Климаттың өзгеруі және өсімдіктер
Фариза Мұқанова – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Бексейіт ауылының тумасы. Аталған ауылдағы мектепте білім алған соң, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Агрономия» мамандығына оқуға түсті. Бакалавриатты аяқтап, осы бағыт бойынша Омбы мемлекеттік аграрлық университетінде магистратурада оқуын жалғастырды. Кейіпкеріміз еңбек жолын М.Қозыбаев университетіне Агрономия және орман шаруашылығы кафедрасының оқытушысы болып бастады, кейін кафедра меңгерушісі қызметіне тағайындалды.Біліктілігін арттыру мақсатында Америкаға аттанып, қарқынды ғылыми зерттеу жүргізілетін жоғары оқу орны ретінде танымал Аризона университетінде тағылымдамадан өтіп келді. Ф.Мұқанованың «Климаттың өзгеруі өсімдік ауруларына қалай әсер етеді?» тақырыбындағы зерттеу жұмысы өсімдік аурулары және оны анықтаумен, фитопатологиялық әдістерді диагностикалау дағдыларын қалыптастыру және климаттың өзгеруі өсімдік ауруларына қалай әсер ететінін, жайылымдар мен танаптарды қалпына келтіруді зерттеуге бағытталған.
Әдістеме зертханалық және далалық деректерді, фитопатологияны диагностикалау әдістерін және эпидемиялық болжамдарды пайдалануды, содан кейін алған нәтижелерді талдауды және аймақтың ұқсас деректер жиындарымен, үлгілерімен салыстыруды қамтиды. Аризона университетінің ғалымдары қоршаған ортаны ұтымды басқарудың барлық аспектісін қамтитын проблема бойынша зерттеулермен айналысады. Бұл өз кезегінде ғалымның өз зерттеуін нәтижелі жүргізуіне жәрдемдесті.
«Тағылымдамаға барудағы мақсатым осы күнгі озық технологияларды үйреніп, алдағы уақытта Қазақстан жағдайында өсімдіктерді зерттеу барысында қолдану болды. «500 ғалым» бағдарламасы адамға өзін жақсы маман ретінде тануға мүмкіндік береді, себебі тағылымдама барысында стипендиаттың жеке, сондай-ақ іскерлік қасиеттері, оқу қабілеті, қарым-қатынас орната білуі, тапсырылған жұмысқа жауапкершілігі жақсы көрінеді. Бұл тағылымдама, сондай-ақ ғалымға өзінің зерттеу жұмысы жөнінде озық тәжірибе алуға, белгілі бір салада алған тәжірибесін жаңартуға дайын және қабілетті, кәсіби маман болуына жол ашады. Жалпы алғанда, тағылымдама сияқты кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыратын жобалар – мамандардың кәсіби дамуының ажырамас элементі. Ал қазіргідей кезеңде өз қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы арттырып отыру ұйымның табысты болуына ықпал етеді», деді Ф.Мұқанова.
Тағылымдамадан түйгені көп стипендиаттың ойынша, жаңа нәрселерді үйренуден қорықпау керек. Өйткені өзге елдің мәдениетін ғана емес, барлық саласын зерделеу өмірге деген көзқарасыңды өзгертеді. Кейіпкеріміз тағылымдама барысында үйренген дағдыларды өз қызметінде қолдануға тырысып келеді. Орасан зор инновациялық әлеуеті бар салада еңбек етіп, зерттеу жасап жүрген ғалым өз замандастары мен отандастарын еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін бірге дамытуға шақырады.
Өнеркәсіп тарихы
Сәбира Жүнісова Қостанай облысында туған, Рудный қаласындағы мектепті бітірген соң, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне «Тарих» мамандығы бойынша оқуға түсіп, бакалавр, артынша магистр дәрежесін алып шықты. Қазіргі таңда ол Рудный индустриалды институтында заманауи Қазақстан тарихы мен әлеуметтік пәндерден сабақ береді, сонымен қатар металлургия және тау-кен жоғары мектебі деканының орынбасары болып еңбек етіп жүр. Былтыр кейіпкеріміз «500 ғалым» бағдарламасы аясында Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин атындағы Орал федералды университетінде (УрФУ) тағылымдамадан өтіп келді. Стипендиат аталған ресейлік оқу орнын географиялық жағынан Қазақстанмен тығыз байланыста болғандықтан таңдағанын айтты.
