Ұлттық спорт • 19 Шілде, 2024

«Алаш сақасы» алшысынан түсті

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбеде өткен «Алаш са­қасы» біріншілігінде Алматы, Ақмола, БҚО, Жамбыл, Маң­ғыстау, Қарағанды, Қос­танай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Ұлытау облыс­тарынан және Астана мен Шымкент қалаларынан келген 30 сұрмерген сайысты.

«Алаш сақасы» алшысынан түсті

Франция президенті Эмманюэль Макрон өт­кен жылы елімізге сапарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге асық атқа­нын көрдік. Осы көрініс асық атуды баланың ойыны түрінде көретін санамызға сілкініс тудырды. Насихаты кемшін ұлттық спортымыздың осы түрін қазақ күресі сияқты деңгейге көтеруге не кедергі деген сұрақ көкейімізде тұрды. Соның нәтижесі болар, осы наурызда «Көшпелілердің асық спорты» халықаралық федерация­сы құрылып, асық ату сайысы қыр­күйек айында Астанада өтетін дүниежүзілік көшпелілер ойындары бағдарламасына да енді.

«Алаш сақасы» республикалық чемпионатына қатысушыларды Ақтөбе облыстық ішкі саясат бас­қармасының басшысы Әлібек Бай­нешов құттықтап, Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов тур­нирді ұйымдастырған Жомарт Сабыр­жанұлы мен Асық ату федерациясы Ақтөбе филиалының же­текшісі Әбілқайыр Сотқаровқа алғысын жеткізді. «Қазақ күресі» феде­рациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхитдинов пен Сыр өңірінде «Қазақстан барысын» ұйымдастырған Садық Мұстафаев «Алаш сақасын» «Қазақстан барысы» деңгейіне жет­кізуге күш салуға шақырды. Осыдан кейін Қарағанды облысынан келген ұлттық санаттағы төреші Амангелді Нұрмұханов су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы ана Эльвира Нұр­жауғанқызына сайысқа қатысушылар атынан қаржылай көмек табыстады.

Асық ату – адамның сұрмергендік қырын анықтайтын, сабырлылыққа үйрететін ойын. Оза шапқан сайып­қырандарды Жомарт Сабыр­жан­ұлы бастаған төрешілер анықтай білді. 30 қатысушының арасынан Түркістан облысының асықшысы Амандос Айтқұлов оза шығып «Алаш сақасын» иеленді. Екінші орынға Ақтөбе облысының мергені Ғарышбек Құлыбек лайықты деп танылса, үшінші орын Павлодар облысынан келген Жомарт Нұрланов пен Қуаныш Қабылдаға бұйырды. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Амандос Айтқұловқа алтын белбеу мен 300 мың теңге және бапкеріне 100 мың теңге сыйақы берді. Ғарышбек Құлыбек сайыстан күміс белбеу тағып, 200 мың теңге иеленіп қайтса, оның бапкеріне 75 мың теңге берілді. Үшінші орынға іліккен Жомарт Нұрланов пен Қуаныш Қабылда 100 мың теңгеден сыйақы алып, қос қола белбеуге қол жеткізді. Олардың қос бапкері 50 мың теңгеден сыйақы алды.

Тұңғыш сайысқа демеушілік еткен «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьевке Азамат Манапов федерация атынан Алғысхат пен «Алтын сақа» төсбелгісін, Жомарт Сабыржанұлы арнайы құйыл­ған сақаны сыйға тартты. Көрер­мендердің ыстық ықы­ласына қарағанда, алдағы уақытта «Алаш сақасы» ел арасында кеңінен танымал болады деген сенім бар.

Ақтөбе облысы