Зерде • 18 Шілде, 2024

Асылдың сынығы, алтынның үзігі...

566 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алаштың арда азаматы, мәдениеттанушы, әке жолын жалғаған дара тұлға Мұрат Әуезовтің бұл пәнимен қоштасқанына қырық күн толады. Әкесі Мұхтар Омар­хан­ұлының мұрасына адал­дық танытқан, Алаш зиялы­ларының ізбасарына айналған Мұрат ағаны біз қалай дәріп­тесек те жарасады. Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген керемет мәтел бар.

Асылдың сынығы, алтынның үзігі...

Мұрат ағамыздың аяулы қызы, белгілі түркітанушы, PhD Зифа-Алуа Мұратқызының Әуезов уни­верситетіне арнайы келіп, әкесі туралы естелік айтқаны күні кеше-ақ еді. Ажалға шара бар ма?.. Бұл Әуезов университеті үшін де орны толмас қаза болды.

Аяулы Мұрат Мұхтарұлы мен Диар Асқарұлы оқу ордамызға жыл құрғатпай келіп тұрды. Абыз аға жас абайтанушы, мұхтартанушы ғалымдарды алқалап, батасын бе­ріп, қанатымен демеген еді. Уни­­верситет алдындағы әкесінің еңсе­­лі ескерткішіне тағзым етіп, «Мұх­тар­тану» ғылыми-зерттеу орталығына бас иіп, ондағы ғалымдарға риза­шылығын білдіріп, алғыс айтқаны әлі күнге дейін есімізде.

Ардақты ағамыздың қаламы­нан туған «Ділім», «Времен связую­щая нить» атты жауһар туындылар түркі халқына кеңінен тарап, руханиятымыздың бойтұмарына айналғанын атап өту керек.

Мұхтар Омархан­ұлы рухани шәкірті Кәмен Оразалинге жазған хатында: «Қымбатты Кәмен! Мынау Мұрат Әуезов менің туған балам. Москва университетінде оқушы еді. Қазір жазға Семейге, одан әрі Абай ауданына әкесі туған елді, жерді көруге бара жатыр. Өзіне саған, Балташқа бар дедім. Осыны ауданды аралатып, елді, жерді көрсетіп, таныстыруға өзің бар, Балташ бар, көмек етулеріңді сұраймын. Өзін сен өз үйіңе түсірсең деймін. Мен ауырып, Москвада больницада жатырмын. Жәйімді Мұрат айтар. Үйіңе көп-көп сәлем. Балташтікі­не жайды ұғындырып, өзің алып барарсың. Елдегі бар ағайынға мың сәлем. М.Әуезов (25 маусым 1961 жыл)» делінген жолдардан нағыз ұлылықтың иірімдерін аңғара түсе­тініміз ақиқат. Міне, сол ұлы даң­ғылмен Мұрат аға әке аманатына адалдық танытып, оның рухани болмысын өзіне тұғыр етті.

Мұрат аға Әуезов университетін ерекше жақсы көрді. «Мұхтартану» зерттеу орталығындағы жәдігерлер мен жаңа ғылыми жаңалықтардың ашылып жатқанына жан жүрегімен қуанатын.

Баршаңызға мәлім, «Мұх­тар­тану» орталығының ғалымда­ры тұңғыш рет хакім Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транс­крипциясын жасап шықты. Транскрипция Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбала­рына сүйеніп жасалды. Соның нәтижесінде біз «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Абай. Китаб тасдиқ» атты, сондай-ақ жақында ғана «Әуезов һәм Абай» атты екі томдық еңбекті жарыққа шығарып, Әуезов университетінде дүрілдетіп тұсауын кескен болатынбыз. Тек бұл ғана емес, Мұрат аға университетке келгенде Абай ұрпақтарына қатысты тағы бір соны жаңалықтың куәгері болды.

«Мұхтартану» ғылыми-зерт­теу орталығы қызметкерлері ғылы­ми ізденісінің нәтижесінде Абай Құнанбайұлы ұрпақтарының есі­мі, қайтыс болған мерзімі мен жерленген орындары көрсетіл­ген ерекше мемориалды тақтаның табылғандығы барша қазақ жұрт­шылығын қуантып еді. Бұл мәр­мәртаста Абайдың:

«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек»,
деген өлеңімен қоса: «Абай Құ­нан­баев­тың Шымкент қаласында жер­­ленген үрім-бұтағы» орысша мә­тінде: «Родственники Абая Ку­нан­­баева похороненные в городе Шымкенте» деп, оған қоса 4 адам­ның есімі қай жылы, қай жерде жер­ленгендері қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылған. Мәтіні мынау:

«Тұрағұл Абайұлы – Әйге­рімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы.
Келіндері: Дәмежан – Микайл­дің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай.
Камалия – Әубәкірдің әйелі. ­1962 ж. Қасқа зираты.
Немересі: Әубәкір – Ақыл­байдың ұлы. 1933 ж. Көксай.
Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. р-н ХФЗ.
Жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай.
Камалия – жена Аубакира.
1962 г. К-ше Каска.
Внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г. Коксай».

Міне, мәрмәртастың мазмұны осындай. Мемориалды тақта ­30 жылға жуық «Химфарм» зауы­ты­ның арнайы бөлімінде өте ұқып­ты сақталып келген. Жәдігер – бүгін­де университетіміздің «Мұхтар­тану» ғылыми-зерттеу орталығын­дағы құн­ды экспонаттың бірі.

Осы тасты негізге алып, Абай атамыз­ өз перзентіндей көрген ке­ліні Камалия апамыз жерленген зиратқа арнайы белгітас орнаттық.

Мұрат Әуезов «Мұхтарта­ну» орта­лығының ғалымдарымен үне­мі байланыс жасап, оларға ақыл-кеңес беріп отырушы еді.

Ардақты ағамыз әкесі Мұхтар Әуезовтің оң жағынан мәңгі­лік жай тапқаны да – халық құрметі деп білеміз.

Тарихқа ынтызар елі мен ұлты барда, Абай мен Мұхтарды ұлық­тап, пір тұтқан ғалымда­ры мен жастары барда Мұрат Әуе­зов­тей бекзат зиялының есімі ұмытылмайды.

Қайрат НҰРМАНБЕТОВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректор м.а.