Оқыс оқиға 1989 жылдың 22 мамырында Семей қаласындағы №35 қатаң тәртіпті сотталушыларға арналған түзеу мекемесінде болған. Өскемен қаласындағы 6638 әскери бөлімінің Үгіт және насихат бөлімінің аға нұсқаушысы майор Александр Романов сол күні жұмыс сапарымен Семей қаласындағы түзеу мекемесін қадағалауға барған. Әдеттегідей күн тәртібіндегі кестеге сәйкес тексеріске келген әскери қызметкер осылайша оқыс оқиғаның үстінен түскен. Әйелдерді кепілге алғандар сұраған заттарын өздері межелеген уақытта әкелмесе, кепілге алған әйелдерді шетінен өлімші етеміз деп айғайлап жатқан. Әскери қызметшілер тиісті уақытта жазасын өтеушілердің сұраған заттарын әзірлеп, түзеу мекемесінің алдына көлікті қояды. Өйткені іс насырға шаппауға тиіс. Олар үшін алдымен кепілдіктегі алты адамның бір тал шашы түспегені маңызды. Алайда бәрі олар ойлағандай болмады. Кенет кепілдіктегі бір әйелдің жанұшыра қиналып шыңғырған даусы естілді. Айналасынан көмек сұрай айғайлаған дауыстардан 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылғандардың зорлық-зомбылық әрекетке көшкендерін аңғару қиын емес еді.
Әскерилердің шарасыздығын сездіру үшін қылмыскердің біреуі кепілдегі әйелдің кеңірдегіне пышақ тақап «Сендерді қанға тойғызамын», деп баж ете қалды. Осының алдында ғана қандықол қылмыскерлер бір әйелді келмеске жіберген. Арнайы топ қарақшылардың құрсауындағы басқа жұмысшылар жантәсілім етпей тұрғанда жедел шара қолданбаса болмайды. Арнайы топты бастап, жазасын өтеушілер жасырынған бөлмеге алдымен майор Александр Романов еніп кетеді. Бұл мезетте жазасын өтеушілерге қарсы құрылған бір уақытта басып алу тобы бірден іске көшкен. Тапаншамен қаруланған арнайы топты бастаған майор Александр Романов есікті сындырып, тосқауылды талқандауға кіріседі. Әйтсе де әккі қылмыскерлер де әскерилерге қарсы шабуыл жасайды. Минуттар арасындағы адам көзі ілеспес жылдамдықта болған жанталаста қаныпезерлердің көзі толығымен жойылады. Өкінішке қарай, бұл текетіресте Александрдың да жүрегіне қанжар сұғылады. Орда бұзған отыз жасында оралмас сапарға аттанған офицердің осындай көзсіз ерлігін бүгінде біреу білсе, біреу білмес.
Өзгелердің өмірін аман сақтап қалу үшін өз басын қатерге тіккен әскери қызметкердің ерлігінің арқасында тұтқынға түскен төрт әйелдің денесіне сызат түспей, дін аман қалады. Қалғаны ауыр жарақат алып, медициналық көмек көрсетілді. Жұмысшыларды қаніпезерлер құрсауынан босатып, жан алып, жан беріскен Романов «Қызыл Жұлдыз» орденінің иесі атанғанын білмей кетті. Бірақ оның көзсіз батырлығын әріптестері ешқашан ұмытқан емес.
Офицер Өскемен қаласында өмірге келген. Төрт баланың ішінде елгезек болып өскен ол мектепте белсенділігімен көзге түседі. Шаһардағы №18 мектепте білім алған ол математика пәнін тереңдетіп оқиды. Әкесі қарапайым шаруа иесі болғанымен, балаларына білім мен тәрбие беруді бірінші міндеті деп білген жан екенін әпкесі айтып берді.
