фото: datanumen.com
Биылғы есеп әлем халқының жартысына жуығы жалпыұлттық және аймақтық сайлаулар басталған кезде жарыққа шықты. Осындай күрделі кезеңдерде дәл, тәуелсіз журналистиканы ұсыну бұрынғыдан да маңызды екені даусыз. Сауалнамада қамтылған көптеген елде БАҚ өсіп келе жатқан жалған ақпарат пен сенімнің төмендігіне, саясаткерлердің шабуылдарына және белгісіз іскерлік ортаға байланысты қиындықтарға тап болған.
Көптеген елде, әсіресе Еуропа мен АҚШ-тан тыс жерлерде, Facebook-ті жаңалықтар үшін пайдаланудың айтарлықтай төмендеуін және мессенджерлер мен стримиң желілерін қоса алғанда, бірқатар баламаға тәуелділіктің артып келе жатқанын байқаймыз. Өткен жылы Facebook жаңалықтарын оқу барлық елде 4%-ға төмендеген. Апта сайын жаһандық деңгейде жаңалықтар оқу мақсатында респонденттердің үштен бір бөлігі YouTube-ты (31%), бестен бір бөлігі WhatsApp-ты (21%) пайдаланады. Ал TikTok (13%) әлеуеті артып, X (бұрынғы Twitter) платформасын (10%) алғаш рет басып озды.
Осы өзгерістерге байланысты бейнелер, әсіресе жастар арасында, онлайн жаңалықтардың маңызды көзіне айналып жатыр. Қысқа жаңалық бейнелерін апта сайын қоғамның үштен екісі (66%) тұтынса, ұзағырақ форматтар шамамен тұтынушылардың жартысын (51%) қамтиды. Жаңалықтар бейнелерін тұтынудың негізгі көзін баспагерлердің веб-сайттары (22%) емес, онлайн платформалар (72%) құрады.
Жаңалық платформаларының құрамы өзгеріп жатқанымен, қоғамның көпшілігі әлеуметтік медианы немесе агрегаторларды онлайн жаңалықтардың негізгі шлюзі ретінде тануы жалғасып жатыр. Барлық нарықта респонденттердің шамамен бестен бір бөлігі ғана (22%) жаңалықтарды веб-сайттарынан алады немесе олардың қосымшасын онлайн жаңалықтардың негізгі көзі ретінде таңдайды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 10%-ға төмен көрсеткіш. Солтүстік Еуропаның бірнеше нарығындағы баспагерлер бұл үрдісті еңсере алды, бірақ әлемдегі жастардың жаңалықтарды баспа сайттарынан қарауы азайып келеді.
Әртүрлі платформадағы жаңалықтарға қатысты адамдар ең көп назар аударатын дереккөздерге жүгінсек, бейтарап комментаторларға, қоғамдық пікірге әсер етушілерге және жастар арасынан шыққан жаңалық таратушыларға, оның ішінде YouTube және Tik Tok платформаларына көбірек көңіл бөлетінін байқаймыз. Бірақ Facebook және X сияқты әлеуметтік желілерде дәстүрлі жаңалық таратушы брендтер мен журналистер әлі де маңызды рөл атқарады.
Интернеттегі жаңалықтардың шынайы немесе жалған екендігі туралы тұтынушылардың алаңдауы былтырғыдан 3%-ға өскен. Шамамен сауалнамаға қатысқан репонденттердің оннан алтысы (59%) аталған мәселеге алаңдаушылық білдірген. Бұл көрсеткіш биыл сайлау өткізгелі жатқан екі елде айтарлықтай жоғары. Олардың қатарына Оңтүстік Африка (81%) және АҚШ (72%) кіреді. Деректерге сүйенсек интернет платформаларындағы сенімді және сенімсіз мазмұнды ажырату туралы алаңдаушылық басқалармен салыстырғанда Tik Tok және X платформаларында жоғары болды. Екі платформада да Газадағы соғыс және Уэльс ханшайымының денсаулығы сияқты оқиғаларға, сондай-ақ «жалған» фотосуреттер мен бейнелерге қатысты расталмаған ақпарат немесе қасақана жасалған хабарлар орналастырылған.
Жалпы әлемдік деңгейде жаңалықтарға деген сенім (40%) көрсеткіші былтырғыдай тұрақты болып қалды. Бірақ бұл пандемия кезіндегіден 4%-ға төмен. Әлемде Финляндия жалпы сенім деңгейі ең жоғары ел (69%), ал Грекия (23%) мен Мажарстан (23%) БАҚ-қа шамадан тыс саяси және іскерлік ықпал етуге қатысты тұтынушылар алаңдауы ең төменгі деңгейдегі мемлекеттер болды.
Зерттеу деректері жаңалықтарға жазылушылар санының аз да болса өскенін көрсетті. Респонденттердің 17%-ы өткен жылы 20 бай елге тиесілі кез келген онлайн жаңалықтар үшін қаржы төлегенін айтқан. Норвегия (40%) және Швеция (31%) сияқты Солтүстік Еуропа елдері жаңалықтар үшін қаржы төлейтіндердің ең жоғары үлесіне ие. Бұл санатта Жапония (9%) және Ұлыбритания (8%) ең төменгі көрсеткіштерді көрсетті. Былтырғыдай цифрлық жазылымдардың едәуір бөлігі бірнеше беделді ұлттық брендтерге ғана тиесілі екенін анықталды. «Reuters» дижитал жаңалықтар есебі көрсеткендей подкаст түсіру баспагерлер үшін жас, білімді аудиторияны тартудың құралы. Бірақ жалпы қоғамның азшылық бөлігінің назарын аударады. Ең танымал подкасттардың көпшілігі қазір YouTube және TikTok сияқты бейне платформалар арқылы таратылады.
Есеп жаһандық ақпарат ағынының бүгінгі ахуалын талдауда, тұтынушылар нарығын түсінуде қосымша көмекші құрал бола алады.
Еркебұлан ҚУАНБАЙ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы