Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Туындыдағы қызыл жіптей әдіптелген рухты тақырып – ХVIII ғасырдың алғашқы ширегіндегі ақтабан шұбырындыдан кейін ноқтаға басын кигізбеуге тырысқан, өз еркіндігін сақтап қалуға жанталасқан қазақ елінің күресі. Осы тұрғыдан алғанда аталған роман – жазушының өз ұлты алдындағы ар безбені. Ел-жұрттың тағдырынан жазушы өзін бөлектеп қарай алмайды. Оның жүрек лүпілі, тамыр соғысы, өн бойын қуалаған ыстық қаны, ақыл-ойы мөлдіреген көз жасындай болып тамып тұрған сияқты. Шынында да рухы мықты суреткер ғана өзгелерге сәулесін шашып тұрады. Жамандыққа қас, жақсылықпен бауырлас жүреді. Сондықтан болар, туған халқына шексіз махаббат пен мейірімін төге білген Мәди ағаның тәуелсіздік туралы тағылымды толғау жазуы – кездейсоқ құбылыс емес. Позициялық тұрғыдан да, суреткерлік тұрғыдан да көктегі күн күймесіндей еркін сілтейтін қаламгердің бұл еңбегі – ерліктің етегінен ұстап жүріп көтерілген тәуелсіздігіміздің бүгінгі тұрлаулылығын сақтау үшін де үнемі қаперімізде жүретін толағай туынды. Бұл – өз алдына. Екіншіден, дәл осы жерде қаламгердің тағы бір батыл қадамын айтпай кету – арымызға сын. Жазушы қазірге дейін бұрмаланып келген тарихи деректерді аударып-төңкеруге бар күш-жігерін сарп етіп, «қазақтың орысқа өз еркімен қосылуы» деген қасаң формулировканы табандылықпен және тарихи деректермен жоққа шығара алғанымен де құнды. Осылайша, Әбілқайыр хан төңірегіндегі шетін мәселенің шындығына толық және түпкілікті нүкте қойып берген жазушыны қалай мақтасаң да жарасады.
Тарихи уақыттың бүкіл драматизмін көрсету арқылы қазіргі оқырманды үш ғасырдан астам уақыт күткен тәуелсіздік құсын қолдан ұшырып алмауға тәрбиелейтін романның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанына қуандым. Олай болса, қарапайым оқырман ретінде роман туралы азын-аулақ пікірімді білдіре кеткеннің артықтығы болмас. Туындының мазмұнына терең тоқталып, спойлер сапырып отырудың шағын мақалада реті жоқ. Сондықтан да шебер шығарма төңірегінде әдеби бағалау штрихтарымен шектелгенім дұрыс болар.
Мәди Айымбетов өзінің интеллекттік, эмоционалдық, рухани, керек десеңіз, физикалық күшін сарқа пайдаланбаса, өз туындысын осылайша шынайылық биігіне көтере алар ма еді, алмас па еді? Кім білсін? Жетпісінші жылдары әдебиетке келіп, ардың ісі жолында аз тер төкпеген Мәди аға дәл осы тарихи шығармасына талантының толысқан шағында кіріскенін оң бағалар едім. Турасы сол, ол өзіне тән эксклюзивті рух диалектикасын қалыптастыра алмағанда бұл туындыны жазып шығуы екіталай еді. Суреткер жазушының барлық жетістігі осы жерден бастау алып жатқанын алдымен айту – парыз.
Әлемдік әдебиетте тарихи романның жанр ретінде негізін қалаған Вальтер Скотт тәсілімен баяндауға Мәди аға аса ерекше мән бергенін «Бопай ханымның» өн бойынан қапысыз байқайсыз. Вальтерскоттық «описание-рассказ-диалог» әдеби формуласын терең меңгерген автор романын бірыңғай көркемдік тұтастыққа құра білгені – шығарманың шеберлік шыңына шығуының бір көрінісі. Жалпы, «Бопай ханымды» тарихи-ұлттық роман жанрына жатқызған дұрыс. Тәуелсіздік құнын білу үшін осы романды әрбір қазақ жастанып жатып оқуы керек. Әсіресе жас ұрпақ. Табанды жазушы өзі бақайшағына дейін зерттеген тарихи үдерісті оқырманның көз алдына боямасыз әкелгені өз алдына, оған қоса, бабаларымыздың осы жанкешті күресін жетесіне жеткізіп көркем баяндай білген қаламгер айналып келгенде бізге тарихи шындықты батыл дәлелдей білгенімен де аса құнды екенін астын сызып айту – уәзипа.
