Фото: dzen.ru
Марапатталғандардың ішіндегі жетеуіне – «Құрмет», 11-іне III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені табысталды. Одан бөлек 13 металлург – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 7 қызметкер Мемлекет басшысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл мәртебелі марапаттарды аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев салтанатты рәсім кезінде тапсырды.
– Бұл салада еңбек еткен ардагерлердің еңбегі зор. Солардың ерен еңбегімен бүгінде алып компания еліміздегі металлургияның алғашқы алпауытына айналды. Біздің комбинат Қазақстанда шығатын болаттың басым үлесін өндіреді. Сонымен қатар комбинат Қазақстанда өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің 25 пайызын қамтамасыз етеді. Мұндағы еңбеккерлердің барлығы қазақстандық Магнитканың дамуына үлесін қосып жатыр, – деді аймақ басшысы.
Металлургтерді мерейлі мерекесімен «Qarmet» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев те құттықтап, қажырлы еңбектеріне толайым табыс тіледі.
– Металлургтер күні – бұл комбинаттың ұлы тарихына қаныққан нағыз ерліктің, күштің, өмірлік энергияның мерекесі. Мемлекет басшысы қызметкерлеріміздің еңбегін осылай жоғары бағалағаны біз үшін өте маңызды. Бүгін «Qarmet»-тің жаңа дәуірі, нағыз қайта жандану дәуірі басталды, – деді төраға.
Марапат алғандардың қатарында талай жылдан бері қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар да, үздік жас мамандар да бар. Солардың ішіндегі Владимир Филипповтың комбинаттағы еңбегіне елу жыл толыпты. Алғаш жұмысқа қарапайым жұмыскер болып қабылданған ол жоспарлау және жедел басқару жөніндегі директоры.
– Мектеп бітіргеннен кейін бірден әкем мені комбинатқа алып келді. Одан кейін әскер. Содан комбинатқа қайта келіп, үздіксіз өңдеу қондырғыларын басқару постының операторы болып жұмысқа тұрдым. Еңбектен қашпадық. Бел ортасында жүрдік. Болаттай шыңдалдық. Еңбегімді бағалағанына қуаныштымын, – дейді «Құрмет» орденін омырауына таққан Владимир Филиппов.
Қарағанды облысы