Қоғам • 19 Шілде, 2024

Цифрландыру үдерісі: Түзеу мекемелеріндегі жағдай қалай?

186 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде түзету мекемесіндегі тәртіпті сақтау мен қадағалау мақсатында 38 мыңнан аса бейнекамера орнатылды. Осының нәтижесінде 47 суицидтің және 4 қашу әрекетінің жолы кесілді. Сондай-ақ 9 жанжалдың топтық төбелеске ұласуына жол берілмеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков мәлімдеді.

Цифрландыру үдерісі: Түзеу мекемелеріндегі жағдай қалай?

фото: inbusiness.kz

Былтыр қызметкерлердің не сотталған­дардың заңсыз әрекеттерін бақылау және алдын алуды қамтамасыз ету үшін қамау орындарында жаппай бейнебақылау жүйесі енгізілді. Десек те, сотталушылар заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында камераларды қасақана зақымдайды екен. Былтыр осылай 716 құрылғы істен шықты.

– Сотталғандардың 45%-ы – бұрын қаса­қана қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар. Ал заң нормалары қатайғаннан кейін, соңғы 4 жылда түрмедегі адамдардың саны 7 мыңға өсті. Атап айтсам, мүлікке, жол жүру қауіпсіздігіне, тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қатысты талаптар өзгерді. Қазіргі таңда біз бұл мәселені шешу жолдарын іздеп жатырмыз. Мәселен, Астана қаласында изоляторда орын толып кетсе, оларды сот үкімі шыққанша көрші облыстағы мекемелерге ауыстырамыз. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу үшін шаралар қабылданып жатыр. Жаңа тергеу изоляторларын салу жоспарда бар. Тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Біз қоғамның ең күрделі санатымен жұмыс істеп жатырмыз деп сенімді түрде айта аламын. Осыған қарамастан, мекемелерде жедел жағдай қазір тұрақты және бақылауда. Мысалы, түзету мекемесіндегі тәртіпті сақтау мен қадағалау мақсатында бейнебақылау камерасы орнатылды. Алайда қондырғыларды қасақана бүлдіріп, жоятындары да бар. Оларға жаңа 428-1-бап бойынша 7 жылға дейінгі жаза қарастырылған. Ол өзі 3 тармақтан тұрады. Бұл ретте бейнекамераларды жою үшін жауапкершілік арнайы контингентке де және қызметкерлерге де көзделген. Жалпылама жүргізілген бақылау мен бейнемониторингтің профилактикалық әсері мекемелердегі жедел жағдайға оң әсер етіп отыр, – деді Т.Жәнібеков.

Жалпы, елде 78 түзеу мекемесі бар. Онда 37 мыңнан астам сотталған азамат жазасын өтеп жатыр. Оның 3 мыңға жуығы әйелдер және 50-ден астамы кәмелетке толмаған жасөспірімдер. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Биыл қызметкерлер тарапынан сотталғандарды азаптау дерегі тіркелмеген. Қамаудағы әр азаматпен психологтер, мекемедегі әртүрлі қызметкерлер кешенді жұмыс жүргізеді.

– Біздің қызметіміздегі басты назар азаптау мен қатыгез қарым-қатынасты жоюға бағытталған. Сондықтан еліміздің пенитенциарлық жүйесінде ашықтық пен анықтық саясаты іске асырылып жа­тыр. Біз Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­мен, қоғамдық-бақылау комиссияла­рымен, ұлттық алдын алу тетігімен бел­сен­ді өзара іс-қимыл жасаймыз. Биыл сот­тал­ғандарға қатысты қызметкерлер тара­пы­нан азаптау фактілері тіркелген жоқ. Кейбір сотталғандар жазаны өтеу тәрті­бін сақтамайтынын ескеру қажет, ол үшін олар әкімшілікке қысым жасаудың түр­лі арандатушылық тәсілдерін, оның ішін­де жалған шағымдануды қолданады. Осы­ған қарамастан, сотталғандардың арыз-шағым­дары, зорлық-зомбылық немесе заңсыз қатыгездік шараларын қолдану туралы әрбір хабарламасы төтенше жағдай ретінде қабылданады. Мұндай хабарламалардың барлығы міндетті түрде тіркелуге жатады және олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі, – дейді Т.Жәнібеков.