Бір анық: Мәди Айымбетов аталған туындысымен қазақ әдебиетінде тарихи ойлау жүйесін қалыптастыра алғанын мойындауымыз керек. Әрине, тарихи романдардағы образдардың әрбір іс-қимылы ойға құрылатыны жалпы әдебиетте бұрыннан қалыптасқан үрдіс екені түсінікті. Бірақ Мәди аға мұнымен шектеліп қалмаған. Мәселе сонда, ол роман желісіндегі шым-шытырық оқиғалар мен құбылыстарды шашыратып алмай, бір жүйеге бағындырып матай білгенімен де оқырманын терең ойдың тұңғиығына тарта жөнеледі. Осылайша, қарапайым қарекеттердің өзі арқылы оқырманын кең масштабта ойлануға үйретеді. Бұл – әрине, жазушының ең үлкен жеңісі және қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрына қосылған соны соқталы олжа.
Сақа жазушы ұлтарақтай жер үшін күресіп жатқан халықтың тәуелсіздікке жету үшін арпалысқан барлық амалының стратегиясы мен тактикасын көркемдік тұрғыда түсіндірумен қатар оған эстетикалық тұрғыдан керемет реңк бере білген. Тарихи романды жазу барысында Мәди аға иллюзияға жол бермегені ең алдымен ерекше әсер етті. Тарихи мәліметтер мен дереккөздерді сауаттылықпен қолданатын қасиеті де сүйсіндірді. Тек дәлелденуі қиын фактілерге қатысты жерлерде ғана қиялға жүгінетінінің өзі оның тарихқа қиянат жасауға аса құштар еместігінен хабар берсе керек. Логикасы мен қиялы қатар дамыған оның кез келген эпизодты көркемдіктің шыңына жеткізгені жүректі алабөтен жаулады. Жазушы кейіпкерлердің іс-әрекетін сезім арқылы көрсетуден гөрі персонаждың парасаты мен ақыл-ойы арқылы ашатыны ұнады. Мейірім мен жауыздықтың арасындағы тартысты тереңдегі тамырына дейін қопарып көрсету үшін, әрине, сезім де керек, парасат та керек. Жазушы сезім арқылы жасалатын мейірімнің де, саналы түрде жасалатын жауыздықтың да ішкі табиғаты мен сыртқы нысандарын түп-тұқиянына дейін зерттей білгені шығармадан қатар аңғарылады. Мұны кей кейіпкерлерінің іс-әрекетін сезім арқылы, ал кейбір персонаждарының қарекетін ой арқылы суреттеу шеберлігінен бажайлайсыз. Бір ғана мысал. Жазушының ұшқыр қиялы да, интеллект коэффицентінің жоғарылығы да Бопай ханым мен Барақ сұлтанның қақтығысында жан-жақты байқалады. Сезім мен ойдың қатар құйылатын сәттері оқырманның жүрегін де дір еткізеді, санасына да сәуле түсіреді.
Автор оқиғалар мен персонаждарға сол кездің адамдарының көзімен қарауға оқырман үшін жол аша білген. Аталған ойымыз жазушының ешқандай кейіпкерін идеал қылып көрсетпейтіндігінен анық білінеді. Бұл әсіресе, Бопай ханым образын сомдау барысында ерекше байқалады. Ол сонымен қатар ешқандай кейіпкеріне өшпенділік танытпайды. Жазушының бұл қасиеті Анна Иоановна патшайымның бейнесін ашуда да алаңсыз көзге ұрып тұрғаны рас. Өзегін өртеп бара жатқан тақырыпты да өркениеттілікпен жазуға дағдыланған қаламгердің осы қыры да оның жазушылық портретінің әдемі деталіне сұранып-ақ тұр. Романның әдістемелік құндылығы сонда, ол оқырманды тарихты таразылауға ғана емес, сонымен қатар сол заманның кейіпкерлерімен қиын кезеңді бірге сезінуге жетелеп отырады. Бұл шығарманың тағы бір өзектілігі тарихи позицияның табиғатын аша білгендігінде жатыр. Сұңғыла суреткер дәл осы кесек шығармасында тәуелсіздік пен тоталитаризмнің басы бір қазанға сыймайтынын философиялық тұрғыдан ғажап дәлелдеп шыққанын көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман байқайды.
Жазушы романын көлемі жағынан заманауи халықаралық форматта жазып шыққаны да – тағы бір тапқырлығы. Шынында да Джеймс Джойстың «Улисс» романы қанша жерден классикалық туынды болғанына қарамастан қазір оқылуы өте қиын. Мұндай кісі ұрып өлтіретіндей кірпіш кітаптардың мына заманда қажеті бар ма?! Ақпараттық технология адами қатынастарды басып озған біздің заманымызда жазушының жарты ғасырдан астам уақытты қамтитын тарихты он баспа табаққа сыйғыза білгені – әдемі фишка. Ең бастысы, шығарма ықшам көлемнің ішіне көп мағына сыйғыза алатын жаңа ракурста жазылуымен оқырманын селт еткізді.
