Құрылтай • 24 Шілде, 2024

Келеңсіз іс-әрекетке тосқауыл болатын заң

93 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөз етілген 5 заң қабылданды. Бұлардың ішінде әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі, есірт­кі мен вейп саудасы және ономастика мен геральдика жөніндегі заңдар бар. Міне, таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.

Келеңсіз іс-әрекетке тосқауыл болатын заң

фото: ratel.kz

Президент луломанияны бас­ты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. «Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш», дей келе Мемлекет басшысы азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою жұмысын күшейтуді қажет екенін қадап айтты.

«Amanat» партиясы фракция­сының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзір­ленді. Парламентте қаралып жат­қан сол жобаны осы сессияның соңы­на дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, оның ішінде, Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді қабылдады. Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын енгізді.

Заң арқылы халықтың ойын­ға тәуелділігін төмендетуге бағыт­талған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілді. Енді мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектеледі. Жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі де анықталған.

Заңның маңызды жаңалық­тарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым
салады.

Букмекерлік кеңсенің орналас­қан жерінде, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекерлік кеңсе­лер ғимараттарының сыртқы жарнамасына, букмекерлік кеңселерді бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға ты­йым салынады. Букмекерлік кеңсе­лердің жарнамасын таратқан жағ­дайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған.

Онлайн-казино ұйымдасты­рушылары екі жылға дейін бас бос­тандығынан айырылумен бай­ла­ныс­ты қылмыстық жауап­­кер­шілікке тартылу қаупі бар. Бұдан өзге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға сәйкес енді электронды лотерея билеттері тек ресми интернет-ресурс немесе лотерея операторының мобильді қосымшасы арқылы сатылады. «Lotomatic» терминал­дары мен лото клубтарының қыз­метіне ты­йым салынды.

Лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ұйым­дарда, білім беру, денсаулық сақ­тау, діни ғимараттары мен құры­лыстарында, білім беру және ден­саулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салы­нады. Бұл да біткен үлкен бір жұмыс әрі жеңіс. Себебі дәл осы заңға қарсы болған небір лоббистік топтар болды.

Дәулет Мұқаев,
Мәжіліс депутаты