«Бұл университет – Ресейдегі ең ірі федералды университеттердің бірі, онда ең көне тарих кафедраларының бірі орналасқан. Осыған қоса бұл жоғары оқу орны географиялық жағынан Қазақстанмен тығыз байланыста. Өнеркәсіптік тарих бағытында зерттеу жүргіземін, сол себепті Свердлов және Челябі облыстарының архивтерімен танысқым келді әрі докторантурадағы зерттеулердің тақырыбын табуды көздедім. Тағылымдамада танысқан шетелдік әріптестермен қазірге дейін бірге жұмыс істеп келемін, кейбір ғылыми жұмыстарды бірлесіп орындаймыз. Ғылыми зерттеуімнің тақырыбы – «Ресей Федерациясының Свердлов, Челябі облыстары, сондай-ақ Қостанай облысы кәсіпорындарының халықаралық өнеркәсіптік әріптестігінің эволюциясы». Болашақта әріптестермен осы тақырып бойынша жұмысты жалғастыру жоспарымызда бар. Маған тағылымдаманың бергені көп болды. Мысалы, білімімді жетілдіру кезінде цифрлық тарих пәнін оқу арқылы цифрлық деректермен жұмыс істеуді үйрендім, Свердлов облысындағы ең ірі кітапханалардың бірі саналатын Белинский атындағы кітапханасымен таныстым, Бүкілресейлік форумға, Екатеринбург пен Пермьнің 300 жылдығына байланысты ірі тарихи конференциялардың біріне, Ресей ғылым академиясының Орал филиалында өткен форумына қатыстым», деді С.Жүнісова.
Оның айтуынша, мұндай ғылыми жиындарға қатысу ғалымның әлеуетін арттырады. Ал тағылымдамаға бірден өту қиындық туғызған, себебі талаптары оңай емес. Бұл бағдарлама бойынша стипендиат атану үшін ғылыми жарияланымдар, үздіксіз еңбек өтілі, зейнетақы жарналары секілді ғылыми қызметке байланысты құжаттар пакеті талап етіледі. С.Жүнісова бірінші рет тапсырғанда өте алмай, екінші рет тапсырған. Барлық кезеңнен өтіп, әңгімелесу форматындағы соңғы сатыда одан бұл тағылымдаманың ғылыми дамуына қандай қажеті барын сұрапты. Сонда ол Рудныйдың өнеркәсіптік қалаға жататынын, ондағы институтта өзі оқытып жатқан болашақ өнеркәсіп мамандарының мамандығын ғана емес, Қазақстандағы мамандығының тарихын, жалпы өнеркәсіп тарихын да білуге тиіс екенін, бұл тұрғыда Ресейдегі архивтер мен мұражайларда Екатеринбург, Челябі қалаларында Қостанай облысы, Рудный қаласы бойынша қызық материалдар, тарихи деректерді дәрістерінде қолдану көп көмектесетінін айтып, жауап берген екен. Осы ойлағаны қазіргі қызметінде іске асып, тағылымдаманың жемісін көріп отыр.
Қаратаудың жоталары
Қаратаудың жоталары да – ғылым, ғылыми зерттеудің нысаны. Осындай ойға жетелеген кезекті кейіпкеріміз Сезім Мұстапаева «500 ғалым» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту үшін мұхит асып, сонау АҚШ-тағы ең алғашқы зерттеу университеттерінің бірі саналатын Johns Hopkins университетінің зертханасында Қазақстандағы (Қаратаудың үлкен және кіші жоталары) қималардың сынамаларына зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде ол Қазақстан аумағында криогендік мұздану шөгінділерінің абсолютті жасын айқындаған.
«Мен кейінгі жылдары төменгі Эдиакардан Қаратау жоталарының Девон-Карбонына дейінгі геологиялық кесінділердің органикалық қалдықтары эволюциясының ерекшеліктерін зерттеумен, сондай-ақ биоценозды палеогеографиялық қайта құрумен айналыстым. 2022-2023 жылдары Johns Hopkins университетінің Smithlab зертханасында палеонтология және стратиграфия бойынша ғылыми тағылымдамадан өттім. Бұл университеттен 28 Нобель сыйлығының лауреаты шыққан. Университеттің ғылыми зертханалары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңістігінде теңдесі жоқ жаңа жабдықтармен жабдықталған. Аталған тағылымдама маған зертханаларда хроностратиграфиялық зерттеулер жүргізуге, бірнеше жылдық зерттеулерім бойынша серпінді нәтижелерге қол жеткізуге жағдай жасады. Осы шетелдегі зерттеулерім арқылы Жаңақорған бөлінісінде визе-Серпухов шекаралық шөгінділерінің фораминифері бойынша аймақтық шкаланы белгілеуге, сонымен қатар модификацияланған уран-қорғасын әдісі негізінде неопротерозой геологиялық түзілімдері бойынша жаңа деректер, қалыңдықты бөлшектеуге арналған жаңа биостратиграфиялық деректер алуға мүмкіндік туды», деді PhD, Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті геология кафедрасының қауымдастырылған профессоры С.Мұстапаева.
Оның айтуынша, ғылыми тағылымдама халықаралық деңгейдегі ғалым ретінде қалыптасуға, әлемдік алпауыт университеттің ғалымдарымен бірлесіп зерттеулер жүргізуге, биостратиграфиялық, хроностратиграфиялық зерттеулердің жаңа әдістерін игеруге жағдай жасады. Сонымен қатар алған тәжірибесін Қазақстанның палеонтологиясы мен стратиграфиясын дамытуға пайдаланып келеді.