Әдебиет • 24 Шілде, 2024

Чеховтың хаты

126 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Чехов – ой алыбы, ізгілік шырақшысы. Жазушының өмір жолы адамгершілікке, жақсылық нұрына толы. Әр шығармасынан адамға деген махаббат, жанашырлық есіп тұратын қалам­гердің ағасына жазған хаты бір төбе.

Чеховтың хаты

Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Хаттың әлқиссасы: «Мені ешкім түсінбейді!» деп сен маған жиі шағым­данасың. Бұлай тіпті Гёте де, Нью­тон да шағымданбаған. Сені бәрі ­де жақсы түсінеді. Егер сен өзіңді-өзің түсінбесең, бұл басқалардың кінә­сі емес, – деп басталады. «Інің ретін­де, саған жақын адам ретінде өзің­ді сендірсем деймін, мен сені жақсы түсінемін, бүкіл жан дүниеммен сезінемін. Барлық адами келбетің­ді бес саусағымдай білемін, олар­дың әрбірін бағалаймын, терең құр­метпен қараймын. Керек десең сені түсінетініме дәлел келтіре аламын, оны жіліктеп, тармақтарын атап та беремін. Меніңше, сен өте мейрімдісің, кеңпейілсің, соңғы тиыныңа дейін бөлісетін ақжар­ма адал адамсың. Саған өші­гу, адамдар мен жануарлар­ға ­жа­ның ашымай қасарысу, алаяқ­тық, кек сақтау жат нәрсе, сен жоға­ры орындағылардан дарындысың, сенде басқаларда жоқ биік бар. Ол – талант», дейді жазушы. Чехов жан-тәнімен ағасының ілгері басуын, санасын торлаған шиыр­шық ойдан арылуын тілейді. Сірә, адамды сүю дегеніңіз осы бо­лар. Сүюдің басты белгісі – жаны ашу, болысуға даяр тұру. Жазушы ­жа­ны егіліп хатын жалғай­ды. ­«Та­лан­тың сені милиондаған адамдардан биік етеді, оған себеп ­2 мил­­­лион адамның тек бірі ғана су­­ретші болады. Сен құрбақа не­ме­се бүйі болсаң да, талант сені өз­­гелерден оқшау етеді, көп адам­ға сен құрметтісің, талантқа көп нәрсе кешірімді. Білімді ортада өзіңді жайсыз се­зінбеу үшін, ортаңғол болмау үшін, одан азап шекпеу үшін те­рең білімді әрі тәрбиелі болу қажет. Талант сені өнерпаздар ішіне алып келді, сен сол ортаға тәуелдісің. Айт­пағым, дене тоғышар, өсуші шы­бық, төмпешік сынды бір тілім ғана. Оны жеңу қиын, өте қиын. Менің пайымдауымша, тәрбиелі адамдар келесі қағидаларға сай келуге тиіс». Жазушы осылайша тәр­биелі адамдардың адамшылық тармақтарын айтады. Сол арқылы бауырын ізгілік сәулесіне бау­лу­ға күш салады. «Олар адамдық қа­ғи­даларға құрметпен қарайды, сон­дықтан да әрқашан қамқор, жұм­сақ, сыпайы. Әлдебіреумен өмір сү­реді, бұл үшін шағым жасамай­ды, ал кетсе, «сізбен өмір сүру мүмкін емес!» деп айтпайды. Олар шуды да, суықты да, ащы мен тәттіні де кеше біледі, бас­қалармен байланыста ғұмыр ке­шеді. Екіншіден, олар қайыршы үшін де, мысық үшін де рақымды. Олар әрбір дене үшін жаны ауырады, не болса да жай көзбен қа­рай алмайды. Үшіншіден, олар өзгенің дүниесіне құрметпен қа­рай­ды, қарызы болса қапысыз тө­лейді. Төртіншіден, олар ақ пе­йілді, өтіріктен от көргендей қор­қады. Олар, тіпті болмашыға да өті­рік сөйлемейді. Тыңдаушы үшін тәрбиелі адамдардың не айт­қанын көзі айтып тұрады. Олар құбылмайды, әлектенбейді, кө­шеде өзін үйдегідей ұстайды, туыстарының көзінше ішімдік ұста­майды. Олар бөспейді, өзінен бірдеме сұрамайынша ашылып сөйлемейді».

Чеховтың тәрбиелі адамға берген бағасы күллі адамзаттық қа­ғидаларға сәйкес келеді. Тіпті қазақ баласы да бойына сіңіріп, өз мәдениетіндей қабылдай алады. Жазушының бір ұлттың ғана емес, барша адамзатқа ортақ өнер тудырғанының бірден бір дәлелі осы болса керек. Иә, Чеховтың пьесалары әлемде Шекспирден кейінгі театрларда ең көп қойы­ла­тын туындылар деседі. Мұның сыры, жазушының дүние тұрған­ша тұратын мәңгілік тақырыптар­ды қаузай білуінде. «Бесінші­ден, тәр­биелі адамдар басқаға «көмек» болу үшін өзгені қорламайды. Олар өзгені әлпештеп сөйлейді, басқа­ның жан дүниесімен ойнамайды. «Мені ешкім түсінбейді!» деп айтпайды. Алтыншыдан, тәрбие­лі адамдар бос кеуде емес. Олар жасанды бриллиантпен айналыспай­ды, атақты адамдармен таныс бол­са да, масайрамай, танымалды­лық­ты әріптесіне береді. Жетіншіден, олар өзі шынымен талант болса, та­лантын құрметтейді. Ол үшін әйелді де, шарапты да, өткінші өмірді де құрбан етеді...»

Чеховтың хаты бір ғана ағасы­на емес, күллі талантты адамдар­ға жазылған бірегей хат. Қайбір өнер адамы Жаратқаннан беріл­ген дарынды дарақылыққа емес, ел игіліне жұмсаса игі. Әйгілі жа­зушының негізгі ниет ұшқыны да осыған тіреледі.