Ең қысқа әңгіме • 12 Шілде, 2024

Сыйластықтың бір шыңы – ат тергеу

86 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елден көрген бір оқиға еді ғой бұл. Ауылдан Қазалыға (Қызылорда облысының аудан орталығы) «Пазик» автобуспен шоқытып келеміз. Қай шопыр екенін кім біліпті, әйтеуір, ауданға жақындағанда, балалы әйел қол көтерді. Салдыр-гүлдір етіп біз де тоқтай қалдық. Баласымен жүгіре жеткен келіншек «сәлем бердікті» бір ызғытты да, «Кәрмәкістің автобусы ма?» деп салды. «Иә» дестік. Айтпақшы, Кәрмәкіс – Карл Маркс, қазіргі Бекарыстан би ауылы. Содан әлгі келіншек сөйлей бастады.

Сыйластықтың бір шыңы – ат тергеу

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Ауылдан Нұргүл тәте ақша беріп жіберу керек еді...

– Қандай Нұргүл?

– Сол сіздің ауылдағы.

– Ол қайсысы тағы? Кімнің қатыны?

Енді ана келіншек састы. Соған қарағанда қайын аға не атасы болу керек. Дереу ұлына қарап:

– Тәкөнай, ақ көкеңнің атын айта қойшы. 3-4 жастағы бала қапелімде не айтсын? Көзі бағжаң етті де, желбіреген танауын бір тартып қойды. Демек, ақ көкесі – қайнағасы деген сөз.

– Әй, айт!

Бала да ұмытқан болу керек. Ышқырын бір көтергені болмаса, үндемеді. Енді автобустағылар шулай бастадық.

– Әй, айта берші, атаң болсын, қайнағаң болсын...

– Сонша керілгені несі?

– Бол енді, уақыт созбай...

Нәті мықты екен мына келіннің. Айтпады. Шофер қасарысып ол тұр.

– Кім ол?

Келіншектің мұрны терши бастаған. Сонда да қайнағаның атын атамай тұр. Енді автобустың ішіндегі бір топ қатын жұмбақты табуға кірісті. Ананы айтты, мынаны айтты.

– Тұқымың көбейгір, Баубектің үйіндегі ме Нұргүлің?

– Иә, – деп қалды қатты қуанған келіншек.

– Байғұс-ай, қайнағаның атын айтпаймын деп, ақшадан айырыла жаздадың-ау...

– Өй, – деп бір шырт түкірді шопыр да. Ақшасын беріп, біз де жөнелдік. Қайын жұртын қадірлей білетін келіннің қазақта болғанына шүкір дедік іштей.