Мәди Айымбетов өзіне ғана тән жазу амплуасына адалдығын бұл жолы да сақтап қалған. Оның бойында жылдар бойы қалыптасқан таза сана мен ақыл-парасаттың бірлігі осы шығармасының алпыс екі тамырын бүлкілдетіп тұр. Тамыр демекші, романды оқып отырып тұтас бір жанды организмді сезінесіз. Жазушының шеберлігі сол, әлгі организмнің 12 мүшесінен (романның құрылымы) бастап барлық органына (образдар) дейін құдды бір тап-тұйнақтай гармониялық өріс көрінеді. Оны айтасыз, әрбір дәнекер ұлпасы (сөйлем құрылымы) мен әрбір жасушасының (сөз) өзі организмге керемет келістік беріп тұрғанын көре алатының да – жазушының монументалды дүниенің монолиттік қасиетін барынша меңгергенінің айқын дәлелі. Бұлай дейтінім, романның өн бойынан бірде-бір әдеби алшақтық (литературный пробел) кездестірмейсіз. Автор шығарма желісін жеткізу барысында структураны шашыратып алмаған. Оның үстіне, жазушы тарихи және табиғи ұқсас оқиғаларды суреттеу барысында сөз атты құдіретті жасушаны жаңартып отыратыны бүкіл организмді сырқатқа шалдығудан сақтап қалған. Бұл әсіресе романдағы амалсыздан қайталауға тура келетін соғыс қимылдарын, қонақ күту сәттерін және сол сияқтыларды жазу барысында білінеді. Ұқсас жайттарды жазуда қайталауға жол бермегендіктен болар, мидай араласқан оқиғалар керуені романда бір-бірімен жымдасып жатыр. Қыздың жиған төсегіндей жинақы. Ат құлағын теңестіргендей әдемі. Салиқалы жазушының туындысы шайтан аяғын сындыратын сүреңсіз суреттеу сапырылысынан да ада. Құрғақ, жалаң баяндауға да ұрынбаған. Қисынға құрылмайтын қию-жию диалогтерге де жол бермеген. Астары аз монологтарға да алданбаған. Тоқетері сол, автордың өзіндік жазу ритмі өмірдің көзге көрінбейтін қозғалыстарын дәл көрсете білетін шеберлігімен астасып-ақ жатыр.
Автор қилы заманда елдіктің символына айналған номад мадоннасы Бопай образын сырнайлатып мифтік деңгейге көтермейді. Саналы түрде. Жазу үстелінде эмоцияға берілмейтін автор тіпті, роман соңында ел анасының деңгейіне көтерілген Бопай ханымның палитрасыз портретін абыроймен жазып шыққан. Дала аристократиясының әйел образындағы тарихи тұлғасын әшекей-үшекейсіз көргеніме сүйсіндім. Неге? Негесі сол, Бопай ханымның образында көзбояушылық жоқ. Керек десеңіз, оның образында ерекше терең мән жатыр. Бұл жанды образ арқылы автор жансыз образ ретіндегі Отанға тән ерекшеліктерді бере білген. Бопай образы – Отан сияқты таза, Отан сияқты дана және Отан сияқты поэтикалық тұрғыда асқақ. Бір сөзбен айтқанда, жазушының Бопай образына баруының ең басты мақсаты да Отан деген ұғымның қастерлі екенін түсіндіруден туғанын бажайлайсыз. Сондықтан да болар, өзінің қаламгерлік міндеті пен мұратын дәл таба білген Мәди Айымбетов бұл романында самсап тұрған шындықтың қауіпсіздігі мен болашақ тағдыры үшін шырылдайды. Бізді сол шындықты мойындауға шақырады. Бізді сол шындыққа бейжай қарамауға үгіттейді. Тура осы миссия алгоритмінің алғышарттары романның ішінде алдымыздан қадам сайын атойлап шығып, бар шындықты қорғау қамына бізді де сүйрей жөнеледі. Қаламгер үшін осыдан асқан міндет бар ма, өзі?! Жазушы бақыты дегенге барлау жасасақ, «әдебиет шындықтан да биік» деген тоқтамға тоқталмай кете алмайсың. Өйткені әдебиет – шындық қана емес, ол – көркем шындық. Өмірде шындықты айту – бір ерлік, әдебиетте шындықты айту – екі ерлік. Мәди Айымбетов осы үдеден шыға білгендігімен де алға озып тұр.
Сондықтан да өзінің алғашқы «Тәтті мұң» әңгімесінен бастап бүгінгі тарихи романына дейінгі аралықтағы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қазақ әдебиетінің абыройы үшін тер төгіп келе жатқан аға жазушымыздың аламан бәйгенің көмбесінен көрінетініне күмән аз. Ол бұл жоғары бағаға әмәнда лайық. «Тәтті мұң» демекші, біз үшін дәл бүгінгі күнге дейін тәуелсіздіктен асқан тәтті сөз жоқ. Сол басыбайлы ел болудың түу басындағы тағдырлы сәттің ащы шындығын ашып жазған авторға жеңіс тілеймін.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