Бүгінгі таңда елімізде көптеген саланы автоматтандыру үдерісі жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұдан денсаулық сақтау саласы да тыс қалып жатқан жоқ. Робот-курьер – соның бір дәлелі. Осы робот арқылы ем алушыларға қызмет сапасын жақсартуға болады. Мұны университеттің жас ғалымдары мен роботтехника және автоматика техникалық құралдары кафедрасының студенттері жасаған. Робот-курьер ауруханада ем алып жатқандарға керекті дәрі-дәрмекті жеткізіп беруге арналған. Негізінен, дәрі-дәрмекті медицина қызметкерлері тасушы еді ғой. Енді оны робот-курьер атқарса тамаша емес пе?! Қазақша айтқанда, робот-курьер медицина мамандарының қолын ұзартады. Мұнда барлық жүйе автоматтандырылып, заманауи құралдармен жабдықталған. Әсіресе құрылғыдағы автономды навигацияның қызметі зор. Ол роботтың бағдарын оңтайлы етіп, дәрі-дәрмекті жеткізуді жылдамдатады. Қысқасы, робот-курьер сұраныс бойынша емделушіге дәрі-дәрмекті әрі жылдам, әрі қауіпсіз жеткізеді.
Осы көмекші құлтемірді жасаған топтың жетекшісі Нұрлан Баянбайдың айтуынша, бұл идея оған пандемия кезінде келіпті.
«Мұндай робот-курьер бірқатар шет мемлекетте жақсы дамыған. Олар дәрі-дәрмекті пациент жатқан әрбір палатаға қауіпсіз жеткізіп береді. Соны көзімен көріп, осындай роботты біз неге жасамасқа деген ой келді. Сөйтіп, бірден бастап кеттік. Алдымен шағын робот-курьер жасадық. Ол ойымыздан шықты. Содан кейін университет қолдауымен оның үлкен нұсқасын жасап шығардық. Әзірше оны өзіміз сынақтан өткіздік. Алдағы таңда осындай роботтарды шығаруды дамытсақ дейміз. Өйткені бұған сұраныс жоғары болары анық. Оған толық көзім жетеді. Мысалы, Алматыдағы №4 қалалық ауруханада жұмыс істеп жүргенде осындай проблема бар екенін байқадым. Біз жасаған робот-курьер медициналық ғимарат ішінде еркін жүріп, дәрі-дәрмекті қоймадан әрбір емделушіге өзі апарады», деді ол.
Жас ғалымдар роботкурьерді отандық материалдан жасаған. Электрондық құралдар ғана шетелден алынған. Осы топқа жетекшілік еткен Нұрлан Баянбай 2018 жылдан бері көрнекті ғалымның есімін иеленген жоғары оқу орнында қызмет істейді. Санкт-Петербург қаласында магистратураны оқып, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің докторантурасын тәмамдаған. Биыл «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білімін одан әрі тереңдетуге аттанып барады. Қысқасы, игілікті дүниені жасаған жас ғалымдарды қолдап, робот-курьердің санын көбейтсек, медициналық қызметтің сапасы арта түсері анық.