Қоғам • 12 Шілде, 2024

Көңіл көзіндегі кіреуке

390 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бала кезінен жанарының кемістігі бар еді, мектеп бітіретін жылы қатарластарымен шекісіп қалғанда, басынан ауыр соққы тиіп, жарық дүниенің жылт еткен жарығына мүлдем зәру болып қалды. Биыл оның темір торға қамалғанына алтыншы жылға аяқ басып барады. Жанарының семіп қалғаны емес, көңіл көзіндегі кіреукенің кесірінен ол осындай жағдайға тап болды.

Көңіл көзіндегі кіреуке

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Ербол рухы мықты азамат болып өсіп келе жатты. Тағдырдың тосын сыйына қара­мастан, өмірге деген іңкәрлікті жо­ғалт­пады, өз орнын табуға ұмтылды. 2010 жылы үйленді. Алматы қаласындағы медици­на­лық колледжге оқуға түсіп, массажист маман­дығын меңгеріп алды. Өзі туып-өскен Сәтбаев қаласына оралды. Қолында – қыз­ыл диплом. Ол жергілікті мемлекеттік меди­циналық мекемелердің біріне жұмысқа тұруды армандады. Ауруханаға да, емханаға бас сұқты, бірақ босағадан кері қайтты. Қала басшылығы да құрғақ уәде, әдемі сөзбен тойдырды.

Ол мемлекеттік медицина саласында жұмыс істеуге неге сонша ұмтылды? Өйткені егер оқу бітіргеннен кейін 5 жыл ішінде мемлекеттік медициналық мекемеде жұмыс істемесе, дипломы күйіп кете­тін еді. Бұл бағытынан беті қайтып, тауы шағылған Ербол жеке кәсібін ашуды ұйғарды. Солай істеді де. Бір пәтерді жалға алып, массаж кабинетін ашты. Жеке баспанасы болмағандықтан, пәтер жалдап тұратын. Мүгедектігі үшін мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы екі бірдей жалдау ақысын әзер-әзер жауып тұрды. Келіншегі екі баласымен үйде отыруға мәжбүр. Ерболға көмектесе қоятындай ата-аналарының да қолы қысқа адамдар еді. Әкесі тіпті мүгедек болатын.

Массаж кабинетін ашқанмен, тәжірибесі шамалы әрі жанары зағип жанға келушілер қатары да көп бола қойған жоқ. Ербол қаржы қыспағын қатты сезінді. Сөйтіп жүргенде... Уатсап желісі арқылы байланысқа шыққан танысы өзінің Сириядан хабарласып тұрғанын жеткізді. Бұл әрине, кейбір жігіттердің «жиһад» деп шет жұртқа кетіп жатқандары туралы еміс-еміс еститін.

«Әлемдегі бар мұсылмандар қазір осында жиналып жатыр. Дін үшін күресу – мұсылман міндеті. Мұнда келсең, ештеңеден таршылық көрмейсің, бар жағдайың жасалады. Саған арнайы кабинет ашып береді, жоғары жалақы төлейді, соғыс операцияларына қатыспайсың, қарапайым халыққа, жараланғандарға медициналық жәрдем көрсетесің. Бар болғаны – сол, есесіне ислам алдындағы міндетіңді де өтейсің, өзіңнің жағдайыңды да жақсартып аласың». Негізгі әңгіме желісі осындай болды.

Бұл әуелгіде «Пәлен жерде алтын бар, барсаң – бақыр да жоқ» дегендей, Сириядан жететін үгітке үгітіліп кете қоймады. Ал анау болса байланысқа шығуын тоқтатпады. «Тамшы тас жарады, тас жармаса да бас жарады» демей ме, сол айтпақшы, күндердің күнінде Ербол келіншегі мен бала-шағасын ертіп, Ыстанбұлға ұшып кетті. Ата-анасына да, туған-туыс, дос-жарандарына да қайда, не үшін бара жатқандарын айтқан жоқ. Өйт­кені «тапсырма» солай болатын. «Алматы арқылы Ыстанбұлға жет. Сені сол жерде жігіттер күтіп алады да, Сирияға өздері жеткізеді» деген сөз рас болып шықты. Аяқ-қолдарын жерге тигізбей, Сирияның шекарасынан өткізді.

