Қоғам • 10 Шілде, 2024

Көгілдір отынға көпшілік риза

109 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үйді газдандыру жұмыстарын бақылауында ұстап отыр. Тіпті, Үкімет пен әкімдікке көгілдір отын тартуды жеделдетуді тапсырды. Кеншілер қаласын газдандыру бүгінде 4 кезекті 16 іске қосу кешенін қамтиды. Бірінші кезек бойынша Қазыбек би ауданы мен қаланың Михайлов бөлігі газға сәтімен қосылды.

Көгілдір отынға көпшілік риза

Суретті түсірген - Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Газ тарату желілері 4 166 жеке тұрғын үйге жалғанды. Осы жылдың 28 мамырына жеке тұлғалар үшін көгілдір отынға қосылуға 3 046 техникалық шарт беріліп, 2 459 үй қажетті жабдықпен қамтылды. 5 жыл мерзімге пайызсыз несие рәсімдеу арқылы жаңғырту арқылы тағы 260 үйге газ кіріп үлгерген. Жұмысты әрмен қарай жалғастыру үшін әкімдік жаңғырту орталығына қосымша тағы 300 мекенжай тізімін берді.

– Газды әркім өз қалтасынан қаражат шығара салып, қоса алмайтыны анық. Сондықтан тұрғындарға пайызсыз, бөліп төлеу өте тиімді. Үйіне газ тартқысы келетіндер бізге хабарласады. Мердігер газға қосылу ақысын есептейді. Біз оны атаулы мерзімге пайызсыз негізде бөліп, мердігерге қаражатын төлейміз. Ал қосылған үй иесі межеленген уақыт аралығында берешегін біртіндеп өтейді. Былтыр бұл бағдарлама қанатқақты қалыпта іске қосылып, әжептеуір тиімділігін көрсеткен еді. Нәтижесі бар. 300-ге тарта үй көгілдір отынға қосылды. Биыл 70 үй газбен қамтылды. Ендігі жоспар бойынша 420 үй межеленді. Газға қосылудың орташа бағамы 800 мың теңгеден басталады, – дейді облыстық тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы директорының орынбасары Әлібек Аденов.

Кирзавод аумағы, Таугүл және Күнгей шағын аудандары маңындағы 4, 5, 6 іске қосу кешендеріне жауапты талдықорғандық «МБК Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып танылса, техникалық қадағалау «ГрандТауэрСервис» ұйымына жүктелген. Бесінші іске қосу кешенінде мердігер ескі әуежай ауданында Штурманская, Самал көшелерінде газбен жабдықтаудың орамішілік желісі тартылып, абонентке жалғаудың 512 торабы орнатылды. 29 техника, 100-ге тарта сала маманы жұмыс істеп жүр. Енді 2026 жылы Әлихан Бөкейхан ауданын газдандыруды жобалау жұмыстары басталады.

Рейдовая көшесінің тұрғыны Әбікен Кушкенов жылда 7-8 тонна көмір жағып келген. Енді күні-түні пешке отын жарып, көмір салып жүрмеймін дейді.

– 2011 жылдан бері осында тұрамын. Отбасымыз үлкен. Көшемізге газ тарту жұмысы жедел жүзеге асып жатыр деп ашық айтар едім. Жұмыскерлер ың-шыңсыз шаруасын істеп жатыр. Пеш жағып жүріп, кейде барар жерімізден қалып қойып жататын едік. Енді ұмыт болды. Басы басталған екен, аяғы ойдағыдай тәмамдалса екен. Көмір жыл сайын қымбаттамаса, арзандамайды. Тоннасы – 22 мың теңге. Орталықтандырылған газды көптен бері тағатсыздана күткен едік, – дейді Әбікен Достайұлы.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ компаниясы газ тарату желілеріне техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге жауапты. Тұрақты тексеріп, оны уақтылы жөндеп отырса, онда ол газбен жабдықтаудың қауіпсіздігін сақтауға кепіл.

– Газға қауіпсіз әрі кепілді негізде қосылу айтқанға оңай болғанымен, іс жүзінде сақтықты талап етеді. Әр тұрғын біздің тараптан техникалық шарт алады. Кез келген қарапайым абонент техникалық құжатты тегін иемденеді. Арызын жазған адам үйінің техникалық куәлігін, жерінің актісі мен жеке куәлігін көрсетеді. Мұнан соң құрылыс жұмысы жалғасады. Нәтижесінде мамандарымыз жабдықтың қауіпсіздігін тексеріп, газ таратады. Тарифке келетін болсақ, алдымен шығын есептеледі. Әрине, көптеген күрделі үйлер барлығын да ескереміз, – дейді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ өңірлік өндірістік филиалы директорының орынбасары Амандық Тәңірбергенов.

Қарағанды қаласында 7 018 тұрғын көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие. Жалпы алғанда газдандыру жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда өскен.

– 2022 жылғы сараптамаға көз жүгіртсек, 500 үй газға қосылған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1 500 үйге жетті. Биыл қаңтар айынан бері есептегенде 500 үйге көгілдір отын жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш әлі де өседі. Айта кететін жағдай, кез келген тұрғын үйге газ тартуы үшін техниқалық шарт алуы міндетті. Ал ол құжатты жеңілдету мақсатында біздің филиал үш бағытта жұмыс істейді. Яғни кез келген тұрғын үйінде отырып, eGov порталы арқылы немесе филиал сайтына кіріп өтініш қалдыра алады. Тіпті болмаса, кеңсеге келіп, мамандардың көмегіне жүгінуге болады, – деді филиал директорының орынбасары Амандық Тәңірбергенов.

Газдандырудың бірқатар артықшылығы бар. Біріншіден, экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарады. Көмірмен жылытудан табиғи газға ауысу атмосфераға зиянды заттың шығарындысын едәуір азайтады. Екіншіден, газдандыру жаңа жұмыс орындарын құру және инвестиция тарту арқылы аймақтың экономикалық дамуына едәуір ықпал етеді. Үшіншіден, тұрғындар үшін тиімді.

Қарағанды облысы