12 Маусым, 2015

Озбырлық пен жат әдет Одан баланың өзі де, еңбегі де қорланбасын, қорғалсын

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2002 жылы халықаралық Ең­бек ұйымы балалар еңбегіне қатысты проблемалық мә­се­лелермен жұрт­шылықты барынша хабардар ету мақсатында 12 маусымды дүние­жү­зілік балалар еңбегіне қарсы күрес күні деп жариялаған болатын. «Балаларды еңбекке тәрбиелеу керек емес пе?» деген ой да бүйірде тұрады. Балаларды еңбекке баулу керек, үйдің жұмысына жұмсау да қажет. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын», деп Абай айтқандай, баланың бойына барлық жақсы қасиет еңбекпен сіңетінін де жұрт біледі. Алайда, оны жұмсаған жұмыс түрлері баланың психикалық, моральдық, әлеуметтік тұрғыдан денсаулығына зиян келтіріп, болашағына балта шаппауы тиіс. Міне, халықаралық беделді ұйым көтеріп отырған мәсе­ле осы. Мамандардың айтуы­на қарағанда, дүниежүзінде құлдық­қа салынғандардың 27 пайы­зы бұғанасы қатпаған балалар екен. Адамдар саудасының құрбандары да негізінен 12-14 жас аралығындағы балалар болып саналады. 1999 жылы Халықаралық еңбек конференциясы бір ауыздан Балалар еңбегінің ең нашар формалары туралы конвенция қабылдады. Оны Қазақстан 2002 жылы бекітті. №182 Конвенцияның «Балалар еңбегінің ең нашар түріне» жататын оларды құлдыққа салу, қарулы қақтығыстарға пайдалану, парнографиялық өнімдер жасау үшін жасөспірім қыздарды жезөкшелікке тарту секілді жан-түр­шігерлік жағдайлар кездесіп жата­ды. Оған қарсы күрестің бірі бұл жөнінде жұртшылықты ақпарат­тандыру, құлағдар ету болғандық­тан, Қазақстанда мау­сым айының 1-нен 12-не дейін «Балалар еңбегін пайдалануға қар­сы 12 күн» атты ұлттық ақпа­рат­тық науқан жарияланған болатын.

20150612-04

Қостанайдағы Балалар мен жасөспірімдерге арналған приютте осы науқанды басшылыққа алған «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен!» республикалық акциясының аясында ізгілікті шара өтті. Оның ерекшелігі – приют қызметкерлері оны «дөңгелек үстел» формасында өткізіп, оған психолог, педагог мамандарымен, прокуратура, БАҚ өкілдерімен қатар, ана сүті аузынан кетпей, бұғанасы қатпай жатып, басына тағдырдың зіл батпан жүгі түсіп, приюттен пана тапқан балалар да қатысты. – Приютке ай сайын облыс аудан­дары мен қалаларынан ке­­мінде 20 бала түседі. 3 және 16 жас ара­лығындағы балалар­ды бір ай ұста­ғаннан кейін негізінен балалар үйіне орналастырамыз, – дейді приют директоры Меңсұлу Досжа­нова. Үстел басында отыр­­­ған бала­лардың барлығы да үйі­нен безіп кеткен, оларды есірткі пайдала­натын, ішімдікке са­лын­ған ата-ана­сымен бірге тұру мүмкін болма­ған­дықтан осын­­да әкелінеді. Меңсұлу Мең­дібай­­­қы­зының айтуынша, осында түскен бала­лардың үйіне қайта­тыны некен-саяқ. Өткен жылы кішкен­тай 3-4 жасар баланы бір отбасы қамқорлығына алыпты. Ондай жағдай өте сирек болады екен. Приют директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Камила Қам­барова балалар еңбегін және олар­дың өзін қорғау жөнінде мазмұн­ды әңгіме өткізді. Приют тұрғын­дарына еңбектену мен балалар еңбегін пайдаланудың аражігін түсіндірді. Балаларды әңгімеге қатыстырды, олардың пікірін білуді де ойластырыпты. Үстел басында отырған балалардың барлығы да «үйге қайтқым келеді, анама көмектесер едім», деген пікір айтты. Бала қар­сыласуға дәрменсіз, үлкен­дер­дің қандай қорлығына да тек төзеді, соның құрбанына айналады. Приюттегі балалар өмірі де – ата-ананың өз перзенті алдын­дағы жауапсыздығының дәлелі. Анакөкірек десеңші, маскүнем анасының, нашақор әкесінің кесірінен қаңғып қалған бала жау­рап, ықтасын іздеген торғайдай, үйін сағынады, анасына жеткісі келеді. Салған суреттерінде де үйін бейнелеуге тырысады. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдегендей, Қостанай облысында балаларды мәжбүрлеп жұмысқа жегу, жасөспірім қыздарды жеңіл жүріске тарту секілді олардың өміріне таңба болатын оқыс жағдайлар соңғы жылдары тіркелмеген. Балалардың еңбегі де, өзі де тек қорланбау керек, тек қорғалуы тиіс. Болашақ сонда шынайы, таза болмақ.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.