Мұнда бұларды қазақ жігіттері күтіп алды. Мұқият тексерістен өткізілді. Сөйтсе, әрбір ұлтқа бөліп-бөліп тастаған екен, қазақ болсаң қазақтардың, өзбек болсаң өзбектердің секцияларына барады екенсің.

Шынында да, «шақырушының» айтқаны ақиқат екен. Бұларды бірден үш бөлмелі пәтерге орналастырып, бір бөлмесін барлық құрал-жабдықтарымен массаж кабинеті етіп жасап берді. «Көктен сұрағаны жерден табылды» деген осы ғой, Ербол мұнда келгеніне қатты қуанды. Жұмысы да сарымайға пышақ салғандай жүріп сала берді. Елде жүргендегі қаржы қиыншылығы келмеске кеткендей көрінді. Ата-анасымен ұялы байланыс арқылы хабарласып тұрды. Бірақ қайда жүргенін айтпады. Айтса, басы кететін еді. Бір қарағанда, өзін шетелге келіп, жақсы жұмысқа орналасқандай сезініп жүрді. Бәрі кереметтей көрінген, жер бетіндегі жұмаққа топ ете қалғандай күйге түскен. Жергілікті қарапайым тұрғындарға да, жаралы жандарға да массаж жасап, жұмысын жалғастырып жатты. Бірақ... Көп ұзамай перденің арғы жағы ашыла бастағандай болды. Мысалы, бұларға әлдекімдердің тастап кеткен үйі беріледі екен, бұған жалақы төлейтін аурухана ИГИЛ-ге тиесілі көрінеді. Бұлардың төбесінен қарайтындар үшін олардың жұмыс істегендерінен гөрі басқаларды Сирияға келуге үгіттеуі маңыздырақ екені де байқалды.

«Өзің мүгедек бола тұра ислам жолында күресіп жүргенің – өзгелерге үлгі болсын» деген соң, бейнеүндеуге түсті. Жазып, дайындап әкелген мәтін бойынша сөйледі. Бұл бейнеүндеуде ИГИЛ жақсы жағынан сипатталды.

2015 жылы «Вконтакте» әлеуметтік желісінен ашылған парақшасы бар еді, сол арқылы үгіт-насихат жасауға итермеледі. «Дін үшін күрестің қажет екенін өзің түсіндің ғой, енді өзгелер де түсінсін, соны түсіндір» деген талапқа қарсы келе алмады. Сондағы бейнетаспалардағы үндеулер кейін оның істі болуына негізгі себеп болды.

2017 жылы жағдай ушықты, ИГИЛ-дің тынысы тарыла түсті. Бұрынғы «Барлық мұсылман – туысқан, бауыр» дегеннің әншейін ғана алдарқату екені айқындалды. Өйткені ИГИЛ-дің өзі екіге жарылды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей жағдай қалыптасты. Атыс, жарылыс көбейді, тыныштықтан береке кетті, бас сауғалап қаңғып кеткен халықта қисап болмады. Бір үзім нанға, бір жұтым суға зар болған халық кезекке таласатын болды. Кім өліп жатыр, кім жоғалып жатыр, ешкім ештеңе біліп болмады... Сирияның бір жерінен келесі жеріне қарай жөңкіле қашып, көшкен елмен бірге Ербол да жүрді. Қаншама қалада, ауылда болғанын бір Құдайым білсін?!

Күші басым түскен АҚШ-тың мүгедектер­ді, әйелдерді, балаларды босату туралы талабына мойынсұнуға мәжбүр болған ИГИЛ аталған санатқа жататын азаматтарды америкалықтарға тапсырды. Солардың бірі Ербол Әбенов еді.

