фото: senate.parlam.kz
Б.Қаниев облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда биліктің барлық деңгейлері арасындағы үйлестірілген іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Сенатор кездесулер барысында инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру мәселелеріне баса назар аударды.
Ақтөбе облысының әкімімен кездесу кезінде ағымдағы істердің жай-күйі және су тасқынының салдарын жою жөнінде қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Қорғаныс құрылыстарын нығайту, залал келген нысандарды қайта қалпына келтіру және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жоспары туралы да сөз болды. Осы мақсаттарға бөлінген ресурстарды уақтылы және тиімді бөлу қажеттігі атап өтілді. Жылыту маусымына дайындық мәселесі де қозғалды. Отынмен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету және жылу энергетикасы объектілерін күтіп-баптау жұмыстарын жүргізу шаралары қаралды.
Б.Қаниев облыстың Мұғалжар және Темір аудандарында да болды. Депутат Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында 600 орындық екі жаңа мектептің, сондай-ақ Шұбарқұдық аулындағы мұражай мен мұрағаттың жаңа ғимаратының салыну барысымен танысты. Темір ауданының орталығындағы бірқатар көшеге асфальт төсеу жұмыстарына куә болды. Сенатор мердігер компаниялардың өкілдеріне құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдету туралы ұсыныс айтты.