Білім • 13 Шілде, 2024

Түрік ғалымдары тіл үйренді

205 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Е.Бөкетов зерттеу уни­вер­ситетінде «Ұлағат» қазақ тілін оқыту жо­басы кезекті бір жұ­мысын тәмамдады. Түр­кия Республикасының Кас­тамону университеті­нен профессор, доктор, фи­лолог-ғалым, қазіргі Түрік диалектері мен әде­биеті кафедрасының мең­герушісі Орхан Сөй­лемез бастаған бір топ магистрант, PhD, бака­лавриат шәкірттері Қа­ра­ғандыға келіп, қазақ ті­лін жетілдіріп кетті.

Түрік ғалымдары тіл үйренді

«Ұлағат» қазақ тілін оқы­ту бағдарламасы бауырлас екі ел мен екі жоғары оқу ор­ны арасындағы байланысты ны­ғайту, ортақ білім беру бағ­дарламасын жүзеге асыру ар­қы­лы қазақтың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ше­тел­­діктерге насихаттау мақса­тында ұйымдастырылған біре­гей жоба.

Атажұртқа келген түрік ба­уырларды университет қазақ­тың қонақжайлығын көрсетіп, құ­шақ жая қарсы алды. Шашу ша­шып, ұлттық дәм ұсынды.

– Түрік бауырларға қазақ тілін үйрету жобасын жүзе­ге асыруға филолог-ғалым Орхан Сөйлемез мырза мен кәсіп­кер, ұлт жанашыры Ерлан Әшім қолдау танытып отыр. «Ұлағат» жобасы шеңберінде қонақтарымыз «Turan el qazaq sport» ұлттық спорт және саятшылық орталығында болып, қазақтың ұлттық ойындарын тамашалады. Бөкетов университетінің тіл мамандары Кастамону университеті­нің білім алушыларына қазақ тілін үлкен қуанышпен үйретті. «Ұлағат» бағдарламасы – білім алушылардың қазақ тіліне қызы­ғушылығын арттыруды, тіл үйре­нушінің тұрмыстық, әлеу­меттік тақырыптарда сөйлеу біліктілігін жетілдіріп, тіл үйре­нушінің тіл сауаттылығы мен сөз байлығын, басқалармен қарым-қатынасқа еркін түсуін және ойлау қабілеттері мен дүниетанымдық дағдыларын кеңейтуді, сабақ үдерісінде алған білімдерін тереңдетіп, теорияны практикада қолдану дағдысын қалыптастыруды көз­дейтін бірегей жоба. Алдағы уақытта аталған жоба жанданып, жалғасын тауып жатса, біздің де оқытушылар, PhD докторант пен магистранттар түрік тілін үйреніп, бірлескен ғы­лы­ми еңбектер жазуға мүмкіндік ала­ды, – дейді университеттің ­бас­қарма төрағасы-ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Түріктің ғалымы Орхан Сөй­лемез сөйлеген сөзінде бір апта бойы тек қазақ тілімен бірге қазақ елінің мәдениетін танып білдік деді.

– Кастамону университеті мен Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды университеті арасында ғылыми байланыс ныға­йып келеді. Жақында Кастамону уни­верситетінің ректоры Ахмет Хамди Топал Қарағандыға келген іссапарында Е.Бөкетов уни­верситетінің басшылығымен жүз­десіп, академиялық ұтқыр­лық, тәжірибе алмасу жөнін­дегі келісімшартқа қол қойды. Кас­тамону университетінің он бес шәкіртіне Е.Бөкетов универси­теті филология факультетінің тіл ­мамандары қазақ тілін жетік үйрете білді. Біз бір апта аралығында қазақ тілін, қазақ мәдениетін танып білдік. Университеттің қонақжайлығына көңіліміз де толды, қазақ тілінен біліміміз де толықты, – деді топты бастап келген ғалым.

Қазақ тілін үйренуге ниет білдірген он бес білім алушы ұлттық киім мен әшекей бұ­йымдардың көрмесін тамаша­лап, қолөнерден шеберлік саба­ғына да қатысты. Дәрісханада қазақ тілінде алғашқы танысу сабағы өтті. Түрік бауыр­лар Е.Бөкетов зерттеу университеті­нің Қарқаралыдағы оқу-дала­лық базасында қазақ тілі мен түрік тілі арасындағы ұқсас­тық пен айырмашылықты түсі­ніп, тұрмыстық жағдайда қол­данылатын лексиканы мең­геріп, қазақша бейресми қа­рым-қатынас орната алатын дәре­жеге жетті десек артық айтпай­мыз. Қазақ тілін меңгерген бар­лық қатысушыға Е.Бөкетов уни­вер­ситеті сертификат табыстады.

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00