Музыкалық кештің алғашқы күні вокалдық бөлігінде сопрано дауысты қос әнші сахнаға шықпақ. Атап айтсақ, олар – Италияның Пезаро қаласында Джоаккино Россини атындағы консерваторияда білім алып жатқан Айым Асқар мен Н.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясының студенті Марта Набатова.
Әртістер В.А.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсынан Сюзаннаның ариясы, Дж.Пуччинидің «Богема» операсынан Мимидің ариясы, Ц.Кюидің «Сарацин» операсынан Аньесаның ариясы, Э.Вилла-Лобостың «Сезімтал әуен» сынды әлемдік классика жауһарларын орындайды. Көпшілік ұнататын ұлттық туындылар М.Төлебаевтың «Бақыт вальсi» мен О.Сүлейменовтің өлеңіне жазылған Ғ.Жұбанованың «Из травы я взлетела...» романсы шырқалады.
Көптеген вокал байқауының, оның ішінде «Қазақстан жастарының 100 жаңа есімі» республикалық байқауының лауреаты Марта Набатова «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» топтамасы аясындағы екінші рет өнер көрсетейін деп отыр. Танымал жоба Отанға жиі келе бермейтін әнші үшін туған жерде өнерін паш етуге, профессорлармен бірге атқарған тыңғылықты жұмысын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік екені анық.
«Репертуарымыздың барлығын дерлік туған жерден жырақта орындап жүргендіктен, аталған концертті өз шығармашылығымды тыңдармандарға сүйікті театр сахнасында таныстыру мүмкіндігі деп білемін, өйткені «Астана Операның» керемет акустикасы мен интерьері сондай шабыттандырады. Өнер көрсету бағдарламасын дауысыма қарай және көңілімнің қалауы бойынша таңдадым. Себебі музыка – бұл ең әуелі адамның жаны, мен үшін осы критерий маңызды. Бағдарламама соңғы семестрлерде қосылған Мими мен Аньесаның арияларын қатты жақсы көремін. Дауысты барлық диапазонда толтыру және кантилена сынды вокал талаптары бар болғандықтан, бұл ариялар айтарлықтай күрделі», дейді Марта Набатова.
Вокалистермен бірге сахнаға дарынды аспапшылар да шығатынын атап өтейік. Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясынан флейташы Камиля Исмагулова, саксофоншы Ажар Раимхан мен пианист Айша Раимхан, Санкт-Петербург консерваториясынан – пианист Мария Шавтельская, ал П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясынан – тромбоншы Нұрғалым Серікжан және осы консерватория жанындағы Академиялық музыкалық училищеден скрипкашы Аделя Дүйсенбай арнайы келді.
Бұл кеште шебер ансамбльдік орындаушылық өнерді тыңдармандарға скрипкашы Диана Аблаева (Н.Г.Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясы), виолончельші Илхам Аимбетов (Мәскеу консерваториясы) және пианист Жанна Здорнова (Қазақ ұлттық өнер университеті) сынды аспапшылардан құралған фортепианолық трио ұсынады.
Жас әртістер туған жерде өнер көрсету үшін дайындаған мазмұнды әрі сан алуан бағдарламаға аспаптық жанрдың танымал классикалық шығармалары енді. Оның ішінде С.Рахманиновтың Фортепианоға арналған «Музыкалық сәттері», ор. 16 №1, 2, 6 және Фортепиано, скрипка және виолончельге арналған №2 элегиялық трио, ре минор, op. 9, 1-бөлім, С.Прокофьевтің Фортепианоға арналған №3 сонатасы, ля минор, ор.28 және А.Вайненнің Рапсодия, 2 және 3-бөлімдері бар.
Ал «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» екінші концерті аясында 2 тамызда келешегінен үлкен үміт күттіретін аспапшылар – АҚШ-тағы Carnegie Mellon University-ден перкуссионист Айдар Фазылов, Мәскеу консерваториясынан скрипкашы Диана Мақажан мен пианист Батырхан Сүлеймен, В.Янковский атындағы Новосібір арнайы музыкалық мектебінен фаготшы Абылай Жұмаке, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының музыкалық училищесінен пианист Радия Оразалинова мен флейташы Афина Мавиди классика іздеген қауымға өнер көрсетеді. Фортепиано партиясын Меруерт Жекенова, Ляззат Кенжина орындайды.
Аталған жоба – шетте жүрген еліміздің жас орындаушыларын қолдауға бағытталған. Жас өнерпаздарға қолдау көрсетіп, көрерменмен қауыштыру – осы театрдың игі істерінің бірі деп білеміз. Әрине, мұндай бастамалардың келешегі зор әртістерді дамытуға, танытуға ықпал етері сөзсіз. Бұл жоба арқылы өнер жолын енді бастап жатқан дарындар көпшілікті өз шығармашылығымен қуантып қана қоймайды, сонымен қатар отандастарымен кездесуден өздері де шабыттана түседі. Өйткені ұзаққа созылған қарқынды оқу жылынан кейін әр жаз сайын бұл жастар үйлеріне өз елінің көрермендерін көруге және оларға өз жетістіктерін көрсетуге деген құлшыныспен асығады.