Жұма күні ертеңгілік жазғы каникул кезінде демалыста жүрген студенттер, «Жасыл ел» жасағы мен волонтерлік ұйым мүшелері Шалқар көлінің жағасына келіп, топ-топқа бөлініп, тазалау жұмыстарын бастады. Олар қурап жатқан былтырғы қамыс-шөптерді тырмалап, әр жерде үйілген тұрмыстық қалдықтар мен демалушылар тастаған қоқыстарды жинап, «Үлкен Борсық» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің тракторына тиеді. Шалқар көлінің аумағы өте үлкен болғандықтан, жастар ең алдымен көптен тазаланбаған жағалауын жинауды жөн көрді. «Үлкен Борсық» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандары акцияға қатысушыларға күрек, тырма, сыпырғы, қапшық, қолғаптар таратты.
«Биыл Шалқар ауданы бойынша «Жасыл ел» жасағына 120 жасты қамту жоспарланса, мамыр айында 9, маусымда 33 бала жұмыс істеп кетті. Шілде айында жасақтың 35 мүшесі «Таза қала – таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш» акцияларына қатысты. Осы жұмыстар тамыз, қыркүйек, қазан айларында да жалғасады. Бірнеше жас студенттік құрылыс отряды шеңберінде «Қолғанат-Құрылыс» және «Кварц-спец сервис» ЖШС-ында жұмыс істеп жатыр. Айта кету керек, «Таза қала – таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш» экологиялық акцияларына «Жасыл ел» жасағы мүшелерімен бірге «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты да қосылып, Шалқар қаласы көшелерін тазалап, саябақтарды реттеу мен көгалдандыруға қатысты. Мәселен, мамыр айында балалар «Менің атаулы ағашым» атты акциясы шеңберінде көшелерге ағаш ексе, маусымда «Ардагерлерді ардақтайық», «Таза қала – таза жағалау» акциясында белсенділік танытты», дейді Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Ембергенов.
Айта кету керек, кейінгі үш жылдан бері Шалқар ауданындағы «Жасыл ел» жасағы облыста белсенді, ең бастамашыл, ең тәртіпті отряд ретінде танымал болып жүр. Берілген міндеттемелерді уақтылы әрі сапалы орындап, нәтиже көрсеткені үшін аудандық отряд мүшелері өткен жылы өңірдегі «Жасыл ел» жасағының «Жыл серпіні» марапатына қол жеткізді.
Ақтөбе облысы