – көрерменге өзінің жасаған көркем бейнелері арқылы жаңа заманауи танымдық ақпарат жеткізу, көркемдік бейнелер арқылы тәрбиелік ықпал ету, әрбір ұлттық құндылық ретінде ұсынылатын образдың мәнін фон мен фигура арқылы күшейту, идеялық ой салмағын түстер үйлесімділігі аясында арттыру.
Құттыбек Жақып теріні көркем өңдеп, «Станоктық панно» жасау технологиясын көрсететін екі өлшемді шығармашылық кредосы ретінде қолданады. Бірінші өлшем – екі жақтама тері. Ол – екі жағына да сурет салынған тері. Бұл – суретшінің теріні көркем өңдеу технологиясындағы дара ерекшелігі. Суретші шығармашылығындағы екінші өлшем – терінің фактурасын көркемдік элемент ретінде қолдану. Фактура – терінің бетінің тегістігі, түгі, түгінің өсімі мен олардың сызықтар функциясындағы бейнелеушілік мүмкіндіктері. Терінің қасиеті өңделу нәтижесінде көрінеді. Құттыбек терінің табиғи қасиеттерін композиция құрастыру үдерісінде безендіру формасы ретінде ұтымды пайдаланады. Шеберлігінің тағы бір қыры, тері бетіндегі әрбір сызықты, пішінді, бояу түсін шығарма композициясына сай көркемдік элементтер сипатында шығарма идеясына бағындыра біледі. Тері бетіндегі табиғи жаратылыс бейнелеріне, пішіндер сипатына орай суретшінің композиция құруы оның қиялының ұшқырлығын көрсетумен қатар заманауи бейнелеу технологиясы болып танылады.
Кәсіби шебердің соңғы кездегі шығармаларының барлығы дерлік теріден жасалған туындылар жүйесін құрайды. Олардың негізгі көрсеткіштері өлшем, форма және мазмұн бірліктерімен сипатталады. Жұмыстары пластикалық-графикалық жоғары деңгейдегі шеберлікке негізделіп, автордың ішкі ойын ашуға, сезімін оятуға, эмоциялық күй кешуге, әсемдік талғамына бағытталған үлкен өрнектанудың жоғары деңгейін көрсетеді. Картинадағы өрнектанушылық, барлық композицияның сәндік негізге бағытталуы, жұмыстың пластикалық концепциясы, эстетикалық-көркемдік құндылықтардың бір арнаға тоғысуы Құттыбек Жақып шығармаларының көркемдік мазмұны болып анықталады.
«Түрік қағанаты» топтамасы – тұнып тұрған тарих. Осы триптихке кіретін «Отбасы» туындысын жасауға тұтастай алынған үлкен өлшемді тері материалы қолданылған. Композициялық орталықта орналасқан үш фигура ұрпақтар сабақтастығын білдіретін негізгі композициялық элементті құрайды. Олар – ата, әке, бала, әже, ене, келін көріністерінің символдық белгілері. Жер қайысқан аттылы әскер, қобызшы-абыз, қайырымды аңшы, мерген, садақшы, қыран бүркіт, ақ жалаулы адам бейнелері отбасы мен елдің береке-бірлігін көрсетеді. Шығарма колориті жылы бір сипатты түстерді топтастырған. Тері түгі мен түсінің композициялық формалары идеялық ойды айтуда суретшінің ұтымды үйлестіру шеберлігімен интеграциялық бірлікті қамтамасыз етеді. Бұл картинаның жоғарғы бөлігіндегі адамның бет-бейнесімен және фон мен фигураның бірлікте көрініс табуымен дәлелдене түседі.
Осы триптихтегі «Табыну» атты шығармасы түстік шешімі қоңыр қызыл, қара, ақсары түстерден құралған. Туындыдағы көріністердің фонындағы қара түсті жазықтықтар көрінісі түнгі аспанды меңзейді. Ай көрінісі, шеңбер, бүркіт, шаңырақ, бейнелері, адамдардың жеке дара қозғалыстағы көріністері тәңірге табынуды символдық көріністерімен білдіреді. Туынды композициясы ою-өрнектер түріндегі сәндік безендіруге, өрнектануға негізделген. Өрнектер көрінісі жусанның исін сездіріп, самал желмен тербетілген дала гүлдерін елестетеді. Туындыда сәндік безендіру әдісі ұтымды қолданылған. Негізгі көріністерді аспан мен жер, табиғат құбылыстары мен адам, ақ пен қара, күн мен түн құрайды. Бұл картина мазмұнын ашу жолындағы көркемдік бірлікті, тұтастықты күшейте түскен. Шығармадан символизм көріністері кеңінен байқалады. Олар – бабалар өткен баяғы, қолға ұстаған таяғы, Ұлы даланы дүбірлеткен тұлпарлардың тұяғы.
