Экономика • 18 Шілде, 2024

Жарқын жобалар қолдау тапты

147 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласы әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған гранттары орталық саябақтың сахнасында кәсіпкерлерге салтанатты түрде табысталды. Бұл жолы да ерекше жобалар қолдау тапты.

Жарқын жобалар қолдау тапты

Жеңімпаздар 3D-принтер арқы­лы ерекше қажеттіліктері бар адам­дарға протез жасау, STEAM заманауи және инновациялық әдіс­темесі бар IT-мектеп, гипс бұйым­дарын шығаратын өндіріс орны, ере­к­ше балаларға арнал­ған «Сезин» инклю­зивті шығар­ма­шы­лық орта­лы­ғын ашу, «Blackjump» фитнесстудия секілді жобаларын іске асырмақ.

Гранттарды қалалық мәсли­хат төрағасы Алтынтөре Жангел­ді­ұлы, Қарағанды қаласы әкімі­нің орынбасары Дастан Аман­гел­діұлы, қалалық жастар ресурсы орталығының директоры Якуб Джамалов тапсырып, конкурсқа қосқан жобалардың үлкен бизнеске айналуын тіледі.

«Жас кәсіпкерлерді қолдау, оларға жол ашу жыл сайын ұйым­дастырылып келеді. Бүгінгі жоба – ертеңгі бір-бір бизнес. Біз үлес­тірген гранттар арқылы олар биз­нес­тегі алғашқы қадамын жасайды. Өз істерін жүзеге асыру арқы­лы ел экономикасын дамытады. Жеңімпаздардың кәсібіне кең өріс тілеймін», дейді қалалық мәс­лихат төрағасы Алтынтөре Жан­гел­діұлы.

Қарағанды қаласы әкімінің жас­тар арасындағы кәсіпкерлікті дамы­туға және қолдауға арналған гран­ты үшінші жыл қатарынан бері­ліп отыр. Осы уақыт ара­лығында 118 жас кәсіпкер өз биз­не­сін бастаған. Осы жолы қала әкі­мінің 1 500 000 теңге грантын 10 кәсіпкер иеленді. Әсіресе тың жобаның иесі Александр Ермо­лен­коның жоба-жоспары бірден қолдау тапқан. Ол 3D принтер арқылы арнайы қажеттіліктері бар адамдарға протез жасайды. Грант қаражатын соған жұмсайды.

«Бұл істі көп уақыттан бері ойлап жүргенмін. 3D технологияның мүмкіндігі мол болып тұр. Соны игеріп алып, ерекше қажеттілігі бар жандарға протез жасаудың жобасын әзірледім. Әрине, жүзеге асыру үшін алғашқы көмек, яғни қаржы керек. Бірден қала әкімінің грантына өтініш жолдадым. Расымен, қа­зір бизнестегі бәсекелестік жоғары бо­лып тұр ғой. Бірақ жобамның ерек­ше қажеттілігі бар жандарға септігі тиетін болғандықтан, грант иегері атанатыныма сенімді болдым. Грант ақшасына принтер, керек-жа­ра­ғымды аламын. Іске кірісіп, үмітті ақтау керек», дейді Александр Ермоленко.

Конкурс комиссиясының төр­ағ­а­сы, қала әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев бизнестің түрлі бағыты бо­йынша өтінім түскенін, жүзден жүйрік шыққан жобаларға үлкен сенім артылатынын айтты.

«Сіздер кәсіпкерлік жолды таңдадыңыздар. Бұл – біз­дің қаламыздың әлеуметтік-эко­но­микалық дамуындағы өте ма­ңыз­ды бағыт. Жастардың өз ісін құруға және дамытуға деген ұмтылысы бар. Әсіресе биылғы түскен өтінімдер бірінен-бірі өтеді. Соның ішінен сіздерді үздік деп таңдадық. Сіздерге енді үлкен үміт артылды. Жал­пы айтқанда, грантты өз ісін жа­ңа бастаған кәсіпкерлер үшін елеулі қолдау деп білеміз. Енді елге пайдаларыңыз тиіп, кәсіп­те­ріңіз өркен жайсын», деді қала әкі­мінің орынбасары Дастан Амангелдіұлы.

Конкурсқа тағам түрлері бо­йынша жоба тапсырғандар ара­сынан Жазира Дәрібайқызы қол­дау тапты. Ол құрттың жиыр­ма­­дан астам түрін өндіреді. Түйе­нің, ешкінің, сиырдың сүті­­нен жа­­сайды. Одан бөлек, сарымай, қай­­мақ, жент, қымыз секілді ауыл ша­руа­шылығы өнім­дерін әзір­­лей­­ді. «Ұлттық таға­мы­мыз­дың қол­дау тап­­қанына қуаныш­ты­мын», дей­ді ол.

Жобама бар күшімді салдым. Ауыл шаруа­шы­лығы өнімдеріне қолдау керектігін дәлелдедім десем де болады. Ұлт­тық тағамның құнары өте жоғары. Бо­­йында барлық дәрумен бар. Біз секілді жас кәсіпкерлерді қол­дап, қаражат берген қала әкім­ді­гіне айтар алғысымыз шек­сіз», дей­ді грант иегері Жазира Дәрі­бай­қызы.

Қарағанды облысы