– Александр кішкентай күнінен бауырмал еді. Әсіресе анамның көңіліне қарап, қабағына кірбің түсірмеуге тырысатын. Ресейдегі Новосібір жоғары әскери-саяси жалпы әскери училищесінде оқып жүрген шағында анамызға хат жазып, күн сайын хал-ахуалынан хабар алып тұруға уақыт табатын еді. Қызметке тұрған шағында көк «Жигулиімен» шығыстың көрікті жерлеріне саяхат құрғанды ұнатты. Іні-қарындасқа қамқор болып, шағын әулеттегі ауызбіршіліктің ажырамас нышанына айналды. Қаралы хабарды естігенде төбемізден жай түскендей болды. Әсіресе құсаға батқан анамыз жарты жылдан кейін дүниеден озып кетті. Осы кезде қазақ халқының «Аталатсаң аталат, боталата көрме» дегенін жан жүрегімізбен түсіндік. Шынында бейбіт күнде бауыр еті баласынан айырылу ата-ана үшін ауыр қасірет екен. Бауырымды жер қойынына табыстар сәтте кісі қарасы қалың болды. Әсіресе жалғыз інімді ақтық сапарға шығарып салуға әскерилер көп келді. Бұл менің інімнің әскери саладағы абыройлы еңбегі деп ойлаймын. Қазір де Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ағамның ерлігін ешқашан ұмыт қалдырған емес. Өңірлік қолбасшылыққа қарасты Өскемен қаласындағы әскери бөлімдер салтанатты шаралардың құрметті қонағы ретінде бізді үнемі шақырып тұрады. Біздің ендігі арманымыз, бауырымның есімі өзі оқыған мектебіне берілсе дейміз. Өйткені өскелең ұрпақтың бойындағы отаншылдық сезімді өршіту үшін өзгелер үшін өз өмірін қиған қызметкердің есімі ұлықталса игі, – дейді Анна Суханова.
Бүгінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінде офицерге арналған мемориал тақта бой көтерген. Ескерткіш тақтада Романовтың өмірбаяны мен суреті бейнеленген. Әскери бөлім командирінің орынбасары майор Саибжан Сагдуллаевтың айтуынша, мемориал тақтаның мерзімді әскери қызметшілерге берері көп.
– Романовқа қойылған мемориалды тақтаны зерделей оқып-танып, офицердің ерлігіне тағзым етуге келетін жандар көп. Сондай-ақ Отан алдындағы борышын атқаруға келген сарбаздар да Романовтың өмірінен тағылым алып, өнеге тұтады. Олар да отыз жасында қаза тапқан азаматтай ерлік жолында жанын берер асқан батылдық иесі атанғысы келеді, – дейді 6699 әскери бөлім командирінің орынбасары майор Саибжан Сагдуллаев.
Ал майор Романовтың қаруласы болған отставкадағы капитан Петр Артюшкиннің өз айтары бар. Оның айтуынша, Александр жауынгерлік қызметтегі жоғары жетістігінен бөлек, спортта да едәуір белестерді бағындырған екен.
– Ол кезде Александр 6638 әскери бөлімінің Шемонаиха ауданында орналасқан 5 ротада командирдің Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Ол жақта қыс мезгілінде қар қалың жауады. Сондықтан болар қысқы спорттық ойындардың өтуіне зор мән беріледі. Менің қаруласым шаңғымен сырғанауға жаны құмар еді. Құдды олимпиадаға қатысатын спортшылардай алдына жан салмайтын. Бұл оның физикалық белсенділігін ғана емес, сонымен қатар қимыл-қозғалысты үйлестірудің, тепе-теңдікті сақтаудың асқан шебері екендігін айқындап беретін. Ол дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шаңғы жарысында бәрімізден оқ бойы озып шығып, мәре сызығын үнемі бірінші болып кесетін. Одан кейін шаңғыға аңсары ауған әскери қызметшілер Александрдан шаңғымен сырғанаудың қыр-сырын үйренуге ұмтылды. Бұл топтың ішінде мен де бармын. Ол бізге ылдиға қарай тура және қиғашынан сырғанау техникасын көрсетті. Біз шаңғымен жұлқи және сермей сырғанағанды жақсы көрдік. Бұдан қалса грек-рим күресіне де бейімі бар еді. Жалпы, Александр Романов біздің есімізде өз еліне қалтқысыз қызмет еткен нағыз офицер ретінде қалды, – дейді Петр Артюшкин.
Офицер үшін жауапкершілік – ең басты қасиет. Әріптестерінің сөзінше, Александр бір қарағанда әскери формадағы қатаң тәртіпке бағынатын қызметкер секілді көрінетін. Алайда табиғатынан тұйық жан болғанымен, өзгелерге әрдайым көмек қолын созып, кез келген жанмен оңай тіл табысып кететін қасиеті де көп еді. Тіпті адамның ішкі дүниесін ақтарып, сыралғы жанға айналуы тез ол төбе танытқан ортада Отан, абырой, парыз, жауапкершілік пен патриоттық сезімі, туған елге деген сүйіспеншілік секілді маңызды тақырыптар жиі қаузалатын.
Содан да болар, бүгінде Александр Романовтың ерлігі ғана емес, оның бойындағы дара қасиетін де үлгі ететін жас жауынгер көп. Әсіресе «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының түзеу мекемесін күзететін мерзімді әскери қызметшілер басқалар үшін басын бәйгеге тіккен жауынгердің асқақ рухы мен батыр болмысына тағзым етіп, кез келген оқыс оқиғада ұтқыр ой мен батыл қадам жасауға дағдыланып жүр.