Формалар көріністерін бейнелеуде суретші ою-өрнектеу, безендіру әдістерін кеңінен қолданған. Туындыдағы қолданған пішіндер топтамасы динамика ұстанымына құрылған. Шығарма композициясындағы сызықтардың қозғалыстық бағыты, көрініс сипаты бірін-бірі қайталамайды. Олардың әрқайсысы дара сомдалған. Сызықтардың сипаты күрделі көріністер құпиясы мен шығармашылық ойды ашуға бағытталған. Картинаның бейнелеу әдістерінен кескіндемелік реалистік бейнелеуге қарағанда сәндік бейнелеуді мақсат тұтқандығы өнердегі жаңашылдықты көрсетеді. Суретші кешегі бабалар көші қонған жер, аталар аманаты болған жер бүгін де сол күйінде сақталған, көнермеген, өміршең қалпын сақтаған және сақтала береді деген ойды білдіреді. Композицияның барлық элементін шығарма идеясына бағындыру заңдылығын суретшінің ұтымды қолдануы арқылы көк аспан мен қара жердің көркемдік сипатты қабылдау үдерісінде ерекше көз тартып, көрерменге тартымды эмоциялық әсер береді.
Теріні көркем өңдеу мен оны композициялық шығармашылыққа, образдық деңгейге дейін көтеру нәтижесі әділетті Қазақстан идеясының еліміздің бейнелеу өнеріндегі жаңа басталып келе жатқан көркемдік іс-әрекет бағытын көрсетеді. Теріні көркем өңдеу мен оны стилизациялық-образдық деңгейге көтеру – Құттыбек Жақыпқа тән жаңашылдық жол. Оның монументтік эпопеялық сипаттағы шығармалары суретшінің өзіндік стилінің бір қырын көрсетеді. Туындыларындағы сызықтар қозғалысы қаншалықты көп болғанымен бірін-бірі қайталамауы суретшінің жоғары деңгейдегі шеберлігін тағы да аңғартады. Ақ пен қара, ақ пен сары түстердің бірлігі бірнеше рет берілсе де, формалардың бір-бірімен қайталануына жол берілмеген. Фон мен пішін бірін-бірі үнемі ауыстырып, қозғалыс сипатын күшейтіп отырады. Бірде фон қара, фигура ақ түсті болса, екінші көріністе керісінше берілген. Туындыдағы сызықтар мен бояулардың буырқанған көріністері дауылпаз дала мен ардақты ана туралы ойды бейнелік символдық тілмен жеткізген. Оның туындыларының негізгі идеясы – ұлттық салт дәстүрлер, өмір өткелдері, қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресін суреттеу. Оның жұмыстарындағы композиция қатаң түрдегі сәндік өнер композициясына тән симметрия заңдылығына бағындырылған. Өне бойына созылыңқы формалы абстрактылық пішін адамның басын, кеудесі мен қолдарының саусақтарын елестетеді. Шығармаларында адамның барлық энергиясын сарқа пайдалануын символдап көрсетеді. Осы пішінді жағалай орналасқан жауынгерлердің жекпе-жегі, арыстандардың бір-біріне айбат шегуі, садақ тартқан мерген, найза ұстаған жауынгерлер шайқасы бабалар өмір сүрген тарихи кезеңдер жиынтығын еске түсіреді. Жарық пен көлеңке көріністері кезектесе келе, күн мен түннің, жақсылық пен жамандықтың кезектесуін білдіреді. Найзалы баба, қамқор ана, қасиетті дала, жаз бен қыс – картинаның басты символдары. Құттыбек Жақыптың теріні көркемдік өңдеу технологиясын дамыту, шығарма идеясы, композициясы, колориті мен орындау шеберлігі суретшінің үнемі жаңашылдықты іздеуге іңкәр екенін білдіреді.
Елімізде мал терісін ұқсата алмай жатқан кезеңде теріні көркемдеп өңдеп, заманауи бейнелеу туындысы деңгейіне көтеру – ерекше назар аударатын іс-әрекет. Ол теріні көркем өңдеу арқылы идеялық ой айта біледі, шығармашылық даралық сипаты бар композиция құрастыруда шеберлік танытады, табиғи тері мен жүн материалдарының фактуралық қасиеттерін ұтымды қолдану арқылы түстік шешім жасайды, теріні шығарма идеясына сай бояу техникасын таңдай біледі. Құттыбек осылайша теріден панно композициясын жасау арқылы өткен дәуір тынысын білдіретін ауқымды идеялық ойды көрерменге жеткізеді. Оны белгілі бір дәуір тынысын образ деңгейіне дейін көтере білген, кәсіби қабілет-қарымы кең суреткер деп танимыз. Оның шығармалары көркемдік тұрғыда түсіндіруді қажет етпейтін туынды. Әлем халықтары түсінетін бір тіл бар, ол – Құттыбек шығармаларының тілі. Оның шығармалары – жастарға тәлім мен тәрбие беру құралы. Сондықтан да оның жұмыстары Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. Мұның өзі қазақ бейнелеу өнеріндегі инновациялық реформаторлық жолды таңдап алған суретшіге берілер жоғары баға болар еді деп санаймын.
Қуандық ЕРАЛИН,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор