Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан
Дерекке жүгінсек, Аса ауылында 13 мыңнан астам халық тұрады. Жергілікті жұрт отыз жыл бойы алты жолақты теміржолды төтесінен басып өтіп жүрген. «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деуге шақ қалған бұқараның тілегі ақыры орындалды. Енді асалықтар теміржолдың арғы бетіне алаңсыз қатынайды.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, көпір құрылысын жүргізгендер барлық қауіпсіздік шарасын назарға алған. Мұнда жүргіншілер жолағы қарастырылған. Көпірдің биіктігі 6 метрді құраса, ұзындығы 41 метр екен. Бір сөзбен айтқанда барлық жұмыс стандартқа сай атқарылған.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қомақты қаражатқа салынған көпірді күтіп ұстаудың маңызы зор екенін айтып отыр. Сондай-ақ ол қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалау қажет деп есептейді. Бұл жұмысты Жамбыл ауданы әкімдігі назарға алмақ.
«Балалар қауіпсіздігі назардан тыс қалмауға тиіс. Ауыл тұрғындары ұзақ жыл бойы көтерген мәселе оң шешім тауып, аспалы көпірдің құрылысы жүргізілді. Аудан орталығын мекендеген жергілікті халық енді әрі-бері алаңсыз қатынайтын болды. Осы көпірді күтіп ұстаудың маңызы зор», дейді өңір басшысы.
Жергілікті халық бұл қуанышты ұзақ жыл бойы күткенін айтып отыр. Уәденің үдесінен шығып, көпірді межелі мерзімде пайдалануға берген жергілікті атқарушы билікке деген ризашылықтарын жеткізгендердің қарасы қалың.
«Осы бір өзекті мәселе асалықтарды ұзақ жыл бойы толғандырғаны жасырын емес. Жергілікті жұрт аспалы көпірдің қажеттігін айтудан жалыққан жоқ. Түптің түбінде билік біздің үнімізді естігеніне бек қуаныштымыз. Міне, енді көптен күткен арманымыз ақиқатқа айналып, риясыз қуанып отырған жайымыз бар. Уәдеде тұрып, көпірді пайдалануға бергені үшін басшыларға айтар алғысымыз шексіз», дейді Аса ауылының тұрғыны, ардагер Әбдітәліп Омаров.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке сүйенсек, аспалы көпірдің құрылысын жүргізген кезде жергілікті атқарушы билік мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қариялардың талап-тілегін ескеріпті. Үлкендердің өтінішіне сәйкес, көпірдің екі жағына жедел саты орналастырылған. Бұл жеделсатыны денсаулығында ақауы бар азаматтар пайдаланып, жолдың арғы бетіне өте алады.
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы