Саясат • 24 Шілде, 2024

Ауыл шаруашылығын дамытудың басымдығы

82 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Сондай ақ күн тәртібінде ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту бойынша қабылданған іс-шаралар талқыланды.

Ауыл шаруашылығын дамытудың басымдығы

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Медициналық мекемелердің құрылысы пысықталды

Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдағы медициналық көмек­тің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту бойынша қойған міндеттерінің орындалуы туралы Денсаулық сақтау ми­нистрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елде 99 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынған еді. Ал биыл 556 медициналық және фельдшерлік пункттер, сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген. Қазір 322 нысанда құрылыс-монтаж жұмысы басталып, 3 нысан пайдалануға дайын болған.

Бұл ретте ведомство Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік сараптама қорытындысының негізінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, байланыстыруды толық аяқтады. Ұлттық жобада іске асырудың барлық кезеңінде 655 алғашқы МСАК нысанының құрылысы қарастырылған. Сондай-ақ 32 орталық аудандық аурухананы жаң­ғырту жоспарланған. Қазір 10 нысанда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2 ме­дициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жасалған.

Соңғы екі жылда 152 денсаулық сақтау нысанында 656 медицина қызметкері жұ­мысқа орналастырылды. Десе де Ұлт­тық жоба шеңберінде кадрларға жалпы қажет­тілік 1 100 медицина қызметкерін құрады.

Кестеден артта қалу және ауылдық аумақтарда МСАК объектілерін салу бо­йынша жұмысты күшейтіп, тағы да жандандыру қажеттігі айтылды. Мәселен, жыл соңына дейін денсаулық сақтау ұйымдарының басым көпшілігі Қарағанды облысында салынуы тиіс. Бұл ретте іске асыруға жоспарланған 78 нысанның тек үштен бірінде ғана құрылыс жұмысы басталған. Жетісу облысында объектілердің тек 75%-ы бойынша құрылыс-монтаждау жұмысына шарт жасалды. Премьер-министр осы жылы аяқталатын ұлттық жо­ба­ны іске асыру Үкіметтің басым міндет­тер­інің бірі екеніне назар аударды.

Президенттің ауылдық аумақтарда медициналық ұйымдар салу жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесі осы жыл­дың ақпан айында қаралды. Бар­лық жо­ба­ның жобалық-сметалық құжаттама­сы­на мемлекеттік сараптама аяқталды, мер­дігерлер анықталды, жұмыстар бас­талды.

«Әкімдіктер барлық нысанның құры­лыс жұмысын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін күнделікті бақылауды күшейтуі керек. Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Жетісу және Алматы облыстары әкімдерінің назарын осыған аударғым келеді. Құрылыс маусымы, әсіресе солтүс­тік өңірлер үшін тез аяқталатынын ескеру қажет. Барлық объекті белгіленген мер­зімде пайдалануға берілуге тиіс. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының нормативтік талаптарының сақталуын да қамтамасыз ету керек», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы көпсалалы аудандық ауруханаларды жөндеу жұмыстарын жал­ғас­тыруды және денсаулық сақтау ұйым­дарын сапалы жарақтандыру үшін қажетті медициналық жабдықтардың тізбесін қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Ұлт­тық жобаны іске асыруға 60,3 млрд теңге бөлінгенін, оның 21 млрд теңгеден астамы өңірлерге берілгенін еске салды. Қал­ған нысандарды қаржыландыру қосымша пысықталып жатыр. Осы мәселені шешуді жеделдету үшін бейінді ведомстволарға тиісті тапсырма берді. Денсаулық сақтау министрлігіне нысандардың құрылысы аяқталғанға дейін тұрақты түрде нысан басына барып, құрылыс барысына мониторинг жүргізуді міндеттеді.

Диқанды қаржылай қолдау артты

Отырыста ауыл шаруашылығы өнім­де­рін ұлғайту бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланып, диқандарға көрсетілетін бірқатар нақты көмек түрлері пысықталды. Ол бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әңгімеледі. Бес жылда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есе ұлғайту бойынша Президент тапсырмасының, саладағы Жол картасы іс-шараларының орындалу барысы туралы айтты.