– Бір америкалық орысша сөйлейді екен. Ол бірде бізге «Қазақстан өзінің адам­дарын еліне әкету туралы шешім қабыл­дапты, бостандыққа шығасыңдар, елдеріңе қайтасыңдар», деді. Көп ұзамай біз қамауда жатқан лагерьге еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері келді, бәрімізбен сөйлесті. Олар: «Елде «Жусан» операциясын бастадық. Мұнда ешкімді қалдырмаймыз, кезең-кезеңмен бәріңді де елге жеткіземіз», деді. Мұны естігенде бізбен бірге жатқан басқа елдердің азаматтары, олардың арасын­да орыс та, өзбек те, Кавказ халықтары да бар еді, «Қазақстан қандай мейірбан мемлекет? Сендердің қателіктеріңді кешіріп жатыр. Сондай елді кезінде қалай тастап кеткенсіңдер?» деп жылап жіберді. Біз жүрегіміз жарыла қуандық. Мен сол сәтте туған елді, кіндік қаның тамған жерді бөтен елге, жат топыраққа алмастырудың ақымақ­тық екенін түсіндім. «Елге жетсем, мейлі қан­дай жаза болса да, көтеруге пейілмін» деген ойға келдім, – дейді Ербол бізбен әңгімесінде.

Ол елге 2019 жылғы 31 мамырда оралды. Сол күні 8 жылға сотталды. Бұрын жазасын Шымкент, Қарабастағы түзеу орындарында өтеген ол кейінгі бір жарым жылдан бері Жезқазған жанындағы мекемеде өтеп жатыр. Сол жолы Е.Әбеновпен бірге елге оралған Сәтбаевтың тағы 4 азаматы да тартылған жазаны өтеп жатыр.

– Мен осындай жағдайға тап болғанда әкем дүниеден өтіп кетті, топырақ сала алмадым. Ендігі бар арманым – анамның құшағына оралу. Әрине, отбасым, туысқандар, әлсін-әлсін келіп тұрады, кездесемін. Келіншегім, алты балам бар. Кішкентайым екі жаста. Солардың бәрін, ең алдымен, анамнан бастап бостандықта, емін-еркін құшқым келеді, анама еркелеп, балаларымды еркелеткім келеді. Үш рет «мерзімінен бұрын босату туралы» өтініш жазып едім, сот кері қайтарды. Бәрі – баяғы елге үгіт жасаған үндеудің салдары. Бекер істегенімді түсінемін, өкінемін. Дінді дәстүрді тәрк етпей, дұрыс ұстану керек. Дін мен дәстүрдің арасынан қайшылық іздеп керегі жоқ. Мен 2009 жылдан бастап намаз оқыдым. Мешіттен сабақ алдым. Әбу Ханифа мазхабын ұстандым. Ал Сирияға барғанда амалсыздан басқа мазхабты ұстануға тура келді. Дін эмоцияға берілгенді көтере алмайды, – деген Ербол дін тақырыбына қызығушылық туындаған кезде мешіттегі имамдарды, теологтарды тыңдау керектігіне тоқталды.

Біздің Ерболмен кездесуімізге дәнекер болған Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесінің Сәтбаев қаласының дін мәселелері бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының басшысы Манат Айтбаев өкінішке қарай, әлі де болса адасу құрбандарына айналып жүрген жастардың аз еместігін айтады.

– Тіпті жат жерге барып, оттың ішінен оралғандардың арасында да санасын жайлап алған удан арылғысы келмейтіндер аз емес. Олардың әу баста алған діни білімдері теріс ағымның түсініктерін бойларына әбден сіңіріп тастаған тәрізді. Бірақ теологтер, дін өкілдері олармен де жұмысты жалғастырып жатыр, – дейді ол.

«Жусан» операциясы арқылы елге оралған Ербол Әбенов – жақсылықты жат жерден іздеп адасқан азаматтардың бірі. Ол қателескенін әлдеқашан түсінген. Бірақ бостандыққа шыға алмай отыр. Сирияға соғыс үшін бармаса да, қолына қару ұстап, кісі қанын мойнына жүктемесе де, террористік әрекеттерге тікелей қатыспаса да, кезінде көпшілікті жиһадқа шақырғаны мерзімінен босанып шығуға мүмкіндік бермей тұр.

– Жазаның көбі кетіп азы, яғни 2 жыл 9 айы қалды. Қолмен істегенді мойынмен көтеремін, қайтейін... – деген Ерболдың сөзінен бір күн болса да бостандықтың дәмін ертерек татқысы келетіні аңғарылды. Бұл енді заң талаптарына байланысты шешімін табуға тиіс. «Кезінде көңіл көзіндегі кіреукенің кесірінен тап болған тасыр тағдырдың тауқыметі қашан кейін қалар екен?» Ерболдың әрбір күні осындай арманға толы оймен өтіп жатыр...

Ұлытау облысы