Тағзым • 24 Шілде, 2024

Алматыдағы Дінмұхамед Қонаевқа арналған мұрал

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған мұрал салынды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыдағы Дінмұхамед Қонаевқа арналған мұрал

Қаланың Алатау ауданындағы Бауыржан Момышұлы мен Мөңке би көшелері қиылысындағы 15-үйдің қабырғасына мұралдың салынуына «Дінмұхамед Қонаев» атындағы халықаралық қордың белді мүшесі Қалдарбек Смайылұлы мұрындық болып, қабырға суретіне жұмсалған қаражатты да өз қалтасынан шығарған.

Ол мұрал салуды біраз жыл бұрын жоспарлағанымен демеушілер табылмай, қомақты қаражат жиналмағандықтан жүзеге асуы оңайға соқпаған. Мейіржан Отыншиев есімді азамат үй керегесін өрнектеуге жергілікті әкімдіктен рұқсат алып беруге көмектессе, Қ. Смайылұлы оның эскизін, қалай салынатынын отбасымен бірге ақылдасып шешкен.

Айта кетейік, сегіз баланың әкесі Қалдарбек Смайылұлы аталған игі іске дейін заңғар тұлғаның бейітін тазалап, қоршауын сырлап, оны бүтіндегені, кітабын қайта басқызғаны, Д.Қонаевқа арналған аламан бәйгеге өзінің автокөлігін тіккені, өз қаражатына еркін күрестен турнир өткізгені әлі күнге ел есінде.

Қ.Нұрданбекұлы

Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ даламызда көптеген өндіріс орындарының есігі ашылып, ірі құрылыс ғимараттары салынғаны мәлім. Мұралда сол кезде бой көтерген 43 қаланың әрбірі жеке атаумен айшықталған екен және елін сүйген біртуар тұлғаның нақыл сөзі жазылыпты. 

Суретті өз ісінің шебері Жәнібек Жұмағалиев бейнелеген. Ені – 15 метр, биіктігі – 12 метрлік мұрал 5 күн ішінде салынған екен.