Оның мәліметінше, биылғы 6 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ға артып, 1,6 трлн теңгені құраған. Мал шаруашылығы өнімі­нің нақты көлем индексі (НКИ) 103,5%, өсімдік шаруашылығының НКИ-і 103%-ға жеткен.

«Біздің жұмысымыздың маңызды бағыты – 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасының сапалы әрі уақтылы орындалуы. Мұнда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру көзделген. Биыл бұл жоспар 111%-ды құрайды. Алты айдың қорытындысы бойынша өсім 103%-ды көрсетті. Дегенмен өсімдік шаруашылығының тиімділігін күзде көретін боламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ете отырып, экспортты да дамытуы керек. Үкімет осыған қажетті барлық ресурстарды бөледі. Ауыл шаруашылығын дамыту – менің жеке бақылауымда тұратын басым бағыт», деді О.Бектенов.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, Жол карта­сының индикаторларына қол жеткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Елдегі жалпы егіс алаңы биыл 23,8 млн гектарды құрады. Биылғы әртараптанды­ру жоспарларына толық қол жеткізілді. Мәселен, бидай алаңы 450,3 мың гектарға қысқарды, майлы дақылдар 608 мың гектарға, қант қызылшасы 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп қажет ететін дақыл алаңдары – күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға азайтылды.

Қызылорда облысында Жол картасын орындаудағы оң нәтижелер атап өтілді. Өңірде күріштің егіс алқаптарын азайту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша индикатор асыра орындалған. Облыс минералды тыңайтқыштарды енгізуге қатысты жоспарды да 100%-ға орындап шықты.

Саланы қолдау мақсатында шаруалар үшін биыл қаржыландыру арналары, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту есебінен барынша кеңейтілді. Қаржы институттарын тікелей субсидиялау және агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру мүмкіндіктері енгізілді. Үкімет басшысы диқандарды жеңілдетілген қаржыландырумен қамтуды, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қамтуды 100%-ға дейін жеткізу қажеттігін атап өтті.

Биыл көктемгі егіс жұмыстары мен ауыл шаруашылығы техникаларының ли­зин­гіне ауқымды қаражат бағытталды. Жеңіл шарттармен кредит беру көлемі бірін­ші рет 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұ­ған дейін бұл көрсеткіш 180 млрд теңге­ден асып көрмеген. Қабылданған шара­лар егіншілердің барлық қажетті агро­техникалық іс-шараны толық көлемде жүргізуіне мүмкіндік берді. Бұл рет­те диқандар пайдаланатын элиталық тұ­қым­дардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өсті.

Алты айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласына 410 млрд теңге инвестиция тартылды. Биылға жоспарланған көлем – 1,7 трлн теңге. Үкімет басшысы басымдық берілген инвестициялық жобалардың іске асырылуына сапалы мониторинг пен бақылау қажет екенін айтты.

Былтыр 679 мың тонна тыңайтқыш енгізілсе, бірінші жартыжылдықта фермерлер 1,1 млн тонна сатып алды. Үкімет басшысы минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін жыл сайын 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу қажет екенін еске салды. Премьер-министр болашақ егіннің түсімі дер кезінде қабылданған шегірткемен күрес шараларына тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол үшін республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Үкімет резервінен қосымша 3,9 млрд теңге бағытталды. Зиянкестерге қарсы химиялық өңдеуге 400-ден астам арнайы техника тартылды. Бүгінгі таңда өңірлердің көпшілігінде бұл жұмыстар сәтті аяқталды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Шегірткенің таралуына жол берілген жоқ.

Егін жинау кезеңіне дайындық шеңберінде облыс әкімдіктеріне егін орағы басталғанға дейін астық қабылдау кәсіпорындарының жаңа өнімді қабылдауға толық дайындығын қамтамасыз ету және АҚК үздіксіз жұмысын ұйымдастыру тапсырылды.