Қылмыстық-атқару жүйесі күнделікті қызметте цифрлық жобаларды енгізу бойынша кезең-кезеңімен ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Оның бірі – «электронды бақылау құралдарын енгізу». Қылмыстық-атқару кодексінің 69 және 174-баптарына сәйкес пробация қызметі бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған адамдарға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандарға электрондық білезіктерді қолдануға құқылы. Қазіргі уақытта елімізде 2,5 мыңнан астам адамға электрондық білезік қолданылады.

– Жоба алғаш рет сервистік модель бо­йынша ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық техникалық талабын сақтай отырып, оларды жалға берушілерден қызметтерді сатып алу жолымен іске асырылды. Алдын ала есептеулер мен талдаулар жалдау жабдықты сатып алудан гөрі тиімдірек екенін көрсетті, өйткені экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, сатып алуға жұмсалған қаражаттың айырмашылығы жалдау сомасынан бірнеше есе асады. Біз АҚШ, Ұлыбритания, Ресейдің халықаралық тәжірибесін зерттедік. Бұл білезіктерді сатып алуға байланысты ықтимал шы­ғындар көбіне зауыттық ақау, кепілдік қызмет көрсету шарттарына жатпайтын білезік элементтерінің зақымдануы сияқты жағдайлармен байланысты еке­нін көрсетеді. Электрондық бақылау құралдарын қолдану есебінен пробация қызметкерінде сотталған адамның нақты уақыт режімінде жүріп-тұруы туралы ақпарат алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар платформада сотталушының екі жылдан астам уақытқа созылатын алдын-ала жүру маршруты жайлы мәліметтер жазылады. Ойын-сауық орындарына баруға тыйым салу немесе сағат 22.00-ден кейін үйден шығу сынды пробациялық бақылау шарттары бұзылғанда, жедел кезекшіге және пробация қызметкеріне одан әрі шаралар қабылдау үшін оқиға туралы хабарлама келіп түседі, – деді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов.

Оған қоса білезік белдігі үзіліп, батарея қуаты 15%-ға дейін төмендеген кезде хабарландырулар келеді. Білезіктер «SOS» батырмасымен жабдықталған, сотталғандар оны шұғыл көмек қажет болған жағдайда қолдана алады. Электрондық мониторингті қолдану сотталғандардың қызметкерлермен тікелей байланысын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ түзеу мекемелерінің негізгі қорлары тозған. Осыған орай биыл Ақмола, Атырау, Павлодар облыстары және Астана қаласының мекемелерінде камералық ұсталатын 8 тұрғын блоктің құрылысы аяқ­талады. Бұған қоса Алматы қаласында кә­мелетке толмағандарды ұстауға арналған жаңа заманауи колония салу мәселесі пысықталып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында су басқан мекемелердің орнына 3 мекеме салу қарастырылуда.

– Сотталғандардың түзелуі мен бос­тандықтағы өмірге бейімделуінің маңызды факторы – оларды жұмысқа орналастыру. Қазіргі таңда 22 мыңнан астам еңбекке қабілетті сотталғандардың 12 мыңнан астамы немесе 54,4%-ы жұмысқа орналастырылды. Мекемелерде өнеркәсіптік аймақтардың аумағында РМК бар және 278 жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметін жүзеге асырады. Жұмысқа орналастыратын бизнес субъектілерін тарту үшін оңтайлы жағдайлар жасау мақсатында оларға көтермелеу, гранттар бөлу тетіктері әзірленді. Осы мақсатта мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандар, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар жұмысқа орналасқан жағдайда бизнес субъектілерін әлеуметтік кәсіпкерлікке жатқызуды көздейтін заңға қол қойылды. Оларға мемлекеттен салықтық жеңілдіктер, жеңілдікті кредиттеу, мемлекеттік гранттар, кәсіптік оқыту сынды преференциялар беріледі. Пенитенциарлық мекемелерде орта білім алатын 45 орта мектеп жұмыс істейді. Мұнда 1,5 мыңға жуық сотталған азамат оқиды. 40 мекемеде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша (газ-электр дәнекерлеуші, тігінші, автослесарь, аспаз, электрик, сантехник, құрылысшы және т.б.) 2,3 мыңнан астам сотталғандарды кәсіптік даярлау жүргізіледі. Оқу курсының соңында олар диплом алады, – деді Т.Жәнібеков.