Жас физиктер
Өткен аптада озат оқушыларымыз ISPHO физикадан халықаралық ғылыми олимпиадасында бес бірдей жүлдені жеңіп алды. Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен байқаудың нәтижесінде біздің балалар екі алтын, екі күміс және бір қола медаль олжалап, аталған сайысқа қатысқан 17 елдің арасында жалпыкомандалық екінші орынды иеленді.
Бұл – үлкен жетістік. Осындай үздік нәтиже көрсеткен Қазақстан командасының құрамында Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің түлегі Марғұлан Нұрсағатов, Алматы қаласы «Мирас» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Досжан Бисимби, Астана қаласы дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицейінің түлегі Әмір Пшенбаев, Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының түлегі Артур Ким, Астана қаласы республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы Илияс Қазымбек бар. Оларға жетекшілік еткен – Сүлеймен Демирель атындағы университеттің доценті, PhD Самат Мақсұтов пен аталған жоғары оқу орнының магистрі Назарали Айтжанов.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетейік, ISPhO – әр екі жылда бір рет болатын, ағылшын тілінде өтетін, теориялық және эксперименттік кезеңдерден тұратын іс-шара. Олимпиада аяқталғаннан кейін біздің құрама Мәскеу физика-техникалық институтында өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Бұл оларға осыдан кейінгі білім бәйгелерінде бұдан да үздік нәтиже көрсетуге көмектеседі.
Үздік географтар
Жақында тағы бірқатар озат өреніміз халықаралық ақыл-ой жарысында топ жарды. 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан EgeO – географиядан Еуропалық олимпиадада Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды.
Оқу-ағарту министрлігі хабарлағандай, Сербияның Белград қаласында EGeO географиядан Еуропалық олимпиадада Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды, бұл оқушыларымыздың жоғары дайындық деңгейін көрсетеді.
Халықаралық білім сайысында ел намысын қорғаған Қазақстан құрамасында Шымкент қаласындағы химия-математика бағытындағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Сыдықов Арсен, Қостанай қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің 9-сынып оқушысы Енбахтов Андрей, Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Болат Ақжол, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Серікбай Қанат, Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Дарынов Әмір, Жамбыл облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Сабыр Жомарт бар. Ал байқауда жоғары дайындық деңгейін көрсеткен осы құрама команданың жетекшісі – Абай Дүйсен, өзі де – республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы.
Математика мықтылары
Жасөспірімдер арасында өткен JBMO-2024 Балқан математика олимпиадасында Қазақстан құрамасы 100 пайыз нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Аталған олимпиада Түркияның Анталия қаласындағы Балқан түбегінде әлемнің 22 елінен келген 135 оқушы арасында өтті.
Қазақстан құрамасында Астана қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Алиасқар Сұлтанәли, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің 9-сынып оқушысы Әли Еркебұланұлы, Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Бердібек Орынбасар, Қызылорда облыстық №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Арнұр Ансатов, Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы Эрик Лим, Қызылорда облыстық №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Асқар Мұхтарұлы бар. Құрама команданың жетекшісі – М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының іргелі және қолданбалы математика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Антон Васильев. Озат оқушыларымыз Балқан түбегіндегі бұл білім бәйгесінен алты медаль олжалады.
Ауыл балаларының жүлдесі
Жақында өткен жарыстан ауыл балалары жүлделі оралды. Анығырақ айтсақ, Жетісу облысынан шыққан ауыл оқушылары Қытайда өткен «FIRST Lego League» роботтехника бойынша ұлттық чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алды.
Біздің оқушылар «Өнердегі инновация» тақырыбында LEGO-дан роботтехника әзірлемелерін даярлап, «фокустар көрсету» бағдарламасы орнатылған интерактивті роботтар құрастырды. Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-10 жас аралығындағы 238 команданың арасында күміс жүлдеге қол жеткізіп, екінші орынды иеленді.
Еліміздің намысын Жетісу облысындағы ауыл мектептерінің және Талдықорған қаласының бастауыш сынып оқушылары Нұрсұлтан Бексұлтанов, Нұрболат Алинұр және Нұржан Жантөре қорғады. Олардың жетекшісі – Альбина Қожантай.
Аустралияда алған грант
Озат оқушыларымыздан құралған Қазақстанның құрамасы осы аптаның басында Аустралияда роботтехникадан өткен чемпионатта екі жүлдені қанжығаға байлады. Олар «FIRST Tech Challenge» категориясы бойынша «Asia Pacific Open Championship» халықаралық чемпионатының жеңімпазы атанды.
Оқу-ағарту министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, жарысқа 11 елден барлығы 400-ге жуық бала қатысты. Финалдық кездесуде қазақстандық мектеп оқушылары БАӘ командасымен одақтасып, жеңіске жету үшін күресті. Екі күннің қорытындысы бойынша оқушылар екі марапат: Finalist Alliance Captain және «Motivate Award» аталымында бірінші орынды иеленді.
Еліміздің атынан «Білім-инновация» лицейі мен Республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушылары: Дарын Смайыл, Арнар Дәулетқұл, Әділ Тұрсынғали, Аббас Пахридин, Осман Акипбек, Асылхан Ыбырай, Ілияс Әшіралин, Алдияр Дәулетұлы, Жанайым Сабыржан, Ғазиза Кунгожина қатысты.
«Алғашқы екі күнде біз жеңіліссіз алға шықтық. Ойынның соңғы күні қиынырақ болды, бірақ финалға өттік. Біз робот ойынында жақсы өнер көрсетіп қана қоймай, қазылар алқасының алдында өз портфолиомызды қорғай алғанымызға өте қуаныштымыз», дейді команда капитаны Дарын Смаил.
Айта кетейік, аталған чемпионатта жеңіске жету бұл балаларға әлемдік жетекші жоғары оқу орындарына грант алуға жол ашады.